Қырғыздарды біз тек осылай етсек қана жеңеміз

0
855

Баяғыда бала кезімде ауылда  Мырзағали деген көкеміз болатын. Өзі кезінде жігіттің сұлтаны болған кісі еді,  жауырыны қақпақтай,  қияқ мұрт келбетті, ер мінезді жігіт  ағасы болатын.

Оның қосағы  —  Зайра да нағыз күйеуінің теңі бір  толықсыған ақ бәйібше ажарлы әйел еді.

Екеуінің үш ұлы,  бір қызы болды. Балалары да өздеріне тартқан  қызы шырайлы,  ұлдары сымбатты,  еттері тірі пысық адамдар  еді.

Мырзаш көкем шаруа  қожалығын  ұстап,  техникасымен,  трактор  комбайнге иелік етіп,  егін егіп астық сатып бизнес қылып содан байыған ауқатты  шаруаның адамы  — тын.

Дағарадай зәулім үйі болды, біраз малы бар, жері бар,   өзі жақсы тұратын.

Көкемді жалпы  ұлдарын ұяға,  қызын қияға қондырып балаларының жағдайын әбден жасап берген өнегелі отағасы деуге болады.

Өзі көп сөйлей қоймайды, көбі шаруаның адамы,  бірақ ақыл  — парасаттан кенде емес,  сөйлейтін жерін білетін.

Ұзын сөздің қысқасы,  бұл туыстарым  —  өздері бір  үлгілі жанұя еді.

Енді осы Мырзаш көкемнің бір ана,  бір әкеден туған Мағауия деген ағасы   болды.

Жұрт оны Мағаш дейтін. Қара жер хабар бермесін, осы  Мағаш көкем бір бәтуасыз,  берекесіз адам еді.

Көрген адам Мырзаш  екеуін бір ата  — анадан туған деп айтпайтын. Екеуі туған бауыр болса да бір  — біріне ұқсамайды. Мағаш ұсқынсыз,  шағын адам,   бірақ өзі жатыпатар қу,   тілі ащы болатын.

Өзі тракторис,  ішімдікке үйір,  отбасында топырлаған тоғыз баласы бар.

Жағдайы да онша емес еді.

Үйелмелі  — сүйелмелі бала  — шаға,  жоқшылық,  берекесіз отбасы,  тек Мағаш көкемнің шатақ мінезі мен сүйреңдеген тілі ғана бар.

Бұл көкеме жалпы,  жаратушы  туған бауырынікіне ұқсамайтын басқа тағдыр жазған екен.

Бұған қарағанда расында Мырзаш көкемнің  бұл өмірде жолы болғанға ұқсайды.

Мырзаш  қонақ шақырса оған ағасы  Мағаш та  келеді. Келіп алып  ақаңнан тастап жіберген соң марқұм  ләйліп кететін.

Тілімен қағытып, шатақ шығарып  Мырзаш көкемді кекетіп  мұқатып,  шымшып,  жан  — жағына соқтығып отыратын жарықтық.

«Бұл үйде,  мына алтын  сарайда мен тек қолға су құюға ғана жараймын,  әкеліңдер құман мен легенді,  мен құяйын»   деп қонақтардың көзінше бір қуатын.

«Мырзаш екеуміз тек құжат жүзінде ғана бауырмыз»   деп тағы бір кететін.

Мырзағали көкемнің оның ондай қағытпаларына  еті үйренген, өңі   күреңітіп үндемей отыра беретін.

Әйелі Зайра да,  Мағаш қанша  лағып отырса да ауызын ашып ләм мим демейтін.

Екеуі де оның бар еркелігін көтеріп оны  үндемей жеңетін.

Ол кезде баламыз,  ойланбаймыз,  бұның мәніне  бойлай қоймаймыз.

Қазір өзім солардың жасына келгесін, өткенге үңіліп бұл ағайындардың  өміріне  басқаша көзқараспен қарап жүрмін.

Бәлкім бұным пендешілік шығар,  мүмкін қателестім,  бірақ меніңше өмірде жолы болмаған Мағаш көкем өзіне қарағанда бұл пәниде  анағұрлым жолы болған інісі  Мырзашты солай  іштей  көре алмайтын  болу керек.

Ақыл ойы кемшіндеу байғұс көкем сонысын жасыра алмай ішіп алып  оған жиі  қақтығатын болса керек.

Өзін іштей Мырзашпен салыстырып көріп одан қаншалықты төмен екендігін білгесін соған ыза бола ма.. әлде….

«Кедейдің кербезінен сақта» деген,  Мағаш көкем  рас сондай іші тар  кербез кісі  еді.

Бұл мылтықсыз майданның  сырын тек қана  солай жобалап тарқатуға болады. Әрине бұл жерде  қателесуім бек мүмкін,  тағы қайталаймын.

Енді мына тулаққа таласып шатақ шығарып жатқан қырғыздардың әрекетіне қарай отырып сол өзі  бәтуасыз,  өзі шатақ, тілі ащы марқұм Мағаш көкем есіме  оралды.

Қырғыздар да реті келсе қазақты ащы  тілімен қағытып «маңқа»   дегендей болады. Басқасын да айтады. Шалып қалып,  салып қалып отырады.

Ал былай қарап тұрсаңыз, бар жағынан қазаққа жетуді бұл дүниеде қырғызға жазбапты.

Біздің бір Қарағанды облысының ІЖӨ бүкіл қырғыз мемлекетінің тұрмысына тең екен.

Бұл жәй бер жағы, арыға барыспай  — ақ қоялық…

Бүгін бұлар тулақ де шатақ шығарып отыр.

Ертең қырғыздардың тағы басқа жерден ши шығаратындығына  еш күмәнім жоқ және бізге бекер шыр  — пыр болмай бұған үйрене беру керек сияқты.

Тулаққа бола бауырмен  оның әсем, сәулелі  шаңырағына қонақ боп келіп,  оны көрместей болып  кикілжіңге келу….

және  өзінің сол өзеурегенін  «өз  намысын қорғап жатырмын»  деп түсіну тек Мағаштың  қылығы еді,  байғұс ақылсыз көкемнің деңгейі сондай болатын.

Бұлар да  содан аспады.

Біз бұларды тек өнегелі отағасы,  жігіттің сұлтаны,  ақылды Мырзаш боп қана жеңеміз ау…

Олжас ӘБІЛ, саяси сарапшы.

Facebook жазбасы.

Фото көрнекілік үшін интернеттен алынды.