Кей мектептерде кім болса, сол мұғалім болып жүр

0
1675

Қазір мектептерде шу көп. Білім сапасы, жемқорлық, түрлі бас араздықтар, моральдік-психологиялық қысым, балалар арасындағы әлімжеттік, суицид…кете береді.

Мектепте. Балаға білім мен тәрбие беретін қасиетті шаңырақта болып жатыр.

Бала көргеніне көбірек жүгінеді ғой. Кімге өкпелейміз…?

Осының бір ұшы мұғалім дайындайтын жоғары оқу орындарына келіп тіреледі. Педагогикалық мамандықтар даярлауға лицензия алу мәселесіне аса байыппен қарайтын мезгіл жеткен шығар, ағайын…?

Кешірім сұраймын, кей мектептерде кім болса сол жүр.

Әсіресе, ауыл мектептерінде проблема көп.

Бәрінің табақтай дипломы бар. Педагог.

Бірақ, педагогтық білімі мен қасиеті жоқ.

“Бала жетектеудің” қыр-сырын, баланың жас ерекшелік педагогикасы мен психологиясынан мүлдем хабары жоқ екендікі ауызекі әңгімесінен-ақ байқалып тұрады.

Баламен жеке қалғанда не айтып жатқанын, бір Құдай білсін….

Неге бұлай болып кетті?

Өйткені педагогикалық диплом берген жоғарғы оқу орнының жауапкершілігі нөл. Ақысын берсе болды, дипломын құшақтатып қоя беретін оқу орындары бар.

Былайғы жұрт кейбірін “каспий голд” оқитын оқу орындары деп “приколға” қосып жүр….

Министр А. Аймағамбетов кезінде біраз осындай жеке меншік “диплом бергіштермен” күресті. Айлап, жылдап соттасып жабумен айналысты. Бірақ, қиын жұмыс.

Жылдар бойы диплом “сатқан” оқу орындары ірі қаржылық құрылымдарға айналып үлгерді.

Жоғарғы жақта мықты лобби топтары бар да секілді.

Өйткені бірін жапса, атауын өзгертіп басқасын ашады, оны жапса қасындағы өзі секілді оқу орнымен бірігіп қайта жұмыс істейді….

Тап бір жеті басты аждаһа секілді.

Мұндай көп жоғарғы оқу орындарының негізгі бағыты нақ осы педагогикалық мамандықтар. Неге? Өйткені сұранысы көп.

Нәтижесінде мектептер – өзі оқыған жоғары оқу орнының қаланың қай мекенжайында орналасқанын да білмейтін, жоғары оқу орнында ұстаздың алдын көрмеген, кураторы кім, кафедрасы қайда, деканы кім, тіпті ректор болып кім істегенін білмейтін әйтеуір “дипломы бар педагогтарға” толды.

Нәтижесі білімсіз өскелең ұрпақ. Балам бірдеңе білсе екен деп, курстан-курсқа тасып сүйрелеген ата-ана….

Қайбір жылы министрліктің баяндамасында “пәлен” деген жеке меншік оқу орны қыркүйекте 1-курсқа 1,5 мың бала қабылдап, сол курс оқу бітіргенде түлек саны 7-8 мыңға жетіпті деген ақпарат шыққан.

Яғни бітіруші студент саны, бастапқы қабылданған студент санынан 4-5 есеп асып кеткен ғой.

Демек бұл, “типа” көрші елдерде “оқып”, бітірер жылы ауысып келіп бізден диплом алды деп рәсімделген “түлектер” (Сол ауысып келді деген студенттердің бәрінің паспортынан шекарадан ары/бері өткендігі туралы мәліметті тексерту керек).

Бұл қасірет. Ақша үшін елдің болашағын сату.

Мұны салалық министрлік білмей отырған болуы мүмкін емес.

Қалай көз жұмады осыған, басым жетпейді.

Әсіресе, ресейлік оқу орындарынан ауысып келіп біздің жеке меншік оқу орындарынан диплом бере салуды тоқтату керек.

Дәл осындай шартпен диплом алған барлық білім құжаттарының мәселесі майшаммен қаралуы керек.

Бұл өте үлкен мәселе.

Осындай “бармай” диплом алған мұғалімдер мектептерде жүр.

Жоғары білім алуды, базар алаңына айналдырдық.

Педагогикалық мамандық 4 жыл бойы партада отырып, мұғалімдіктің қыр-сырын тереңінен қаузайтын кәсіп.

Ілгеріде мұғалімдікті сырттай оқытатын. Оның өзінде 1 семестрде кемі 40 күнге шақырып, ұстаздың алдын көрсететін. Бүкіл негізгі пәндерден бақылау жұмысын жазып тапсыратын.

Сөйтіп оң нәтиже көрсетсе ғана курстан курсқа көшірілетін. Оның өзі мұғалімдік үшін аз білім мен тәжірибе ретінде тоқтатылды.

Бірақ, қазіргі сырттай оқудың өзін сырттай бітіргендерді көріп, ол күндермен жылап көрісетін жағдайға жеттік….

Бұл үлкен проблема.

Бұл үдерісте үлесі бар адамдар арамызда да жүр.

Белгілі бір мамандық алып, карьерасының өзгеруіне орай оңай әрі жылдам “юрист” пен “экономист” яки “қаржыгер “ мен “педагог” бола салғысы келетіндер бар.

Оның өзінде белгілі бір уақыт мерзімі мен академиялық талаптарын орындамай “биыл” диплом ала салғымыз келеді. Биыл болса биыл деп дипломды бере салатын да “оқу орындары” бар. Кімді алдаймыз сонда?

Тіпті жоғарғы лауазымдарға қызметке барып жатқан кей бауырлардың қызметтік тізбесіндегі білім туралы құжаттарынан да біраз жайтты аңғаруға болады…өкінішке орай.

Ербол СӘБИТОВ, кәсіпкер, қоғам белсендісі.