Қоғамда әйел-еркек “қақтығысы” үдеді
Жас кезімде досыма еріп үйіне барам. Шәй-тамақты да сол үйден іше салам. Ол да сөйтеді. Бірақ досымның анасы қызық кісі еді.
Күйеуі үйде болмаса, баласына әкесін жамандай бастайтын. «Жұрттың әкесін қарашы. Баласымен бірге қора қопсысын жөндеп қысқа дайындалып жатыр…. Шөпке де бірге барады… Сенің әкең болса жүр әне! Совхоздың өмірі бітпейтін шаруасын бір өзі бітіретін дей…» Әйтеуір ызыңы бітпейтін.
Кейде досыма барғанда, досым үйінде болмай қалса да «Кел-кел. Шәй іш. Досың да кеп қалар» деп дастарханға шақырады. Сосын әкесіне баласын жамандай бастайтын. «Мына жұрттың баласын қарашы. Әкесімен бірге мотоцикл жөндеп жатады. Қораларын жөндеп тыным таппайды… Ал сенің ұлың болса жүр әне қаңғып, арағын ішіп түк істемейді… Сені әке деп сыйламайды…
Ағамыз болса басын сыйпап «Қой. Неге? Менің баламда осы үйдің шаруасын істеп жатыр ғой» деп арашашы болып жатады.
Мен сол кісінің баласын әкесіне, әкесін баласына айдап салып отырғанын түсінбей таң қалушы едім. (Сірә, өзінің айдап салып отырғанын жеңгей өзі де түсінбейтін шығар?))
Өйткені содан кейін әкесі де, баласы да ішіп келген күні бір бірімен қырылысып, төбелесетін. Ал ақымақ әйел болса, өзі жаққан отқа өзі күйіп, не баласына жақтасарын білмей. Не күйеуіне жақтасарын білмей ода-дода болып жылап қарғап, арашалап жататын…
Соңғы кезде осы желі бетінде еркектер әйелдерді жамандап, әйелдер еркектерді жамандау үлкен үрдіс алып кетті. Соның ішінде еркектердің еркектерді жамандап, биліктің, әйелдердің алдында бедел жинау да бар)
Осының бәрі ұлттың азғындауына, ер мен әйел болып жауласуына тікелей септігін тигізерін түсінбей жүр.
Әсіресе Бишімбаев сотынан кейін қазақ еркектері кәдімгідей зорлықшыл, ақымақ, ұрда-жық әпербақан сияқты болып қалды.
Жүзге, руға, дінге бөлінгені аздай, енді еркек әйел болып бөлініп, жауласуға шықтық. Бұл ұлтымыз үшін үлкен қасірет болса, ішкі-сыртқы жауларымыз үшін тамаша жетістік…
Ал, біз болсақ әлгі жеңгей құсап…
Малик ОРАҚОВ,
Facebook жазбасынан.
Фото ашық дереккөзден алынды.