Киелі жеті шелпегі қорлыққа ұшыраған қоғам болдық

Марқұм болған Рим Папасы Франциск дәріптеген «7 шелпек» Қазақстанда қорлыққа ұшырады! Ал қоғам белсендісі Ақорданың алдын орап кетті
«7 шелпекпен к@тіңді сүрт» деп қорлық сөз айтқан тиктокерді жазалауды Мәдениет және ақпарат министрлігінен талап еткен белсенді Әсел Таухан бүгінгі сотта Рим папасы Францискінің қазақтың қасиетті домбырасы мен «7 шелпек» дәстүрін дәріптеген сөзін қайталады.
Марқұм Франциск «7 шелпек тарату қандай таңғажайып дәстүр» деп қатты тамсанған екен.
Белсенді Әсел Таухан Рим Папасы дәріптеген «7 шелпекті» қорлық сөзден қорғағысы келмей қасарысып отырған Қазақстанның Мәдениет және ақпарат министрлігінің дәрменсіздігіне қатты қынжылды.
Ол қалайда «7 шелпекті» тиктокерлердің қорлық сөзінен қорғап қалу үшін министрлікті сотқа берген болатын. Әзірге сот министрлікті өз функциясын атқаруға мәжбүрлеген жоқ. Процесс жалғасуда.
Ал «Демос» ұйымының төрағасы Тұрарбек Құсайынов «7 шелпек тарату дәстүрін» «Беташар» секілді ЮНЕСКО-ның материалдық емес адамзат мұралары тізіміне қосуды Мәдениет және ақпарат министрлігінен талап еткен. Бұл келелі іс те әзірге алға баспады, Мәдениет және ақпарат министрлігі кежегесі кейінге тартып тұр.
Домбыра мен «7 шелпекті» дәріптеген Рим Папасы Франциск қайтыс болғанда Католик бас шіркеуіне қазақ халқының атынан Тұрарбек Құсайынов бірінші болып көңіл айтты.
Жарты сағаттың ішінде «Қасиетті тақтан» «Демос» ұйымының төрағасы атына алғыс хат келді. Бұл кеше түсте болған оқиға.
Ал ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың «Қасиетті таққа» көңіл айту жедел хаты кешкі сағат 6-да жолданды. Бұл интернет қарыштап дамыған заманда нонсенс.
Жоғарыда айтылған екі оқиғаны сараптай келе мынандай тұжырым жасауға тура келіп тұр. Қазақстанның сыртқы саясатымен шұғылданатын дипломатиялық корпусы тасбақа сияқты шабан қимылдайды.
Ал ішкі саясатпен шұғылданатын идеологиялық сектор «7 шелпек» сияқты ұлттық салт-дәстүрімізді қорлық сөзден қорғауға ынта танытпай, дінкештерден жасқанып пұшайман қалде отыр.
Ораз ӘЛІМБЕКОВ, журналист.
Фото көрнекілік үшін.