«Қазақпыз ғой» деген сөз тамырымызға балта шауып жатқан жоқ па?

«Қазақпыз ғой», «Өзіміз ғой», «Жақсымызды асырып, жаманымызды жасыра білейік» деп жиі айтамыз, иә? Былай қарасаң тым жақсы сөздер. Жақын тартатын, тіпті туыстыққа жақын сезімді оятататын секілді.
Ал шындығында ол солай ма? Өз басым бұл әбден мезі болған сөздерді қолданудан тартынам. Себебі жақсылығынан гөрі кесірін көбірек көрем.
Сіздер де зиянын күнде көреп жүрсіздер. Мәселен көлікпен жол ережесін бұзғанда ГАИ инспекторы тоқтата қалса, «өзіміз ғой» деп, 5-10 мың теңге парамызды алақанға қыстырып, алдынан жүгіріп шығамыз.
Арақ-шарап ішіп ұсталсақ та «Қазақпыз ғой» деп кешірім сұрап босатуын сұраймыз. Жұмысқа кешігіп барсақ та, тапсырманы уақытылы орындамай қалсақ та, қазақ екенімізге басамыз, түсіністікпен қара деп жалынамыз.
Ол да ештеңе емес-ау. Майда-шүйда дер едік. Бірақ осы тәрізді қатынас басқа да, одан да жоғары деңгейге өтіп кетті емес пе. Біреулер «өзіміз ғой» деген сиқырлы сөз арқылы таныстықпен не туыстықпен жақсы қызметке орналасады, екіншілері пара алып айыпты болса да, судьяға кіріп «қазақпыз ғой» деп айта алатын таныс іздейді.
Және бір қызығы, міндетті түрде табады ғой ондай танысты. Жемқорлықты да «ұрласа, өз қазағымыз ұрлаған екен» деп қарайтындар бар.
Қалай, қашан басталды осы тәрізді қатынас? Дүниеде сүйекке таңба түсер абыройсыздықтан, ел алдында масқара болудан зәредей қорқатын қазақ едік қой.
Бәлкім, осылай жақсыны тым асқақтатып, жаманды барынша жасыра бастаған кезден басталған болар? Бәлкім содан болар біздің қоғамның осындай күй кешіп жүргені?
Кезінде бірінің үстінен бірі домалақ арыз жазып, соның кесірінен мыңдаған жазықсыз адам атылып кетсе де, әлі күнге дейін сол арамзалардың аттарын атап, түсін түстемейміз.
Аяймыз, жанымыз аши қалады. Ұрпағына обал ғой дейміз. Бәлкім осымен жетер жалпақ шешей болғанымыз?
Мүмкін керісінше, жасаған опасыздықтарын беттеріне өмір бойы басар болсақ, сонда ғана тартынатын болар адамдар?
Бәлкім сонда біз біреуге қиянат жасар алдында мың рет ойланатын болармыз?
Бәлкім сүйекке таңба болып басылатынын, ұрпағымыз, туған-туыстарымыз, бүкіл руымыз өмір бойы жерге қарап өтетінін білгенде барып доғарармыз пара алып, қазына тонағанды, заңды белден басып бұзғанды, бір-бірімізді аяқтан шалып таптағанды?
Мүмкін сол жаманды жасырып бағатын әдетімізден шығар бар пәле?
Мұхтар ТҮМЕНБАЙ, қоғам белсендісі.
Facebook жазбасы.
Фото көрнекілік үшін.