Қазақтың бұл ырымдарын қолданасыз ба?
Қазақтың ырым-тыйымында «көз тию», «назарлану» ұғымы ежелден келе жатыр. Алайда қазір бұл сөздерге сенбейтін жастар қатары артқан. Ал шын мәнінде көз тию расымен бар ма? Көз тиген адамды қандай әдіс-тәсілдермен емдеп алған? Көз тиюдің адам өміріне қандай теріс әсері бар?
Осы туралы Nur.kz. сайтының жазған мақаласында көз тиюдің алғашқы белгілері кішкентай баланың мазасызданып жылауы, тынышталмауы; Нәрестенің еңбегінің төменге түсуі; Арқаның қараюы (мұны халық арасында көз тиюдің қатты өтіп кеткенімен түсіндіреді); Адамның денесіне көз жараларының шығуы; Адамның денесі дел-сал болып, себепсіз көңіл-күйінің түсуі; Жолының болмауы сынды құбылыстармен түсіндіріледі.
Қазақ халқы көз тиюден қалай сақтанған? Қазақ халқының нанымында көз тию деген ұғым бар. Сұқ көзден сақтану үшін түрлі ырымдар мен тыйымдар да бар. Мысалы:
Тұмар тағу. Кішкентай балаларды тіл-көзден сақтау үшін бұрындары молдаға дұға жаздырып, оны баланың мойнына тұмар қылып тағып қойған.
Күйе жағу. Нәрестелердің маңдайына қара күйе жағып қою, киімінің жиегіне көзмоншақ тағып қоюды да жиі кездестіруге болады. Түйреуіш тағу Тіпті тіл-көзден сақтанатын үлкен адамдар киімінің жиегіне көрсетпей, түйреуіш тағып қоюды әдетке айналдырған.
Қорғасын құю. Көз тиген адамның немесе нәрестенің басына ыдыс қойып, қорғасын құю арқылы, көз тиюден айықтырған. Аластау. Аластау – тіл мен көзден, бәле-жаладан тазартудың бір әдісі. Аластауды біреулер отпен, біреулер тұзбен істейді. Үлкен кісілер науқас адамды отырғызып қойып, тұзбен немесе отпен айналдыра аластаған.
Дем салу — Құран аяттары арқылы жүзеге асады. Кейбір дем салушылар дертті адамға сүрелерді оқи отырып, пышақпен, қамшымен дем салады. «Назары» бар адамның ұлтарағын ұрлап алып жағу Бұл қазіргі уақытта қолданыла бермейді.
Бірақ ежелде үйге «көзі» бар адам келсе, оның ұлтарағынан білдіртпей қырқып алған. Содан соң сол ұлтарақты тұтатып, баланы аластаған.
Иттің жатқан орнына баланы аунатып алу. Кейде үйге көп адам келіп, кешке отбасы мүшелері қалғанда үйдегі кішкентай бала мазасызданып жылай бастайды. Сол сәтте ауылдық жерде тұратын ата-әжелеріміз кішкентай нәрестені иттің жатқан орнына алып барып, аунатып алған.
Иттің түгімен аластау Балаға кімнің көзі өткенін біле алмай қалған жағдайда, иттің түгінен кішкене ғана қырқып алған. Сосын сол түкті жағып, баланы аластап өткен.
Түкіртіп алу. Үйге келген қонақтың «назары» барын білетіндер бірден «түкіртіп алу» әдісін қолданған. Елдің назарын аударатындай қылып киіндіріп қою Бұрындары қыздарға шолпы тағып, қызыл-жасылды әшекей таққан. Балаларға түйреуіш түйреп қойған. Ал Қызылорда өңірінде жаңа түскен келінге көз тимеу үшін бастан аяқ қызыл түсті киім кигізіп қояды.
Фото көрнекілік үшін интернеттен алынды.