«Қазақтың бүкіл салт-дәстүрі исламнан алынған» дейді уағызшы (ВИДЕО)

0
832

Әлеуметтік желіде ұлтын қастерлеген қазақтардың алдында абыройынан әбден айырылған уағызшы Жарқын Мырзатай сәбиді қырқынан шығаруға байланысты өзінің айтқандарын “видеоны кескен” деп тікелей эфирде мәлімдеме жасады деп жазады Democrat.kz.

Уағызшының “видеоны кесті, исламофобтар, тәңкобайлар” дегеніне қарап, расымен Жарқынбек құнды дүние айтып, оны басқалар арандату мақсатында кесіп таратқан болар деп ойладық.

Өкінішке қарай, уағызшы бір сөйлемге сиятын ойын орағытып, алыстан әкеліп, дәл сол видеодағы “сәбиді қырқынан шығару — бала үшін емес, әйелдің жыныстық қатынасқа дайын болуына арналған дәстүр” деген жабайы, дөрекі, сауатсыз пікірін бұл жолы да ешкім кеспеген видеосына тықпалапты.

Ал ең сорақысы, уағызшыға сенсек, сәбиді қырқынан шығару дәстүрін де қазақ исламнан алған екен. Ислам келмесе, бұл қазақтың топырағында жабайы қауым, бұтына жапырақ байлап шауып жүргендей суреттеуді әдетке айналдырған “исламолюб” қауым, қызыл сызықтан шығып кетпеді ме?

Сәбиді қырқынан шығаруды исламнан алсақ, онда неге шариғатта өлген кісінің қырқы берілмейді? Шілдехананы исламнан алсақ, онда неге әлемде исламның кілтін ұстап отырған араб ұлты қазір шілдехана жасап, “тыштырма” жемейді?

Өкінішке қарай, қазақтың бүкіл құнды дүниесінің бәрін исламға жабыстыруды әдетке айналдырған сауатсыздар қауымы — ұлттың жанды жеріне ши жүгіртуді қойып, енді пышақ сұғып ойнай бастады.

Аты бар, атқарған ісі жоқ ҚМБД да, оны басқарып отырған Наурызбай қажы да мынадай білімсіз уағызшыларының аузын жауып, есін жидырмаса, қазақ қоғамының астан-кестеңі шығатын күн алыс емес.

Бүкіл имам-уағызшысы, ниқаб, хиджабтағысы тізе мен кіндіктің арасындағы әңгімеден аса алмай отырып, сол надандықтарынан жерінгендерді “исламофоб, тәңіршілер” дейтін жарқындар мен нұрсұлтандар тұтас мұсылмандарды сүйкімсіз қауымға айналдырып жатқанын ҚМБД білмей отыр ма? Әлде мүфтиятқа да керегі — осындай уағызшылар ма?

Қай дінге қалай сенсең — сен, алайда тұтас ұлттың салт-дәстүріне, әдет-ғұрпына бұлай ауыз салуға, бұлай қорлап, таптауға пайғамбарларың былай тұрсын, аллаһтарыңның да қақысы жоқ.

Қазақтың салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын ұрлап, оны исламға жамап уағыздау — ұрлық. Ал ұрлықтың харам тірлік екенін шариғаттарыңда айтпаған ба? Әлде “аллаһ кешірсін” деп қойып, ұлттың тілін, санасын, шежіресін, мирасын ұрлап отыра беру — мұсылман қауымы үшін қалыпты жағдай болғаны ма?

“Мысалы, баланы қырқынан шығару әр өңірде әртүрлі. Сіздердің өкініштеріңізге орай, түбі бәрі (дәстүрдің — ред.) исламға барып тіреледі. Бір қариядан естідік, қырқынан шығару балаға қатысты емес, әйелдің тазаруына байланысты. Дәл осы бап бар. Бір жерлерде баланы қырқынан шығару ана мен баланың бірге болуы дейді”, -деп видеосында сәби күтіміне тоқталды уағызшы.

“Сондай-ақ баланы қырқынан шығару уақыты — әйелдің тазаруы. Бұл исламнан алынған. Себебі әйел бала босанғаннан кейін ұзағы — 40 күн нифәс болады. Одан кейін тазарған адам болып саналады”, — деген Жарқын тағы бір аты-жөні жоқ қариядан естігенін алға тартып: “Баланы қырқынан шығарудың балаға қатысы жоқ, бұл әйелдің әлгі 40 күндік нифәстән тазаруы “қырқы” деп айтады дейді. Балаға қатысты жағы да бар”, — деп қазақтың сәбиді қырқынан шығару дәстүрін сөз етті.

Әрі айналдырып, бері айналдырып, әңгімені олай да былай үтіктеген уағызшы сәбиді қырқынан шығаруды қазақ исламнан алды дегенмен ойын түйіндеді.

Жарқынның әкесі Мырзатай ақсақал — елге сыйлы, қадірлі кісі болған. Сол кісінің аруағын сыйлағандықтан, уағызшының тек атын атауды жөн санап отырмыз. Жарқын уағызшы, «бояушы, бояушы дегенге, сақалын бояйдының» керін келтіріп, артық кетіп барасың! Есіңді жиғаның жөн!

Сен басқан оңтүстіктің Сайрам ауданы, Ақарыс ауылының тұтас топырағы — қазақтыкі! Сенің дінің келмей тұрып-ақ ол топырақты сен тырнағына да татымайтын абыздар мен данышпандар басқан.

Бәлкім, сені шешең қырқыңнан басқа пиғылмен шығарған болар?! Ал нағыз қазақ сәбиінің шілдеханасын белгілі бір наным-сенімге орай, салт-дәстүрге лайық жасаған, жасай да береді.

Жарқын уағызшы, мектепте алмаған біліміңнің орнын толтыруға әлі де кеш емес. Әлде де болса, әліппеден бастап, қазақтың әдебиетін, тарихын қайталап оқып, санаңда бітелген саңылауды ашсаң, көп дүниені түсінесің.

Үйіңнің жанынан ағып жатқан Арыс өзенін ислам әкелмегенін, жыңғылы сыңсыған тоғайыңның шариғатпен жасалмағанын, ең ақыры — көрші ауылдарың «Аққойлының» атауы да дінмен еш байланысы жоғын білесің, кітап оқы.

Қазақтың бүкіл салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы — исламыңнан алынбады! Сен сияқтылар ұрлап, жамап-жасқап отырсыңдар. Өтің жарылып кетсе де — шындық осы.

Егер бұттың айналасынан шыға алмасаң, оның себебін қазақтан емес, сенген дініңнен ізде. «Болмаған балалық шағы үшін ызаланған кісі — ұлтының жауына айналып, бар ызасын солай шығаруға жанталасады» дегенді бір жерден оқып едік.

Жарқын уағызшы, сен қай ызаңды қалай шығара алмай жүргеніңді қайдам, алайда қазақ ұлтына тіл тигізуді доғар! Жәннатың да, ол жақтағы хор қатындары да өзіңе бұйырсын, тек қазақ ұлтына соқтықпа! «Қой дегенге — қоймаған, «қой» дегенге зар болар» деген атам қазақ. Осыны ұмытпа!

Дайындаған — Хақназар САДЫРХАН.

Democrat.kz.

Фото көрнекілік үшін интернеттен алынды.