Көзіне шөп салды деп қолы мен шашын кесіп тастаған
Кең-байтақ қазақ даласы аты аңызға айналған тарихи кейіпкерге кенде емес. Бүгінгі материалымызды адалдықтың символына айналған Бегім ана тақырыбына, ол туралы ел ішінде тараған аңыз-әңгімелерге арнағанды жөн көрдік деп жазады Nur.kz. Ақпараттық сайты.
XI ғасырда өмір сүрген делінетін ақылына көркі сай Бегім сұлу Қарабура әулиенің тұңғыш қызы болған екен. Сол тұста селжұқтар елін билеген Мәлік шахтың орнына таққа Санжар отырған.
Санжар ел астанасын Хорасаннан Сыр бойындағы Жанкентке көшіреді де, бұл шаһарды мықты бекініске айналдырады. Ол аң аулап, сейіл құрғанды ұнатады екен. Сөйтіп жүріп Бегім сұлуға көзі түсіп, екеуі бас қосады. Бегім ана туралы аңыз не дейді?
Аңызға сүйенсек, екеуінің махаббатының түбіне қызғаныш пен сенімсіздік, жала жетіп тынады. Сандуғаш Мамышқызының «Сенімсіздіктің құрбаны болған Бегім ана» мақаласында аңыздың А.Нестеровтің 1989 жылы Қазалы жерінде жазып алған нұсқасы келтірілген.
Аңызды 80-ге таяп қалған қарт кісі баяндап берген екен: «Бұрынғы заманда Үргеніштің билеушісі болған Бәгір ханмен замандас Санжар (кей деректерде Шаншар деп айтылады) хан ғұмыр кешкен екен. Ол өз ордасын Жанкент қаласына тігеді.
Ал бұл орданың күйреуі мен Санжардың өлімі мына бір келеңсіз жайттың кесірінен болған деседі. Қаралы күн былай баяндалады. Санжар ханның Бегім атты өте көрікті сұлуы болыпты. Хан өз сұлуын қатты қызғанады екен. Себебі Бегім көркіне көз тоймайтын, ай десе аузы бар, күн десе көзі бар ерекше сұлулықтың иесі болыпты.
Ол Қарабура атты әулие кісінің қызы екен. Бірде, Санжар хан аң аулауға шығады. Қаладан шыға берген тұста қолындағы жыртқыш құсының томағасын ұмытып кеткені есіне түсіп, жанындағы көмекшілерінің бірін бүркітінің томағасын алып келуге жұмсайды. Бұл жұмсаған құлы баяғыдан-ақ Бегім сұлуға ойы кетіп жүрген еді.
Ол томағасын беріп жатқан Бегімнің қолынан ұстап алып, арам тірлік жасағысы келеді. Әрлі-берлі қарсыласқан сұлу одан амалын тауып, құтылып кетеді. Өз арам пиғылын іске асыра алмаған құл қалайда кек алудың амалын іздестіре бастайды.
Санжар хан оның неге кешігіп кеткенін сұрап, тергеуге алады. Ақыры дұрыс жауап бере алмаған құл, патшаның аяғына жығылып, зар илеп: – Мәртебелі, патшам! — дейді ол көз-жасын көлдей етіп, – сізге бір жайттың бетін ашамын, тек өмірімді сақтап қалсаңыз екен.
– Не деп тұрсың? — деп, хан қатты ашуға мінеді, – не боп қалды? – «Жаныңдағы әйеліңе сенбей, астыңдағы тұлпарыңа сен» деп бекер айтпаған ғой… — дейді құлы міңгірлеп. – Не болса да, айт енді, өміріңді сақтаймын!
Осыдан кейін құлы сарайға барып, Бегім сұлудың әдейі аялдатқанын, мұны жаман жолға итермелегісі келгенін айтады. Санжар хан болса, бұл жалған сөздерге құдайдай сенеді. Ол сарайға тездетіп жетіп, қатты ашу үстінде, Бегімнің сол қолы мен бұрымын кесіп тастаған екен.
Ал Бегімнің әкесі бір жаман істің болғанын түс көріп, біледі. Ол Жанкентке келіп, ханға жолығып, болған оқиғаның жай-жапсарын түсінде көргенін, ақиқатқа көз жеткізбей, қызын қорлағанын айтады. Бірақ ашулы хан райынан қайтпайды.
Жағдайды жайғастыра алмайтынын сезген Қарабура: – Ақылыңды бұлай ашуға жеңдіргенің не? Халқыңды хан сарайына жина! Егер қызым күнәсіз болса, сол жерде кесілген қолы мен бұрымы қалпына түсер! — дейді.
Ертеңіне жұртшылық алаңға жиналып, ортаға Бегім сұлуды шығарады. Қарабура айтқандай оның қолы мен бұрымы өз орнына келеді. Бұдан кейін әулие қарт Санжарға қарғысын жаудырып: «мынау қалаң қара жерге айналып, жылан қаптасын!» дейді.
Бұл қарғыс көп өтпей-ақ шындыққа айналып, ордалы жылан қаптап, халықтың бәрін шағып өлтіреді. Тек Қарабура мен қыздары құтылып шығады».
1867 жылы танымал суретші Василий Верешагин Жанкент қаласының өткеніне таңғалып: «Сол кездегі қазақтардың айтуынша, бір замандарда осы маңда ірі қала болған және оның ғимараттарын жылан жайлаған деген аңыз сақталған.
Мұнда патша қызына үйленген хан тұрып, әйелінің опасыздығы үшін оны өлтіргісі келген. Ханның қайын атасы бақсы болған. Ол қалаға жыландарды қаптатып, хан мен оның халқын шағып өлтіртеді», — деп жазады.
Сапарбай Парманқұл «Бегім ана мұнарасы» мақаласында аңыздың мына екінші бір нұсқасын келтіреді: «Аңыз желісі бойынша баяғыда Қарабура әулиенің Бегім атты жан дегенде жалғыз, аса көрікті қызы болыпты. Ақылына көркі сай Бегім сұлуға Санжар сұлтанның көзі түседі.
Көп ұзамай екеуі шаңырақ құрады. Бірде сұлтан аңға шығып бара жатып, қанжарын үйінде ұмыт қалдырғанын біліп, алып келуге қасына ертіп шыққан құлын жұмсайды. Құл сұлтанның тапсырмасын үй сыртындағы ханымға жеткізеді.
Аз-кем уақыт өткен соң үйдің жабдығынан қанжарды ұсынған ханымның аппақ білегі мен саусақтарына құлдың көзі түсіп естен тана құлайды. Қайтып есін жиғанша едәуір уақыт өтеді. Құлдың мұншалықты кешіккеніне ашуланған сұлтан қаһарын төгеді.
Аяқ астынан не дерін білмей қалған құл ханымға жала жауып: «Бәріне ханым кінәлі, қанжарды ала бергенімде, опасыз ханым қолымнан ұстап жібермеді», — дейді. Сұлтан сапарын қойып, ордасына оралады. Істің ақ-қарасын ашпай, Бегім сұлуды зынданға тастайды.
Ол қатыгездік пен әділетсіздіктің, жалған жаланың құрбанына айналып жатқанда, оған араша болатын адам табылмайды. Зынданда жатып әбден қалжырап, көзі ілінгенде түсіне әкесі кіріп: «Балам еріңе шыныңды айт. Адал болсаң, Алла тағаланың жәрдемі тиеді. Тән жарасы да, жан жарасы да жазылады», — деп ғайып болады.
Сол түні Қарабура әулие Сұлтан Санжардың түсіне енеді: «Шырағым, сен де бір балам едің, істің ақ-қарасын анықтап, жаза қолданбайсың ба? Жазықсыз жанды жәбірлеу – ауыр күнә. Адалдыққа араша түспегендерді жылан жұтады», — деп ғайып болады.
Ұйқысынан ояна сала Санжар зынданға нөкерлерін жібереді. Ал тар қапаста отырған Бегім сұлу бәз-баяғы қалпында, ел-жұрт таң-тамаша қалады. Іңір түскенде аспаннан бір мес құлапты. Ғайыптан құлаған ол местің ішінен шыққан жыландар кент тұрғындарының түбіне жеткен. Қатыгездік пен әділетсіздіктің куәсі болған Бегім сұлу кейін күмбез салдырыпты.
Жарықтық қалған жұмбақ ғұмырын сол күмбезде өткізген деседі». Аңыздың тағы бір нұсқасында әділетсізтіктің құрбаны болған Бегім сұлу ақ құсқа айналып, ұшып кеткені айтылады. Бегім ана мұнарасы – ХІ ғасырлардан келе жатқан сәулет өнері туындысы «Қазақстанның киелі жерлері» тізіміне енген Бегім ана мұнарасы – ХІ ғасырдан келе жатқан сәулет өнері туындысы.
Мұнара қазіргі Қызылорда облысы, Арал ауданы, Жаңақұрылыс ауылынан оңтүстікке қарай 35 шақырым жерде орналасқан. «Қам кесектен тұрғызылған Бегім ана мұнарасы шаршы пішінді күйдірілген кірпіштермен қапталған.
Мұнара сегіз қырлы, жоғары жағы тарылып келіп, сегіз қырлы кесілген пирамида іспетті күмбезбен жабылған. Мұнара діңі ортасына дейін монолитті, одан жоғары төбесінде үлкен тесігі бар пішіндегі дөңгелек күмбезді камера орналасқан.
Бұл бөлмеге ескерткіш биіктігінің ортасында орналасқан аркалы ойық апарады. Камераның жоғарғы бөлігі күйдірілген кірпіштермен қапталған, үстінде көлбеу парапетпен қоршалған алаң бар.
Қазіргі кезде ескерткішке жөндеу жұмыстары жүргізілген, бірақ, өкінішке орай, оның алғашқы нобайынан ешқандай элемент сақталмаған», — деп жазады Бегім ана мұнарасын зерттеген авторлар. Мұнара 2013 жылы қайта жаңғыртудан өткен. Оның басына мінәжат етушілер, оның ішінде перзент сүюден үмітті әйелдер көп барады. Жергілікті жұрт Бегім сұлуды кіршіксіз тазалықтың белгісі санайды.
«Мен Бегім ананың мәңгілік тыныстап жатқан жері – «Бегім ана мұнарасы» бой көтерген аймақтың перзентімін. Көне жәдігердің архитектуралық құрылысы да ерекшелігімен көз тартады. Қалың көпшілік әйелдер қауымы үзілместен әулие ананың басына барып түнеп, дұға оқып, құлшылық жасап, мінәжат етеді.
Бұрындары ер адамдар мұнарадан екі жүз метр жерден әйел адамдарды қалдырып, өздері кетіп қалатын болған. Қазір мұнара басына қыз-келіншектерді алып барған көлік жүргізушілері бер жағындағы тілеуханада қалып жүр», — дейді «Бегім ана жайлы аңыз бен ақиқат» жинағының құрастырушысы Гүларша Хұсайынқызы. Бегім ана ер адамдарды қабылдаймайды-мыс деген сенімнен әулиенің басына ер адамдар бармайтын көрінеді.
Міне, есімі сонау он бірінші ғасырдан бері аталып келе жатқан Бегім ана туралы аңыз бен ақиқат – осы. Бір білеріміз, халық ғасырлар бойы Бегім сұлуды тегіннен-тегін адалдықтың символы ретінде әспеттеп, кесенесіне тәу етпесе керек.