“Қазақтың әйелдеріне не көрінді?” деп таңғалуда шетелдіктер

0
506

Қазақстанда дарақылықтың шегінен шыққан бір тренд пайда болды. Күйеуінің туған күніне тоқал сыйлайтын әйелдер жарысқа түскендей, жалбаң қағуда. Біздегі бұл сорақы жағдайға алыс-жақын шетелдегі азаматтар әрі таңырқасып, әрі мазақ етіп күлуде деп жазады Democrat.kz. ақпараттық порталы.

Күйеуіне тоқал сыйлағыш әйелдердің видеолары Түркия, Әзербайжан,Өзбекстан мен Қырғызстан жұртшылығын әрі таңырқатыпты, әрі күлдіріпті. Мысалы, түркиялық досымыз Зафар Аджар интернеттегі қазақ әйелінің “ерекше сыйлығы” туралы видеоны көріп, жағасын ұстағанын айтады.

“Мен қазақ бауырларымызды күллі түркі әлеміндегі ең сауатты, дінмен санасы уланбаған, түркілердің асыл қанын сақтаған таза ұрпағы деп санайтынмын. Әлгіндей видеоны көргенімде, қазақтардың дінмен санасы шіріп кеткен түріктерден асып түскені ме деп қынжылдым. Әйел құқығын қорғау туралы таңнан кешке дейін айтып жатырмыз. Бізде ғой, әйел дегенді күңнен бетер еткен діни түсінік еді. Ау, қазақтар білімді халық емес пе еді? Мынадай надандыққа қашан жеткен?”,- деп күйінішін жасырмайды Зафар Аджар.

“Біз үшін қазақ қыздары қол жетпес үлкен арман ғой”,- деп сөзін бастаған стамбулдық Барыш Текбудак: “Қазақ әйелдеріне не көрінді? Біздікілер ғой діннің құрсауында қалғаны сонша, өз туысына үйленіп, ұрпағын аздырды. Ал қазақ халқы қанын таза ұстаған текті халық емес пе еді?! Тоқал сыйлау, тоқал деген дүние де сол баяғы діни надандық әрекет қой. Бұл надандық қазаққа қалай жұқты?”- деп таңданысын жасырмады.

Қырғыз бауырымыз Айбек Қошқарбек те әлгі видеоны көріп, ызаланғанын жеткізді. “Жайшылықта тұрмыстық зорлық-зомбылыққа еркекті кінәлі деп жатамыз. Күйеуіне тоқал сыйлаған келіншектен не күтуге болады? Күйеуіне тоқал сыйлайтындай соншалықты қадірсіз бе еді, қазақтың әйелдері? Қырғыз бен қазақтың батыр әйелдерінің арқасында емес пе еді, екі туыс елдің аман қалғаны? Ұят тірлік бұл!”-дейді Айбек бауырымыз.

Осы мәселеге орай заңгер Ләззат Ахатова да өз пікірін білдіріп, құқықтық баға беріп, жазба жариялады. Өзінің Facebook парақшасында заңгер күйеуіне тоқал сыйлайтындарға тосқауыл қою керегін, бұл ҚР Неке және отбасы туралы заңына қайшы әрекеттер екенін ескертіп жазба қалдырған болатын.

Дәл осыған ұқсас пікірді Мәжіліс депутаты, заңгер Абзал Құспан да айтады. Ulysmedia.kz-ке берген сұхбатында ол аталмыш видеоны шетелдіктер көрсеткенін айтып:«Ар-ұят деген адамда болу керек. Біз тек Қазақстанда ғана емес, сол видео арқылы масқара жағдаймен «әлемге шығып кеттік», — дейді ол.

Абзал Құспан қолданыстағы неке және отбасы туралы заңға сәйкес, бұл жағдайларды заңсыз деп есептейді. Яғни, ол заңға сәйкес, Қазақстанда екі әйел алуға рұқсат жоқ. Заңды некеге тек бір ғана әйелді алуға болады. Бірақ бұл үшін заң бойынша ешқандай жауапкершілік көзделмеген. Әкімшілік немесе қылмыстық кодексте ондай жауапкершілік жоқ.

Фото ашық дереккөзден алынды.