«Қазақстаннан шыға алмай, 3 әріптесіміз өлді, ал біз 28 күн бойы кезек күтіп жатырмыз» деген жүргізушілер Түркиядан көмек сұрады (ВИДЕО)
Қазақстанның «Құрық» кеденінен өте алмай тұрған түркиялық жүк тасушылар тікелей эфирге шығып, шағымын жеткізді деп жазады Democrat.kz.
Түркияның Halktv арнасындағы тікелей эфирге шыққан түркиялық жүк тасушы жүргізушілер Қазақстаннан 28 күннен бері шекарадан шыға алмай отырғандарын айтты.
«Бүгін міне, 28 күн болды. Дәл қазір 40 жүргізуші жанымда тұр. Жалпы санымыз 1000-нан астам көлігіміз қаңтарылып тұр. «Құрық» кеден бекетінен өте алмай фураларымыз қаңтарылып тұр. Осы күн ішінде арамыздағы үш кісі жүрегі сыр беріп, ажал құшты. Бізден кейін кезекке тұрған Қытай фураларын бізден бұрын жіберіп жатыр. Ал біз қаңтарылып бір айға жақын уақыт бойы кезегімізді күтіп жатырмыз» деген «Қара жол тасымалы» қоғамдық ұйымының төрағасы Бюлент Токюрек Түркия мемлекетінен жәрдем сұрады.
Мұнан бөлек, жүргізушілер бұл кеден бекетінен кедергісіз өтіп жатқан Қытай фуралары пара беріп өтіп жатыр деген күмәнін жасырмады.
Фото видеодан скринделіп алынды.