Қоянды халқы наразылыққа шықты

0
104

Астанаға 20 шақырым жердегі Қоянды ауылының тұрғындары наразылыққа шықты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Кеше кешқұрым ауыл тұрғындары су тасқыны қаупіне байланысты жергілікті биліктен төтенше жағдай жариялауды талап етіп, наразылыққа шыққан. Қояндыға кіреберістегі жолды бөгеген.

Тұрғындарға жергілікті биліктің өкілдері барған. Полиция қызметкерлері де көрінеді. Арықтың жоқтығынан көшелерге, үйлерге су жайылған. Ауыл тұрғындары мұның бәрі қардың күрелмегенінен туындағанын айтады.

– Біз жылдар бойы осы мәселені көтеріп келеміз. Бірақ жергілікті билік мәселемізді шешпеді. Енді үйлерге су кіріп жатыр, – дейді Ulysmedia.kz тілшісімен сөйлескен тұрғындардың бірі.

Қоянды тұрғындары Астана мен Павлодар қалаларын жалғайтын күре жолды жаппақ болған. Алайда олардың жолын полиция бөгеген. Тұрғындар жұртшылықтың алдына облыс пен аудан әкімі келгенін айтады.

Қояндыда бірнеше күннен бері еріген қар суы аулаларға жайылып, кейбір үйлердің ішіне кірген. Тұрғындар қыс бойы ауылда қардың дұрыс күрелмегеніне наразы.

Әкімдік не дейді?

Целиноград ауданы әкімдігі оқиғаны растайды. Шамамен 50 адам 26 наурыз күні сағат 20.40-та ауыл әкімдігі алдындағы жолды жапқанын хабарлайды.

– Жергілікті тұрғындар су тасқынына қарсы іс-шаралар мәселесіне назар аударту мақсатында жиналған. Түсіндіру үшін жиналғандар алдына аудан әкімі Б.А. Оспанбеков пен облыстың ТЖД бастығы К.К. Доспаев барды.

Сағат онға қарай жолдың бәрі ашылды. Тұрғындар тарап жатыр. Қазір Қояндыда су тасқынына қарсы күшейтілген іс-шаралар жүргізіліп жатыр, – делінген Целиноград ауданы әкімдігінің хабарламасында.

Әкімдік ауылдан 150 мың текше метр қар шығарылғанын атап өтеді. Қарды шығару үшін 10 дана инженерлік және арнайы техника жұмылдырылғанын да қосады.

– Сонымен қатар, Қоянды ауылында 9,5 мың метр арық пен арна, 46 дана су жіберетін құбыр тазартылды. 35 мың текше метр қар суы сорылды. Автожолды жабу сияқты құқыққа қарсы әрекеттерге жол жоқ.

Жолдарды жабу сияқты заңсыз әрекеттерге жол берілмейді. Заңнаманы бұзғаны үшін жауапкершілік қарастырылғанына назар аударыңыздар, – делінген хабарламада.

Фото