Қырғызстан Қазақстанға нота жолдады
Қырғызстанның сыртқы істер министрлігі депутат Жанарбек Ақаевтың Алматыдағы «Алтын орда» базарында жұмыс істейтін кәсіпкерлерге қысым көрсетіліп жатқаны жөніндегі сауалына жауап берді деп хабарлайды Democrat.kz ақпараттық порталы Азаттық радиосына сілтеме жасап.
Мекеме кәсіпкерлерден түскен хатты Қазақстанның сыртқы істер министрлігіне және Алматы облысы, Қарасай ауданы полициясына жолдаған.
«Жақын күндері «Алтын орда» базарының басшылығымен кездесу жоспарланып отыр. Қазір қазақ жағы бұл жағдайды тексеріп жатыр. Арызданушыларға құқықтық көмек көрсетіліп жатыр» деді СІМ өкілі.
Таяуда Жогорку кеңеш депутаты Жанарбек Ақаев Алматыда жұмыс істейтін ондаған қырғыз кәсіпкері өздерінен Ермек Марқабаевқа қарсы жалған мәлімет беруді талап етіп, олардың тауар сақталған контейнерлерін тартып алып жатыр деген шағымын жеткізген.
Былтыр жазда Алматыда қырғыз азаматы, «Алтын орда» базарының директоры Ермек Марқабаев ұсталған. Оған және оққағарына қатысты «қару-жарақ, жарылғыш заттарды заңсыз сақтады» деген айып тағылған.
Ақпан айының басында Қарасай аудандық соты Ермек Марқабаевты 4 жылға бостандығынан айырды. Сотта ол өзіне тағылған айыптардың бәрі жалған деген.
Фото ашық дереккөзден алынды.