Қостанайда өтетін «бейберекет жаңа жыл» әкімді шошытты

0
109

Қостанай қаласында мереке қарсаңында «Жаңа жылдық бейберекетсіздік» деп аталатын іс-шара ұйымдастырылғалы жатыр. Бұл туралы қалалық активте қала әкімінің орынбасары айтты, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

«Новогодний беспредел» деп аталатын шараның өтетіні туралы қалалық активте әкім орынбасары Мәжит Шүленов жариялады. Мұны естіген зал толы шенеуніктермен қоса облыс қала басшысы Марат Жүндібаев та шошып кетті.

«Не дедіңіз? «Жаңа жылдық бейберекетсіздік»? Бұл бағдарлама атауы ма? Әлде шынымен бейберекетсіздік болайын деп жатыр ма? Ойлап таппайтындары жоқ», — деді Қостанай қаласының әкімі Марат Жүндібаев.

«Новогодний беспредел» деген жаңа жылға арналған мерекелік ойын-сауық бағдарламасы болып шықты. Ұйымдастырушылар қала тұрғындарының қызығушылығын туғызу үшін осындай елді елең еткізер атау қойған.

Қала әкімі Жаңа жыл қарсаңында бұқарадан әртүрлі сөз естіп, сынның астында қалатынын еске салды. «Бізді «еріп кететін сырғанақ пен мұз айдынын салып, қыруар қаржыны шығындап қажеті не?» деп сынап-мінейді.

Бәрібір балалар үшін мереке ұйымдастыруымыз қажет. Олар бұл мейрамнан ғажайып күтеді, жұрт не айтса да мерекелік шараларға қажеттіні жасаймыз», — деді қала әкімі Марат Жүндібаев. Қостанай қалалық әкімдігі жаңа жылдық безендіруге былтыр 78 млн теңге бөлсе, биыл 80 млн теңге қарастырып отыр.

Фото көрнекілік үшін интернеттен алынады.