ҚМБД-ға қарасты қорлардың ақшасы қайда кетіп жатыр?

0
227

«Біз біргеміз…» қорының ақшасын өзінің бас пайдасына жаратып жіберген Перизат Қайратқа қатысты Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева қайырымдылық мақсатында қаржы жинау «алаяқтық пен пайдакүнемдік әрекеттерге де қолайлы жағдай туғызғанын» айта келе қазақстандықтарды сақтық танытуға шақырған.

«Сондықтан барлық қазақстандықтарды қайырымдылық көмек операторларын мұқият зерттеуге және тек тексерілген әрі сенімді серіктестермен ғана жұмыс істеуге шақырамын» деді министр.

Осы жерде мынандай сұрақ туады: Билікпен тонның ішкі бауындай байласып алған қайырымдылық қорларында қандай былық болып жатқанын қарапайым халық қалай біледі?!.

Білгеннің өзінде ондай қорларға қатысты ешқандай шара қолданып жатқан жоқ. Мысалы, ҚМДБ жанынан құрылған «Зекет» қорындағы жемқорлық, жең ұшынан жалғасу жөнінде «Ұлыс медиа» сайты және басқа да журналистер дәлелді факт келтіріп жазды, бірақ ешкімнің «мұрты» қисаймады: «Зекет» қоры әлі ақша жинап жатыр, басшылары да өзгерген жоқ.

Мен Астана қаласында 2014 жылы құрылған «Ақжан» — мәдени мұраны қолдау қоры» жөнінде жазғам. «Ақжан» (БСН 140440000319) — қазіргі бас мүфти Наруызбай Өтпенов Астана қаласының бас имамы (2013-2017) болып тұрғанда құрылған.

Қордың басты мақсаты — Астана қаласындағы жалақы алмайтын имамдарды қаржылай қолдау болатын. Бас мүфти астыртын жағдайда қорды өзінің «Протокол» жетекшісі Марат Бектазиновқа басқартып қойды.

«Ақжан» қорына қанша ақша жиналғаны, оның қайда жұмсалғаны жөнінде мәлімет жоқ, осы күнге шейін қор басшылары есеп берген емес.

Ал қор жөнінде Әділет министрлігі мен салық жүйесіндегі статистикалық мәлімет бойынша, «Ақжан» қоры жыл сайын орта есеппен 1,5 млн теңге салық төлеп тұрған. Бұл «айсбергтің» ұшы ғана, «Ақжанның» атын жамылып салық жүйесін айналып өтіп қаншама қаржы жиналғанын Құдайдың өзіне ғана аян.

Ең сорақысы сол – «Ақжаннан» көмек алып, жыртығымызды жамадық» деген қарапайым бір имам жоқ. Егер «Зекет», «Ақжан», «Уақып» секілді қайырымдылық қорларының басшылары жыл сайын халық алдында есеп бермесе, олардың алаяқтықпен, пайдакүнемдікпен немесе шынымен қайырымдылықпен шұғылданып жүргенін халық қалай біледі?!.

Қит етсе,  бүкіл жауапкершілікті халыққа артып, «сақтық» жасап, қорларды «мұқият зерттеуді» қазақстандықтардың мойнына іліп қоятын министр Аида Балаева осыны түсіне ме екен?

Одан да министрдің өзі бас болып, арнайы комиссия құрып ҚМДБ төңірегінде құрылған қорлардың «адал» немесе «алаяқ» екенін халыққа анықтап бермей ме?!

Мұндай шараға министр Балаеваның қақы бар, күші де жетеді. Өйткені Дін істері комитеті Мәдениет және ақпарат министрлігінің құрамында!

Ораз ӘЛІМБЕКОВ, журналист.

Facebook жазбасы.

Фото көрнекілік үшін интернеттен алынды.