Қазақта тойдың түрі күн санап көбейіп барады

0
624

Қазақ болу қымбат. Құдайға асылық болмасын. Бірақ, қазақта қазір не көп, той көп. Тіпті жыл өткен сайын тойдың түрі көйбейіп бара жатыр.

Бұрындары ел үйлену тойын жасайтын. Болды.

Қазір адам туғаннан өлгеніне дейін той болып кетті.

Шын мәнінде тойшыл қазаққа айналдық.

Қазақ өмірінің мәні – той беру мен тойға қатысу болып барады.

Тойға қатыспайтын кей қазақ елден саяқтап, ортадан алыстап, өзін жатбауырлау сезінетін хәлге түсіп отыр.

Қайтпек керек?

Қыруар қаржы мақтангершілікке шығын болып, ел қарызға кіріп барады.

Тым даңғойланып кеттік.

Қазір қызбен танысып, сөз салу да шығын. Арнайы локация, жалдамалы сурет/видео, сценарий, ивент агенттіктер…

Тәтті шәй

Қыз ұзату

Құдалық. Тарту-таралғы

Үйлену тойы. Ас-ауқат жарайды-ау…Қымбааат тойханалар, гонарары қымбат ивент агенттік қызметтері, әнші-бишілер, өнерпаздар. Тойға келгеннің бәріне сый-сияпат (бұл да өзі жарысқа айналып барады). Масқара ғой.

Құрсақ көтеру, жынысын анықтау

Шілдехана, бесік той, тұсау кесер, сүндет той…кете береді. Бұның бәрі қазір тойханаларда өтеді. Қыруар шығын.

Одан мерейтойлар қаптады. Бұрындары 50 жас, 60 жас, 70 жас, 80 жас сияқтылар бар еді…енді оған 40 жас қосылды. Оған 63-те зейнет той қосылды. Қыруар шығын. Несие, қарыз….

Қаптаған гәптер ( алтын сандық, сырласу, басқосу, черная касса…не деп атасаңыз да). Көршілермен, кластастармен, группаластармен, достармен, ұжымдастармен…кете береді. Бұл да шығын, әуре-сарсаң.

Бұл жерде жазылмаған қаншама жиындар бар. Біреуі бітсе екеншісі, оны атқарсаң үшіншісі дайын. Тойлап жүре бер.

Тойдан қол босай қалса үлкен тойханаларда өтетін ас та төк құдайылар, ас-сулар, ауызашарлар мен еске алулар бар.

Әрине, әркімнің өз қаржысы. Өз уақыты. Өз ниеті ғой. Бірақ, бұл бір даңғазалық пен мақтангершілікке құрылған дәстүрге айналып барады.

Қарызға батқан қазақтың қызығын тойханалар, өнерпаздар, ивент агенттіктер мен банктер көріп отыр.

Бұны бір ретке келтірмесе болмайды-ау.

Көгалды қуып гүләйттап, дастархан мен дәретхананың арасын жол қылатын ойсыз ұрпаққа үлгі болып барамыз, ағайын….

Қазақ болу қымбат болып кетті ғой.

Жұрттың қылғанын қыла алмай, көшке ілесе алмай қалған жатақтың күйін кешіп жүрген қанша қазақ бар.

Бірдеңе істеу керек.

Қазақтың тойы бітпесін дегендер, негізінен сол қазақтың үстінен жеңіл жолмен күн көріп жүргендер.

“Бардың малы шашылып, жоқтың арты ашылып жатыр”, – ағайын!

Ой қосыңыздар.

Ербол СӘБИТОВ, қоғам белсендісі.

Фото көрнекілік үшін.