Көлік ұрлаудың қитұрқы схемасы: Шымкенттік кәсіпкер жоғары биліктен көмек сұрады

0
127

Шымкенттік Азат Болатов Түркістан облысында көліктерді заңсыз қайта ресімдеудің қитұрқы жолдары туралы айтып берді деп жазады Democrat.kz. ақпараттық порталы KazTAG агенттігіне сілтеме жасап.

«Мен Болатов Азат — жеке кәсіпкерлікпен айналысатын Қазақстан Республикасының азаматымын, көлік құралдарын жалға беремін» деген кәсіпкер ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтан, премьер-министр Олжас Бектеновтен, Бас прокурор мен ІІМ министрінен осы қылмыстық істі жіті назарға және тергеуге алуды сұрады.

Оның айтуынша, қазіргі кезде қылмыстық іс Жамбыл облысының полиция департаментінде тергелуде.

«2024 жылғы маусым айында мен бір топ адамның алаяқтық әрекеттерінің құрбаны болдым. Ұрланған сегіз көліктің ішінен жалған нөмірмен жүрген екі көлігімді таптым, ал олардың біреуі VIN-коды бұзылып, заңсыз түрде Шымкент қаласындағы ХҚКО-да есепке қойылған екен. Бұл адамдардың күш құрылымдарында, ХҚКО-ларда «көкелері» бар сияқты, себебі олар Қазақстан Республикасының ешқандай заңынан қорықпай, еркін қылмыс іс жасап жүр. Оларды Жамбыл облысы полиция департаментінің полиция қызметкерлерімен жауап алуға шақырған. Полиция қызметкерлерінің жауап алу хаттамалары бар болғанымен, бұл адамдар қамауға алынбай, бостандықта жүр», — дейді кәсіпкер.

Кәсіпкер ел басшылығынан жағдайға араласуды және осы қылмыстық істі объективті және заңды түрде тергеуді қамтамасыз етуді сұрады. Осынау заңсыз, қылмыстық әрекет болғанына қарамастан, кәсіпкер қазіргі таңда 8 көлігі үшін бекерге несие төлеп отыр.

«Отбасымда жалғыз асыраушымын. Екі кішкентай балам мен ІІ топтағы мүгедек ата-анам бар. Басыма түскен жағдайға байланысты жалғыз баспанамды сатуға мәжбүр болдым. Құрметті, Президент мырза, осы іске араласып, қылмыскерлердің жазалануына, бұдан былай басқа азаматтардың да мен сияқты жапа шекпеуіне ықпал етуіңізді сұраймын. Сондай-ақ, премьер-министрдің жолдауымен автокөлікті есепке алудың көлеңкелі схемаларымен айналысу тапсырылғаны мәлім. Дәл осы оқиғаны ерекше бақылауға алуыңызды сұраймын, өйткені осы адамдардың осыған ұқсас қылмыстарға қатысы болуы мүмкін», — деп түйіндеді Болатов

Осыған орай төменде Максим Шелков атты автокриминалист-блогердің   YouTube арнасындағы алаяқтық схема туралы видеосын назарларыңызға ұсынамыз.