«Көздеріңді жоямыз!» Петропавлда суық хабар таратқан кім?

0
492

Петропавл қалалық мектептерінің әлеуметтік чат-топтарында суық хабар желдей есті. Тараған хабарламада дүйсенбі, 19 ақпанда қаладағы бірнеше мектепте терракт жасалатыны мәлім етілген деп хабарлайды Democrat.kz әлеуметтік желі ақпараттарына сүйеніп.

«Бірден айтайық, №13, 32, 4, 10, 23, 9 гимназиялар мен БРЭСТ (негізінен Петропавлда БЭСТ гимназиясы бар) оқу орындарында атыс жасаймыз. Біз 20-дан астам адамбыз. Сендерге оқ жаудырамыз. Барлығыңның көзіңді жоямыз. 19.02.2024 жылы менің тарихта атым жазылатын күн. Бәріңді тазалаймыз. Келесі ақпараттарды күтіңдер» делінген әлгі орысша хабарламада.

Қазіргі кезде Солтүстік Қазақстан облыстық полиция департаменті бұл хабарламаны таратушыларды іздестіру үстінде. Сонымен қатар аталмыш департаменттің баспасөз қызметі барлық қажетті қауіпсіздің шаралары қолға алынғанын айтады. СҚО облыстық полиция департаменті жалған ақпарат таратқан адамның жазаланатынын да тілге тиек етті.

Ал Петропавл қаласының ата-аналарында кешеден бері маза қашқан. Баласының қауіпсіздігі үшін алаңдаған ата-аналар былтыр 13 ақпан күні қаладағы №4 мектепте 9 сынып оқушысының үш оқушыны балталап, ауыр дене жарақатын салған оқиғасын еске алуда.

Фото ашық дереккөзден алынды.