“Қуырдақтың көкесі” су тасқынынан кейін болмасын

0
264

Қазіргі кезде су тасқыны қаупіне байланысты Ақтөбе, Қостанай, Батыс Қазақстан, Абай, Ұлытау, Ақмола, Қарағанды, Атырау, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облысында жергілікті сипаттағы төтенше жағдай режимі жарияланды.

Бұл дегеніміз Қазақстанның жартысынан астам аймақтың тұрғындарына су тасқыны қаупі зарар берді немесе алдағы уақытта береді деген сөз.Қазіргі кезде Атырау облысы, Құлсары қаласы үш күннен бері әбігерге түсті.

Оған дейін де, өздеріңізге мәлім Ақтөбе облысында қаншама үй су астында қалды. Мұнан бөлек, сумен ағып кеткен мал басы санында әзірге нақты есеп жоқ. Осыған орай “Шудың көкесі су тасқыны біткеннен кейін басталады. Біздің қазақ тірнектеп тапқанын үйіне жапсырады.

Ішіп-жемей, көрмей қалуға бар, бірақ жарқыраған жиһаз, люстраның қымбатын алады, жиған-тергенін ремонтқа жұмсайды”, деп жазады журналист Гүлбану Әниятқызы Facebook парақшасында.

“Соңында бәрін су шайып кетті. Ол қалай өтеледі, қалай есептеледі? Және ауылдағы ағайын қора түгілі үйін де рәсімдемей жүре береді. Оны қалай дәлелдейді? Өткенде жылқы қырылғанда әкімдік пен халықтың есебі екітүрлі болды ғой. Себебі қарапайым жұрт сақтандыру түгілі қорадағы малын чиптеп, түгендеп жүрмейді.

Ертең шығын өтелерде, қанша тауығы, қанша малы бар екенін қалай анықтайды?Халық қазір ашынып тұр. Өтемақы төлеу, құрылыс, көмек беру бәрі әділетті болуы керек. Бір жолын таппаса айқайдың көкесі сонда болады”,- деп түйіндейді өз пікірін журналист.

Расымен де, қазір бас амандығы үшін арпалысқан жұрттың ертең басын сұғат не үйі жоқ,үй тапса да, қасық, шанышқыдан бастап, көрпе-төсекке дейін бәрін қайтадан алуы керек болады. Бұл заттардың әрбірі ақша тұратыны, арзан емесі бесенеден белгілі.

Ал суға кеткен мал шығындары қалай болады? Қалай есептеліп, шығын қалай төленеді? Бұл ендігі ең маңызды сұрақтың бірі болары сөзсіз. Онсыз да әлеуметтік желілерде блікке наразы топтар түрлі үндеу жариялап, наразылық шеруін ұйымдастыруды сөз етуде.

Мынау су тасқынының арты халық наразылығына ұласып кетпей ме? Әзірге билік тарапынан бүкіл шығын өтелетіні айтылып жатыр. Десек те, халыққа бөлінетін қаржы тікелей сол халыққа жетсе, қанеки!?

Democrat.kz.

Фото ашық дереккөзден алынды.