Келін кетіп қалмасын десеңіз…

0
1468

Соңғы уақытта оңтүстік-солтүстіктің қызы, келіні деген қызық бір түсінік пайда болды. Негізінде бұл түсінік бұрыннан бар еді. Алайда бұрын облыстар арасында біраз құрмет бар еді.

Ал қазір әлеуметтік желілерде ашықтан-ашық “оңтүстіктің адамы ондай”, “солтүстіктің адамы сондай” дейтін пікірлер көбейіп кетті. Естеріңізде болса, теріскейдің бір қызы “оңтүстікке қыз берме, солтүстіктен қыз алма” деген сыңайда бір видео таратқан еді.

Солтүстік, Шығыс облыстардың қыздары оңтүстікке келін болудан қорқады. Неге? Бұл сұрақты оңтүстікке келін болған семейлік Ләззат Айдынқызына қойдық. “Себебі белгілі ғой. Оңтүстікте келіннің өз орны бар. Ата-ене, туған-туыстарға келін қызмет көрсетуі керек. Солтүстік пен шығыстағы сияқты келін емін-еркін жүріп тұрмайды.

Күйеуіне бағынады. Бала тауып үйде отырады. Ал оңтүстіктің ауылдарында жағдай тіпті басқаша. Төркінім жақта келін енесін жұмсап қойып отыра беретін жағдай да кездеседі. Ал оңтүстікте қайынсіңліңе артық сөйлесең, жағдай ушығып кетуі мүмкін. Сосын оңтүстікте салт-дәстүр, жөн-жоралғы деген көп”,- дейді шымкенттік келін Ләззат.

“Бұл жаққа келін болып түскенімде көпке дейін басқа елде жүргендей күй кештім. Алғашқы күні таңертең ата-енеме иіліп сәлем салғанымда екеуі де жарты минуттай состиып қарап тұрды. Олардан “бақытты бол” деген сияқты тілек күтіп мен тұрмын. Әлден уақытта жолдасым “сіздерге сәлем салып жатыр” деп әке-шешесіне түсіндіргенде, екеуі де күлкісін тоқтата алмады.

Келінді жұмсайын дейтін ене жоқ. Әлі күнге дейін енеммен бірге үй шаруасын атқарамыз. Мен үй жинап жатсам, ол тамақ дайындап жатады. Қолым босамай жатса, атам өз шайын өзі дайындап, ішіп отыра береді. Бастапқыда ерсі көрінетін. Қазір үйреніп кеттім”,- дейді теріскейге келін болған түркістандық Нұргүл Айтбаева.

“Оңтүстіктің қызы қай облысқа келін болса да, сол жерде қалып, өсіп-өнуі мүмкін. Ал басқа облыстың қыздары оңтүстікке келін болса, сол жаққа сіңісіп, қалып кетуі екіталай. Оңтүстіктің адамдары мен ұстанымдары өте басқаша”,- дейді көкшетаулық Аяна Қадыржанова.

“Кезінде лапылдаған сезімнің жетегінде шымкенттік жігітке күйеуге шықтым. Балалы болдым. Алайда ол жақтағы туыстық қарым-қатынас, күйеуімнің әр туысының отбасылық мәселемізге араласуы, ата-енемнің “келінсің” деп үнемі екінші орынға қоюы — бізді ақыры ажыратып тынды. Меніңше, әсіресе солтүстіктің қыздарына оңтүстікке келін болуы өте қиын”,- дейді Аяна.

                                                     Дайындаған: Әлия БОЛАТҚЫЗЫ.

Democrat.kz.

Фото көрнекілік үшін интернеттен алынды.