«Керек болса, плагиаттардың бетпердесін ашуға дайынмын» деген жазушы әріптестеріне ренішін білдірді

0
636

«Ұшқыр ой, іздегіш, тапқыш-ол бір адам. Құр кеуде, жұрттан көргенді өзімдікі дейтін, басқаның ойын иемденіп, іске асыруда көзді шығарып, басты жаратын-бұл екінші адам. Талантты қолдан жасауға болмайды, қолдан жасалған талант-біреудің паспортымен жүрген ұры»-деген еді ұлы суреткер Ғ. Мүсірепов (Күнделік,. 70, 182-б).

Плагиатор деген орыс сөзі әдебиеттің суыққол ұрысы деген мағына береді екен. Мен бұл мәселені қозғамайын-ақ деп едім, сол плагиатор (Р.Сұраған) қыр соңымнан қалмай-ақ қойды.

Ақыр соңында Қазақстанда жүрсе де маған жала жабумен тыным таппады. Тіптен өз кітабына өзі мұқатып жазған біреулер туралы ол адамның туыстары реніш білдіргенде жалтарып: «Бұл деректі Шынайдан алған едім» дейді екен. М: Төлекенұлы Тұрды туралы… Сөйте тұра менен ұрлағандарын неге «Шынайдан алдым» деп мойындамайды?

Жуырда ғаламторда жазылған Қ.Тойлыбай ақын туралы «Мүйізге байланған тағдыр» мақаласында көрнекті қаламгер Тұрсын Жұртбай Тойлыбайдың өзіне жазып келтірген хатынан мына үзіндіні келтірген екен:

«Осындай ортада әлгі әдеби-мәдени өмірдің күйреп түскен шаңырағының орынында өзін тірі классик, гений санайтын, мына сен секілдіні табытқа түсіре алмай әуре боп әлдебір халтурщик жүр десем, сенер ме едің? Әдеби-эстетикалық дүниеден сауатсыз дерлік әлгі мырза бүйрегі бүлк етпестен сайланымсыз, құжатсыз қазақ жазушылары кеңесінің төрағасы деген лауазымға қонжиып, Алматыдай шаһардағы көңілшек ағайындардың көмегімен ғылыми үлкен атақ дәмеленіп жүрген сыңайлы десем, сенер ме едің? Бәрінен қызығы, әлгі мырзаның шақыруымен алдағы маусым айының бас шенінде Мұрат Әуезов ағамыз ұлы суреткердің 100 жылдығы деген маршрут аясында Өлгийге келеді екен десем, сенер ме едің? Осыдан соң беті жылтырақ толып жатқан халтурщиктер мен шенеуніктердің ортасында ағамыздың төбесін көрудің өзі мұң болады екен десем, сенер ме едің?»-дей келіп автор, ел-жұрттың өзгерген қас-қабағы мен беталыс ауанын кірпияз баяндапты Тойлан досым.

Әрине, бұл ол өзінің жеке ашынуы десем де, жүрегімді шымшымдап түйреп өтті. Ал әлгі «мырзаны» білемін бе, жоқ па, білмеймін, әйтеуір есіме түсіре алмадым.

«Натурал» адамның көңілі де «натурал», аңғал келеді емес пе. Көңілінің бір қалған жері бар шығар деп, секем алып қана қойдым» деп жазған екен.

Бір емес талай қалған соң да солай шығар, Моңғолиялық белгілі ақын Тойлыбай марқұм бір хатында жұрналдың бетіндегі «Өзіңді таны немесе бүгінгі рухани жорық» деген мақаласының шетіне: «Үн» жұрналы. 2006. №3-4. Сұрағанның Аюурзанадан тағы бір қотармасы!!»-деп жазыпты. Сөйтсек қазақтан моңғолға, моңғолдан қазаққа қотарып, олай да былай айдай береді екен. Тірісінде басынып қорлаумен бола тұра көзі кеткен соң ғана «Тойлан, Тойлан!» деп мақтай жөнелуін не деп ойлар едіңіз?

Ақын Имашхан, Кәкей, Зардыхан Мүбарак ұлы секілді талантты ақындарды солай көзі тірісінде кемсітіп, өлген соң мақтай жөнелгені ақын Дағжан, журналист Амантай Тойшыбайұлымен де солай ат құйрығын үзіскен.

Үзбенді МЖО-ға өз ұсынысымен ілестіріп, жазушылар бөлімшесінің бастығына сайлатқан соң Үзбен Моңғолияға ЕС атағын алысымен-ақ оның сол ерекшелігін қызғанып онымен жауласа бастаған, Зарқұммен де дәл солай өшескені туралы ақиқат деректер бар, керек болса бетпердесін ашуға әзірмін!

Әдебиет бөлімшесіне «сайланымсыз» бастық болғанымен тынбай ол осы бөлімшені, оның жұрналын екі-үш кісімен астыртын ымыраласып жекелендіріп алғаны әшкереленіп, мемлекеттік тіркеу мекемесі бұл ұрлықты қуатсыз етіп, жұрналды Моңғолия Жазушылар Одағы (МЖО) бөлімшесінің қарауына қайтарып берді. Бұл туралы МЖО-ның 2021 жылы шақырылған сьезінің баяндамасында: «1969 ж Жазушылар комитетінің бастығы С.Удвал МЖО хатшыларының кеңесін Баян-Өлгийде шақырып, МЖО-ның Баян-Өлгийдегі бөлімшесін құрып, «Шұғыла» жұрналын қамқорлығына алған.

Сол кезден бастап Баян-Өлгийдің жазушылар ұйымы нығайып, жаңа құрам, құрылымға еніп алуан түрлі жұмыс жасап, қазақ әдебиетінің талант иелері көбірек туып шығып, соның ішінде Ақтан Бабиұлы әдебиеттің тамаша заңғар шыңына айналып, танымал жазушы С.Мағауия Халық жазушысы атағын алып, көптеген қайраткерлер, көрнектілер туғызған дәстүрлі тарихи бөлімшеге айналған-ды.

Бұл жағдай 1990 жылдан былай өзгеріп, Баян-Өлгийдегі бөлімше қазақ жазушылар кеңесі Рахмет Сұраған басқарған Баян-Өлгий жазушылар ұйымы атанып, орталық МЖО-мен дерлік ісбабындық байланыссыз, өз білермендігімен болып, шет елдермен байланыс құрып, Жазушылар ұйымының «Шұғыла» жұрналы жекелік жұрналға айналған. Осы ахуалды орталық МЖО Басқару Кеңесінен қарап, өзгертпесе лажсыздықтан, бұрынғы басшылықты өзгертіп, МЖО-ның салалық кеңесі етіп, байырғы құрылымына енгіздік. Мүлтіксіз жасалуға тиіс бұл жаңарту тартысқа тап болғанымен өзгертпеске болмады» делінген.

Мұнымен тынбай сан түрлі жолмен осы аймақтағы радионы, газетті, телевизияны қабаттап ұстағаны бар.

Моңғол Ұлттық радиосының бастығымен араздасып, оның қарамағында болып келген аймақтық радионы аймақ біліміне өткізгені, оның бастығына өзін қалай сайлатқандағы әрекеті туралы мәліметтер бар.

Орындық ұрлығы, жұрнал, газет, той-мерекелер, жарнамалар қаржысы, радио редакциясының авто көлігі, сол кездерде әртүрлі шараларға қатысуға Астана, Алматыға барғандағы жол қаражаттарының есебі ше?… Бұзақылықтар… сот, жалған диплом, куәлік… Ал мыналарды менен заңсыз түрде қотарып алып, өз атында жариялағандығы менің авторлық құқыма орасан қол сұқандық деп білемін:

1.Оспан батырдың ақиқат тарихын 1970 жылдардан іздестіріп, доктор Мініске хат жазып, алған жауабым, ағылшын тіліндегі «Алтын аңыз»-ды доктор Құрметханға аудартып алғаным, Қауіпсіздік министрлігі архивінен Оспан-Дәлелхан хатын алғаным, Оспанұлы Нәбимен бетпе-бет екі күн әңгімелесіп алған декректерім сақтаулы.

«Жаңа өмір» газетінде 1990. ХІ.13-інде Оспан мен Чойбалсанның «Алатөбедегі кездесу»-і, 1991. ІІІ. 12-сінде «Майхантастағы кездесуі», «Ардын эрх» газетінің 1993.2.17-сінде «Оспан баатар» мақалаларым, 1996 жылы Өлгийде «Оспан» деректі повесім басылып шықты.

Бұл мақалалар мен кітаптан бұрын социалистік лагерь елдерінде Оспанды ұлт күрескері ретінде әлдебір жазба шықты ма? Жоқ!

Ал жылдар өткенде осы тақырыпты арқау етіп «еңбек қорғады», Р.Сұраған 2017 жылы «Оспан-Чойбалсан» кітабын менен қотарып жазды, алайда менің ұйғарымымсыз ол кітабына «редактор» болғызып менің атымды қойғанын кеш білдім.

Осы кітабында Монғол елінің саяасатына қарсы ешбір дерексіз жалған өтірік мәліметтер жазғаны Үкіметтік Қауіпсіздік Комитеті, Орталық Барлау ұйымының назарына ілініп, 210200217 мұқабалық қылмыстық іс қозғалып тексере бастағанда 2021 жылы Қазақстан еліне қашып кетті.

Және бір кітабын баспаға берер алдында ғана бір бетін ашып қалып: «Мынауың не, ер Жәнібектің қызы Айпара болса қалайша Шәріпханның шешесі?

Жәнібек оның арғы бабасы Көгедайдың тұсында болмаған ба» деген едім, ол қатесін түзеді ме, білмедім. Бірер кітабын мен редакторламасам да редакторы Шынай деп өтірік жазыпты, осыған сенер ме едіңіз?

2.«Құжырты құрбандары». Құжырты елінің нәубеті тақырыбындағы «Бөрінің бөлтірігі» әңгімем 1976 жылғы «Ерке киік» жинағымда жарияланды.

1989 жылы Бұлғын-Құжыртыға барып басшы Қашабаймен бірге Ісмизат, Құзайыр, Жәкей, Мәмей қатарлы нәубеттің тірі куәларының ауылын аралап сұхбаттасып, сұмын орталығында Мауқара, Нұғыман, Ағына т.б. қатысқан ашық мәжіліс өкізіп, «Бірдің әлеметі мыңды әкетеді» атты мақаланы милицияның наразылығына қарамастан «Жаңа өмір» (1989.6.6) газетіне жарияладым (оның қиындысын ол алып кетіп, кейін маған көшірмесін қайтарды). Ол мақала «МОНЦАМЭ-гийн мэдээ» газетінде, «Ардын эрх» (1995.4.26) газетінде моңғолша басылды. «Құжырты құрбандары» атты мақалам (редактордың ұйғарып қол қойғаны бар) радиодан оқылды. Нәтижесінде Сұрағанның «Құжырты құрбандары» кітабы (деректерінің көбісі З.Рысбектің кітабынан алынған) 2004 жылы басылып шыққан.

  1. 1985 жылы «Өрікті көл» мақалам радиодан оқылды, газетте жарияланды. «Жалама кім, ол қайдан келген?» мақалам «Жаңа өмірде» (2001.7.10), «Жаламаның ақыры» мақалам және сонда 2001.8.20. №23), «Жалама айдаған» мақалам «Моңғолиядағы қазақ халқы» кітабымда (2007. 150-161-б) жазылды. Осыдан былай Жалама-Дамбижанцан лаңына байланысты ауызша дерек сұрап Сұраған үйге 10 рет келді. Нәтижесінде ол Дамбижа туралы 2015 ж №3 «Шұғылаға» және сол жылы «Қобдаға асқан қоңыр ел» кітабына жазды. Осы жаңалық па?
  2. Моңғолия қазақтарының Моңғолияда қоныстанған уақыты ең алғаш доктор Мініс пен Сарайдың 1960 жылы жазғанындай 1860 жылдармен шектеліп жазылумен келген. Ал мен бірен-саран ауыл 1700 жылдардан келгені туралы «Моңғолиядағы қазақ халқы» кітабыма (2007.62-81-б) жазған едім, соны (1770-1870) деп долбарлап «Қазақтың Моңғолия жеріне қоныстана бастауы» (Шұғыла. 2013.№2) және «Қобдаға асқан…» кітабына (2015) жазды.
  3. Мен іздестіре, тектей жүріп, қыруар еңбек шығарып «Моңғолиядағы қазақ қаламгерлері» атты тарихи кітапша (Өлгий. 2005) шығарған едім. Сұраған сол кітаптың тыныс белгісін де өзгертпестен «Рухани келбет» (Өскемен. 2017. 123-141-б) атты кітабына менің есімімді енгізбестен толық ұрлап алып салып, авторлық құқымды таптап, қылмыс жасады.

Олар түгіл менің еңбегімді ындыны кепкен суыққолдар не үшін қызғанатынын білмедім, 1997 жылы мен аударып шығарған моңғолдың ежелгі әдебиетінің бір шоқтығы «Гэсэрді» басқа автор аударған етіп «ХХ-ХІ ғасыр.32-б» кітабы мен әлденеше баспаға жариялады.

Сотқа жүгініп шектеу қойғызбасам, менен ұрлап қотарудан да, ел-жұртқа өсектеп маған жала жабудан да тыйылар емес. Оның аудармашы, моңғол тілін қаншалықты білетінін мына мысалдан қараңыз: «Модны хожуул» (ағаштың түбірі) деген моңғол сөзін «ағаштың бұтағы» деп біледі екен, «аузыңды көрсет дегенге мұрнын көрсеткендей».

6.Ал оған еліктегені ме қайдан білейін, Бекен Қайрат деген азамат менің 1992 жылы жазып, «Балдәурен» атты газетке жариялаған (оқулыққа да, менің «Алтайдың алтын аңызы» кітабыма 2013 жылы кірген) «Құтты қызыл» атты әңгімемді «Жер аңсаған қызыл қой.» деген атпен «Алтай неюс» (2021.№4) газетіне өз атында жариялағанда, өкінсем де, өзім ұялдым. (Малдың мекен-жерін сағынуын қазақ баласы аңсады демейді, жер көкседі дейді ғой, сөйте тұра ұят-ай!).

Осынау қотармашыларға еліктегені ме, мені басынғаны ма, енді тағы біреуі мен жазып шығарған шежірелік кітабымды қаз-қалпында қотарып алып, шығарып, сатып пайда тауып жүр, сонда мынау дүние қалай болып барады өзі? 2023.Х.15.

6.Уақыт жетіп өліп кетсем бұл жайт жабылып қалар ма деп ертеректе жазған едім.

Дау туындаса екі елдегі әділет жағының адамдары бұл жайтты менен келіп анықтап, даяр тұрған айғақ куәлар арқылы тектеп әділ қазылық жасаса екен деген тілектемін.

Керек болса оның қотармалары туралы Тойлыбай ақын жазып кеткен деректер (моңғол сыншылары жазған мақалаларды аударып, Қазақстан баспасөздеріне өз атынан шығарған) де табылып жатыр.

Қазақ жерінде мәселе қозғалмаса бұл жақтағы сотқа енді мен жүгінемін. Келсінші, ашық-екі бетпе-бет жүздеселік. 4/І.2024.

6.Таяуда  Алматыда болған кезімде тағы бір плагиатты таптым: Мен бұл жаққа қашан, қайдан ауып келгені беймәлім жалғыз басты Қарабай есімді кезбе адамды бала кезімнен жақсы білетінмін.

Мүрдесі қойылған қабірді де білем, мен туған жұрттың қасында. Біздікіне келіп қонып, түстеніп те жүретін. Әне сол кісі туралы 1995 жылы «Қасиетті қара шал» атты деректі әңгіме жазып аймақтық радиодан оқытқан едім.

2018 жылы «Ғұмыр-тарих» атты кітабыма «Нұржақып-Қарабай» деген эссем басылып шықты. Сондай-ақ 2013 жылы баспадан шыққан «Алтайдың алтын аңызы» атты кітабыма бұл әңгімені «Жұмбақ шал» деген атпен шығарған едім.

Жуырда Алматыға барғанымда біздің жақта таралмаған «Туған тіл» әлманағының бірер саны абайсызда қолыма түсе кетті. Бір санындағы (2016 №4) «Жалғыз шал» деген әңгіме көзіме оттай» басылды. Авторы Сұраған Р. депті. Автор туралы таныстыруда «1996 жылы аймақ Әкімі тұрған» депті. (Ол ешуақытта аймақ әкімі болған емес қой!). Оқи бастағаннан-ақ өзімнің «Жұмбақ шалымды», сол бойында ұрлап қотарыпты. Таң қалып, осындай да болады екен-ау деп жағамды ұстадым. Бұл деректердің һәммасы өтірік жалған жала емес, салыстырылған деректері қолымда толық даяр тұр. Басқа да фактілер баршылық. Дау туындаса заң ұйымдарына жүгінуге әзірмін!!!

  • Қорыта келгенде мұндай плагиат «жазушылардан» абай болып сақтана жүрулеріңізді ескертемін

Шынай РАХМЕТҰЛЫ,

Моңғол елінің Халық жазушысы,

Еңбек сіңірген қайраткер. 

Өлгий қаласы. 

Фотолар автордыкі.