Құрбан айт: Ең бастысы шопандардың еңбегі ақталды

0
571

Құрбан шалуда да қадір керек екенін түсінген сияқтымыз. Бұған бауыздаған малымен суретке түсіп, желіге салатындардың сап тыйылғаны мысал.

Өз басым биыл ондайды көрген жоқпын.

Мешіттер мен молдалар да мақтауды тоқтатқан сияқты. Ана кәсіпкер түйе, мына шенеунік сиыр, бандит келіп 90 тұсақ, 40 қой шалды деген әңгіме тоқтапты.

Себебі, құрбандықты әркім өзі мен жақындарының амандығы үшін бағыштайды.

Құрбан айттың алғашқы күні, ел бойынша 35 мыңға жуық отбасыға ет таратылды.

Муфтияттың дерегіне қарағанда , жалпы 20 797 бас мал құрбандыққа шалынған. Оның 18 876 – қой, 970 – ешкі, 944 – ірі қара, 16 – түйе.

Ал, мені тағы бір қуантқаны қой бағасы өсіпті.

Тоқтының 55 мың теңгеден кемі жоқ.

Аналық қойлар 120 мыңға дейін жетті.

Бас үйтіліп, бауыр, бүйрек, жүректен басқасы сол жерде қалып жатыр. Ішек, қарынды терімен араластырып лақтыруда.

Бір байқағаным сатылымға әкелген шопан ата түлігінің жабағы жүні жабысып тұр екен. Қой биыл кеш көтерілген сияқты.

Пышаққа іліккенінің “іші-сырты бірдей” дейтіні көзге шалына қоймады. Осыған қарап марқаның пісіп жетілуі де шілдеге барып қалар,-деп топшыладым.

Есесіне биылғы Құрбан айт тірі қой бағасын рекордтық деңгейге көтерді.

Негізі базарларға да тұтас қой етін 3000 теңгеден өткізуге болады екен. Сонда ерте туған марқаның өзі 20 келіден кем болмайтынын ескерсек шопан ата түлігінің 60 мыңнан төмені жоқ екенін бағамдауға болады.

Мені қуантқан осы! Қойшының маңдай терінің ақталғандығы!

Құрбан шалу әркімнің өз ісі! Өзіміз берер жауаптың өтеуі…

Құрбандыққа қой шалынсын… Алаштың арыстары аман болып!

Болат АМАНБАЕВ, қоғам белсендісі.

Фото көрнекілік үшін.