“Қазпоштаның” басшылары 21,9 млн теңгеден сыйақы алған

0
490

«Қазпоштаның» басшысы миллиондап премия алыпты деген ақпарат хит болып жатыр. Ақша санауды бәріміз жақсы көретініміз жасырын емес қой. Бірден елең ете қалдық.

Расымен де Әсел Жанасова бастаған «Қазпоштаның» Басқарма басшылары былтыр жыл соңында 21,9 млн теңгеден сыйақы алған. Бұл «битін сығып, қанын жалап жүргендер» үшін көп. Ал, тойына Төреш пен Қайрошты 10 мың доллар төлеп шақыра салатындар үшін түкке тұрғысыз тиын-тебен ғана.

Жалпы жыл соңында бонус, премия алу барлық үлкен мекемелерде бар. Бұл менеджерлердің жұмысын ынталандыру үшін қарастырылған. Егер компания табысты болса, басшы да пайда табады. Ал, қолыңнан дым келмей жылды қып-қызыл шығынмен жапсаң, қайдағы бонус?

Бұл тұрғыдан алғанда «Қазпошта» ерледі деуге болады. Әсел Жанасова 2023 жылдың қорытындысы бойынша бұл мекеменің 13 миллиард теңге қордаланған қарызын жауып, соңғы отыз жылда алғаш рет 2 млрд теңге таза табыс тапқан. Ол үшін түрлі технологияларды енгізіп, жең ұшынан жалғасқан жемқорлық дертімен күресуде.

Мәселен, былтыр Қазпоштаның аймақтардағы филиалдарына финчистка жасап, 273 млн теңгенің ұрланғанын анықтаған. Қазір осы бойынша 11 қылмыстық іс қозғалып, оңды-солды желініп келген миллиондардың артына құзырлы органдар майшам алып түсті.

Сонда-ақ «Қазпошта» Қытайдың алпауыт компанияларымен әріптестік орнатып, шетелден тауар жеткізудің жедел әрі тиімді жолдарын іздестіріп жатыр. Өткенде ғана ШЫҰ аясында үш бірдей үлкен келісімге қол қойылды.

Бұл жобалардың бәрі жүзеге асса, Қазпошта 2024 жылды да табысты аяқтайды. Демек Әсел ханым тағы да қомақты бонус алады деген сөз. Лайым солай болсын!

Ал, біз бонус түгілі жылына бір келетін журналистер күніне премия алмадық. Демек компаниямызға көк тиын көмегіміз болмаған сияқты. Сондықтан “байдың асын байқұс қызғаныпты” демей бар кінәні өзімізден іздеп отырмыз.

                                                            Диас НҰРАҚЫН, журналист.

Facebook жазбасы.

Фото интернеттен алынды.