«Қыздық» саудасы: Сұраныстан пайда болған тауар (ВИДЕО)

Әлеуметтік желіде емін-еркін «қыздық» сатып жүрген интернет-магазинтерге қатысты оқырмандар ренішін білдірді деп жазады Democrat.kz.
Ерке деген атпен тіркелген сатушы қыз ТикТок әлеуметтік желісінде «қыздық» сатып жатыр. «Қыздық» келді, жаңадан келді. Сапасы өте мықты. Осыны алып, күйеуге шығып, бақытты болып жатқан қыздар өте көп» деп Ерке саудасын жүргізіп отыр.
Осы видеоға байланысты оқырман қауым «бұл не сұмдық! Неге мынадай саудагерлерді жауапқа тартпайды?», «мен полицияға арыз түсіремін» деп реніш білдіріп жатыр.
Сонымен қатар «қыздықтың» сапасы мен бағасын сұрап жатқандар да аз емес.
Жалпы, сұраныс болмаса, тауар шықпайды ғой. Бұл «қыздық» деген де сұраныстан пайда болған тауардың бірі.
Жаңа түскен келіннің ақ босағаны «пәк» болып аттауына үлкен мән берген халықтың біріміз.
Десек те, соңғы уақытта көбейген зорлық-зомбылық жағдайларға қарасақ, «пәктік» туралы айту біраз артық та болмай ма?
Еркінен тыс зорлыққа ұшыраған қаншама қыз бар. Ол қыз «пәк» болып босаға аттамаса, жағдайы не болмақ?
Мәселенің келесі жағынан алып қарасақ, «пәк» болып тиген күйеуінің қолынан ажал құшып жатқан әйелдеріміз қаншама. «Пәк» болып келіп, таяқтан көз ашпай жүрген қыздар қаншама?!
Осыдан кейін «қыздықтың» керегі бар ма деген сұрақ өз-өзінен туындайды.
Осыдан кейін «қыздықты» сатып алып бақытты отбасын құрған дұрыс па деген ой да мазалайды.
Сіз қалай ойлайсыз, «қыздық» деген керек пе? «Қыздықтың» сатылуы дұрыс па?
Дайындаған — Хақназар САДЫРХАН.
Фото көрнекілік үшін.
@aeluck77