Қызыл орамалды келіншектің тағдыры

0
589

Кезінде ауыл шетіндегі қара суда, ертелі – кеш жалақ ойнайтын ерке қыз бір күндері бой жетем деп ойлапты ма десеңші? Қара ешекке жегілген үлкен арбаның үстінде тұрып, бар даусымен шабындыққа жеткенше ән салатын.

Жасы жетпіске жетсе де қолынан шалғысы түспейтін аппақ әжесі мұның «репертуарындағы» әндердің негізгі тыңдаушысы еді. Өлең айтудан шаршаса, әжесінің сала құлаш етегін ала жайғасып алып, бұған беймәлім тек атасы мен әжесі ғана өмір сүрген бақытты бір заманның әңгімесін тыңдайтын.

Немеренің үлкені болғандықтан ба, кішкентайынан әжесінің қызы болып есептелетін. Бұл қыздың табанына кірген шөгір, менің маңдайыма қадалсын деп отыратын аппақ әжесі бойындағы бар жақсы қасиеттің барын немересіне өле – өлгенше өсиеттеп өтті.

Өз туған әке – шешесін аға – жеңге деп өскен ерке қыз мектепті де ойдағыдай бітірген. Сосын ауылдағы туған үйден алыс емес, облыс орталығына барып, белді бір жоғарғы оқу орнына құжат тапсырған.

Сол жылы- ақ мемлекеттің грант негізінде оқитын бір студенті болды да шыға келді. Толқындаған алтын түстес шаштары дудырап, бұйра кекілі көзіне түсіп кешкілік тек сабақпен ғана айналысты.

Әлдеқалай киноға бара қалса, жанындағы жатақханалас курстас қыздарды алдына салып алып қайтатын. Қыдыру, жігітпен қолтықтасып көше кезу мұның табиғатына жат еді.

Жігіт атаулыға көз қырын да салмады. Көкіректігі емес, жаратылысы солай еді. Қаздиған аяқтарын дік-дік басқан күйі, институттың табалдырығын үш жыл тоздырды.

Үшінші курсты ойдағыдай аяқтап, ауылға келген демалысында құрбы қыздармен көрші ауылға туған күнге келді. Сол күні мұны, көрші ауылдың жігіттері басып алып қашты.

Ауыздарынан жүрек айнытар арақ иісі аңқыған, әпербақан бес – алты жігіттің қайсысының алмақ ойы бар екенін ұқпай дал болған. Бақандай бес жігіт мұның аяқ -қолынан басып отырып, ауыл сыртындағы оқшау орналасқан бір үйге әкеліп, картоп түсіргендей лақтыра салды да, етек-жеңіне сүрінген бір әйел аттандап жүріп салған ақ орамалын басына тартып келіншек боп шыға келді.

Бұл еңіз -теңіз жылап, артынан қуып келген апа-жеңгенің етегіне жармасып калмай тулағанымен, дуалы ауыз үлкен жеңгесінің ар -ұятты қыстыра отырып сөйлеген бір ауыз сөзінен соң, бүк түсіп отырып қалды.

Әжесі аманаттаған ар- ұят қой ол, қалай ғана аттап өте алсын. Содан кейін бірінен -бірі айырғысыз, сұрқай күндер жылжып жүре берді.

Сиыр сауу, үй жинау, тамақ дайындау, ата-ененің дәрет суын ысыту, нан жабу, құрт қайнату, тезек теру – мұның күнделікті тынымсыз тірлігі.

Келіндік міндетім деп қабылдайтын бір кездегі ерке қыз ешкімге қабақ шытып қарсы келмейді де. Үн- түнсіз, артық – ауыс әңгімемен шаруасы жоқ, ел аралап өсек термейтін тәрбиелі келінін ата – енесі туған қыздарындай жақсы көрді, обалы не керек?

Оңаша әңгіме, ортақ сырлары жоқ болғанмен де келіншек күйеуін құдай қосқан қосағым деп іштей жақсы көретін. О баста алып қашып кетсе де келіншек Байболсынның бір тоға тұйық мінезіне көндігіп, қой аузынан шөп алмас момындығына мойынұсынған. Соңғы кездері жанын жеп жүрген бір мазасыз ой – орталарында бір шарананың жоқтығы. Тіпті аяқталмай қалған оқуында жалғастыруға құлқы қалмаған да сияқты.

Ал күйеуі бұдан гөрі есік алдындағы май – май қара тракторды жақсы көретіндей. Таң ағарып атса бітті, тракторды тепкілеп тұрып от алдырады да, ауыл сыртындағы күріштікке аттанады.

Кеш бата сүрініп – қабынып кіреді де, қалғып – мүлгіп отырып алдына қойған асты ішіп алып қорылға басатын. Ал бұл болса, көзіндегі сорлы тамшыны жасыра сүртіп, есік алдында көйлегі ағараңдап айға қарап әңгіме айтатын.

Бала кездегі қиялылығынан қалған жұрнақ. Рас, күйеуі қол көтеріп ұрмақ түгілі, ешқашан керілдесіп ұрыспайтын, араққа тойып келгенде ғана «аппағым» деп бетінен сүйіп қоятын, мұндайда келіншектің қуаныштан жүрегі жарыла жаздайтын.

Баяғы хат жазатын ауылдас жігіттен басқа ешкімді ұнатып көрмеген келіншекке бұл да бір үлкен жұбату еді. Жердегі жұмақ – өзі туған ауыл, өмірдің ең қызығы – қара трактор, жұмыстың ең қызығы – күріштік деп түсінетін Байболсын, бетіне жел тимей өскен бұла қыздың қай қылығына мән берді дерсің?

Іштей жақсы көрсе де, келіншегінің алдында өз – өзін кінәлі санайтын. Кейде осыған бар сырын ашып айтқысы – ақ келеді, бірақ біткен жараның аузын тырнап алатындай бата алмайды. Өзін қаншалықты жақсы көретінін келіншегі байғұс сезбейтінде еді. Көзінің алдында орамалы ағараңдап келіншегін жүрсе болды, әйтеуір осы үйден кетіп қалмаса болғаны деп тілейді кей – кейде Байболсын. Сөйтіп жүргенде арада төрт жылдың қалай зулап өткенін де байқамай қалыпты.

Құс ұйқы боп шетсіз – шексіз бір ұшы – қиыры жоқ ойдың құшағынан арыла алмай жүрген келіншек күйеуімен ашық сөйлеспекке бекінген. Бар ойы дәрігерге қаралу. Тіпті болмаса бала асырап алу.

Кішкентайын қол арбаға отырғызып қыдыртып жүргенін көз алдына елестеткен келіншектің кенет кеудесін ерекше бір қуаныш билеген. Жұмыстан шаршап қайтатын күйеуіне ерекше болып көрінгсі келген.

Қойылған сұраққа не «иә», не «жоқ» деп қана жауап беріп, артық сөйлемейтін қалпынан бүгін жаңылып, баяғы әжесі екеуі шабындыққа барғанда айтатын өлеңдерін еске түсіріп ыңылдаған.

Еріксізден – еріксіз айна алдына мың мәрте барған. Төсек – орнымен бірге келген ақ сандықтың түбін ақтарып, опа – далапын тапқан. Қыз күніндегідей қасын керіп бояған. Баяғы бұйра – бұйра алтын түстес шаштарын орамал астына жасырғалы қаншама жыл.

Қызыл орамалын басына гүлдеп байлады да, шетінен алтын шаштарының шетін шығарып қойды. Мұнысы келіншекке тіпті керемет көрінді.

Сосын гүлді – гүлді қызыл халатын, енесі Алматыға барғанда әкеп берген сары гүлді алжапқышын тұтып сыртқа шығып, күлімсіреп жүріп күнделікті тірлігіне кіріскен.

Әрине, мұның бәрі қырағы көз енеге ерсі көрінді. Келіні әдеттегіден тым ерекше көңілді. Қарт ананың іші жылып сала берді. Осы үйге келін боп енгеннен бері оның бұлай сәнденгенін көрмеген. Мүмкін, төркінінен біреу – міреу қонақа келе жатқан шығар деп ойлады. Бірақ құда – құдағиы әуелі қарайып отырған шалы екеуін хабардар етсе керек – ті.

Шетсіз – шексіз армандар, көңілімнің таппай бір емін,

Өмір атты орманда адасып жүремін мен бір.

Ғайып болды көп нәрсе, көрінбейді көзге ештеңе,

Көз алдында елестей қол бұлғап кетті ақ кеме.

Трактордың моторымен қоса дарылдап өзінше әнге салып Байболсын келеді. Совхоз бастық күріштікті аралағанда, Байболсынның күріштігін ерекше атап өткен.

Биыл жаз жаңбырлы боп құдай берген, салы жарықтық жылдағыдан әлдеқайда бітік. Осындайда Байболсын шалқымағанда кім шалқысын?

Арақ ішкен күндері жайшылықта майдан қыл суырғандай ғып отырып сұрағыңа жауап алатын Байболсыннан өткен шешен ешкім болмайды. Айтатыны – күріштің жайы, қара трактор, Сырдың балығының дәмділігі. Жаманды – жақсылы бригадир жігіт кейде бөсіңкіреп мақтанып та алады. Бірақ қазіргі ән салуы – жабырқаған жанын жұбату ғана. Бүгін бас агроном, тағы бір бригадир жігіттер мен зоотехник болып, совхоз бастықты аудан орталығына әке – көкелеп жүріп шығарып салғаннан кейін, әдеттегідей қызыл жыңғылдың көлеңкесінде дастархан жайысқан.

Сүбелі ет, сүрленген қазы, еті мол палауы бар, бір – екі бөтелке ақ арағы бар дастархан басында ырду – дырду әңгімеге кіріскен.

Содан барлығы ойласып алғандай ұл – қыздарының қызықты қылықтарын, мектептен әкелген бестіктерін, алыстағы оқудағы баланың жайын сөз қылыссын.

Бірде – біреуі күріштікті, тым құрығанда мал жайын сөз етпеді – ау. Ішіне бір екі жүз грамм барғасын Байболсын да шешіле сөйлегісі келген.

Сөйтсе, мұнда мектептен бестік тұрмақ екілік әкелетін бір бала жоқ екен ғой. Қалай ғана ойланбаған. Әй, әйел алғалы төртінші жыл сырғып барады, жұрттың үйіндегі іңгәлаған дауыс мұның үйінен естілмеген екен. Қалай ғана байқамаған?

Жалаң бұт кезінен салы суарып, масақтың үстінде түнеп, талай таңды күріштікте атырған Байболсын осы күріштен басқа не ойлапты? Әйтеуір ел қатарлы үй болып отырғанына мәз боп жүре берген екен – ау.

Егер сол кезде арақ ішіп даудырап жүрген достарымен көрші ауылдан осы қызды ұрлап әкелмесе, қатын алмай сүр бойдақ боп жүре бере ме еді, құдай біледі? Өз ойына өзі тұншығып, алдына қойылған кезекті бір жүз грамнан бас тартып, тракторына отырған ол ауылға тартып кетті. Ойларында ештеңе жоқ қызу топ қала берген.Трактор тарылдап аулаға жартылай енген де, өшкен.

Май басқан сұр күпәйкесін тіркемеге атып ұрған Байболсын:

Ғайып болды көп нәрсе, көрінбейді көзге ештеңе,

Көз алдында елестей қол бұлғап кетті ақ кеме. – деп ыңылдай өзінің мас кезіндегі сүйікті әніне басып, ағаш үйге беттеді

Қызыл орамалын түзей сала келіншек күйеуінің алдынан жүгіріп шықты. Қолында жылы су толған құманы, ақ сүлгісі. Ағаш үйдің босағасында не әрі, не бері өтпей табалдырықта тұрған күйеуі бұған ызғарлы, зәрлі көзімен жалт етіп қарады. Келіншек селк етті.

Өмірінде мұндай суық көзқарасты сірә көрмеген шығар – ау? Не деген суық еді, жанары? Байболсын әлдене айтқысы келгендей оқталған, өткенде ғана төлдеген сақалды қара ешкінің бұйра бас лағындай боп бұған жәутеңдеп қарап тұрған келіншегін сол сәт сұмдық аяп кетті.

Сосын дауысын не барынша жұмсақ шығаруға тырысып: «Әп – пә-ғы-ы-м» деді. «Білесің бе, мен сені жанымнан артық жақсы көремін, мейлі бізде бала болмасын, бірақ мен сені ешқайда жібермеймін» дегісі келген, бірақ қай түлен түрткенін қайдам «әппағым, осы неге бізде бала жоқ?»,- деді. Дауысы тым қатты шыққанын өзі де аңғарған. Бірақ келіншегіне бұл сөздердің ашық күндегі жай оғындай әсер еткенін сезбеді де.

Сол – ақ екен өзі әзер тұрған келіншектің көзінен жас тамшылап қоя берсін. Енесін қарақұрт шағып өлтіргенде бұйра бас лақ сұмдық бір аянышты көзбен қараған.

Келіншегінің қой көздерінің аяныштылығы одан да өтіп кетті. Бір ауыз тіл қатпады. Ал кеп жыласын келіншек, ал кеп жыласын. Көзіне жаққан бағанағы бояуы бетін айғыздап ақсын.

Не дауысы шықпайды, не өксімейді көздері бұлақ боп кеткендей. Байболсын керегеге сүйеніп біраз тұрды. Сыртқа шыққанда қызыл ормалын тістелеп отырған келіншегі бейне бір мелшиіп қатқан балбал тас сынды көрінген.

Қарадан – қарап тұрып Байболсын бір ызаға булықсын. Керзі етігін гүрс – гүрс еткізіп екі аттап, келіншектің жанына жетіп барды да күректей алақанын көтерген. Сол сәт келіншек жалт етіп қараған, күректей алақан байғұс келіншектің бетіне сарт ете түсті. Тұрмақ болып ыңғайланған келіншек жерге жалп етіп құлаған. Жерге көбелек құсап қонған қызыл орамалды жалпасынан бір басқан Байболсын тракторына жұлқына отырды да күріштікке тартты. Бір таза арақ үш күннен бері салымен бірге суға батып тұрған. Соны ішпек.

Көршіге барып қысыр әңгімемен уақытын оздырған кәрі ененің көзі киіз үйінің түндігіне түскен. Әлі жабылмапты. Үй шаруасына пысық келіні мұндайды қалт жібермесе керек еді.

Үй ішінде мың айналған кемпір беті – ауызы көкпектей боп ісіп кеткен келінін ағаш үйге сүйеніп отырған жерінен тапты. Мұны көре сала келіні орнынан атып тұрып құшақтап алып солқылдап тұрып жыласын.

Енесі келініне қоса жылаған. Не болса да, бір сұмдықтың бір күні болмаса, бір күні боларын сезіп еді, кәрі жүрегі. Сол болған екен де. Келінінің неге жылағанын енесі айтпай – ақ түсінген.

Байболсыны Алладан бір, адамнан екі сұрап алған жалғыз ұлы. Бес – алты қыздың ортасында өскендіктен бе бетіне жел тигізбеді.

Әзизасын Байболсыннан артық көрмесе, кем көрген емес. Ағыл – тегіл жылаған келіншек енесінен аяулы әжесінің иісі шығатынын байқап, одан сайын егілген. Сол күні келіншек енесінің жанына жатты.

Байболсын күріш басында түнеген. Өсербай ақсақал аһылап – үһілеп көрер таңын көзбен атырған. Кемпір түнімен шошып шыққан келінін ұшықтаумен болған.

Күріштікті су алып, ары – бері шапқылаған Байболсын үш күн дегенде әрең үйге келген. Көздері кіртиіп, сақал – мұрты едірейіп тұрған түрі адам шошырлықтай екен. Ешкімге тіктеліп қарай алмаған.

Әке – шешесі келінге байқатпай ұрсып алды. Құманы мен ақ сүлгісін көтеріп әдеттегідей – ақ келіншек алдынан шыққан. Бірақ амалсыздан міндетін атқарып жүрген жаман солдат сынды сүлесоқ кейіпте.

Байболсын кінәлі көзімен жапақ – жапақ етіп қараған, кешірім сұрағысы келген. Бірақ қолынан келмеді. Ал келіншек күйеуін әңгіме айтар, кешірім сұрар деп күтті. Қорылға басып қамсыз жатқан күйеуіне қарап отырған келіншек шарасыз күрсінді. Иығына басын қойып, бала күндері туралы сыр шерткісі келген. Күйеуін күйеу ретінде, адам ретінде жақсы көретінін, осы бір қоңырқай өзгелерден айырмашылығы шамалы тірлігін жақсы көретінін, тракторға мініп күріштікке барғысы келетінін, бетіне тиген шапалақ үшін ешқандай кек сақтамағанын, бәрін – бәрін айтқысы келген.

Байболсын сол баяғы дүлей мінезіне салды да, ала таңнан келіншегі дайындап қойған азанғы асқа қарамастан күріштікке аттанған. Кешке тағы да көз ұшында қол бұлғап кетті менің ақ кемемге салып келген.

Байғұс келіншек жаны қалмай жаутаңдаған. Бар жан – тәнімен бала туралы әңгіме қозғамаса екен деп тілеген. Керуерт үстінде ықылық атып отырған Байболсын: «Әзиза» деген, «Әзиза, мен баламның болғанын қалаймын, сен ше?» деген. Келіншек тіс жарып ештеңе демеді.

«Егер кеткің келсе мен қарсы емеспін, сен бәрібір мені жақсы көрмейсің ғой»,- Байболсын не айтып отырғанына мән бермеген. Ашулы көздерімен жалт етіп қараған келіншек: «Бұл әңгімені неге осыдан төрт жыл бұрын айтпадың, неге сол кезде кет деп айтпадың?» деген ызаға булығып. Өмірінде бетін қайтарып, қатты сөйлемеген келіншегіне Байболсын таң қала қараған. Екеуінің әңгімелері аяқсыз қалды.

Ата – енесін келінге ғана тән аса бір ізеттілікпен Бөкенбай шалдың асына жіберген соң, келіншек үй – ішін ықтияттап жуып шықты. Есік алдын айнадай етіп сыпырды. Ып – ыстық қып нан жауып, тамақ пісірді.

Самаурынға шай қойып, дастархан жасап, бетіне ақ мәрліні жапқан күйінде қалдырды. Сосын кішкентай қол сөмкесіне бар құжатын жинап салып, өзіне белгісіз беймәлім бағытқа жолға шықты. «Мен кетейін, бала туа алатын басқа әйел алсын, еркек кіндіктен жалғыз ұлдың бағын байламайын» – дейді өз – өзіне сыбырлап.

Ауыл сыртындағы жалғыз аяқ жолмен, орталыққа қарай ағыл – тегіл ағып жатқан машиналар өтетін үлкен трасқа кетіп бара жатқан Өсербай ақсақалдың келіні қызыл орамалы желбіреп жолға шықты.

Ауылдан әбден ұзамай басындағы орамалын алмады. Ойы қаладағы группалас қыздарына бару. Ләжі келсе оқуын жалғастыру. Туған үйін өлсе де аттап баспас. Қайтып келген қыз кімге сыймақ?

Байболсын түскі асын үйге барып ішкісі келген. Келіншегін көргісі келді. Жүрегіне әлдебір жылы сезім енген. «Қандай жағдай болса да мен сенен айрылмаймын. Баланы асырап – ақ аламыз. Бірақ сен кетпеші. Мен сені жақсы көремін ғой»,- деп күбірлеген.

– Әзизаш, ә, Әзизаш сен қайдасың? Мен келдім ғой. Тамағың дайын ба, қарным ашып тұрғаны, –

Байболсын ауланы басына көтере айқайлай кірді. Жылы су толы құманы мен ақ сүлгісі бар келіншегін күткен. Көре сала көтеріп алып бар сыры мен шынын айтпақ. Бірақ келіншек Байболсынды да, ауанымен астан қайтқан ата – енесін де қарсы алмады.

Сол түні Байболсын еріксізден – еріксіз жылаған. Ақылмен емес, арақтың уытымен шыққан ойсыз сөздерін есіне алып, күйіне жылаған. Екі көздері төрт боп, елеңдеп жолға қарағыштап жүрген әке – шешесіне Әзизаның енді қайтып келмейтінін бүгежектеп отырып айтқан. Әкесі қолындағы дырау қамшысымен, бұның жон арқасынан тіліп түсті. Ысылдап тұрып: «Ессіз неме, жынды суды ішіп есірген ессіз неме!» деген. Байболсын бүк түсіп отырып қалды. Шешесі іс тіккен боп ішкі үйге кіріп жылаған. Өсербай ақсақал жоқ қараған боп, қора сыртына шығып жылаған. Осы бір шүйкедей ғана бұйра бас ақ сары келіншектің қаншалықты қымбат екенін сонда ұққан. Бұл үйдің жылуы сол барда екен ғой, өзімен бірге бар жылылықты алып кеткен екен. Хан сарайындай көрінетін алты бөлме үйі қаңырап қалған.

Тіпті қыт – қыттаған қара тауыққа дейін қызыл орамалды келіншекті іздеген. Желіні сыздаған қара сиырда қызыл орамалды келіншекті іздеп мөңіресін. Бұйра бас лақ қораның бір бұрышына тығылып қызыл орамалды келіншекті күтсін.

Ал бұл көздеріне бар мұңды толтырып алып – ақ, күлімсіреп жүретін Әзизаның қызыл орамалы мен сары гүлді алжапқышы көз алдына елестеп жыласын.

Өкініштен бармағын тістеп тұрып жыласын. Келіншегіне қол көтерген сол бір күнді қарғап жыласын. Шынымен ақ кемесі қол бұлғап кеткен екен.

Әзизаны қаладан құрбылары күтіп алған. Келіншек қызыл ормалын басынан жұлып алып, сөмкесіне тыға салған. Бастары қосылғасын бір көңілді дырду басталып кетті. Аз – аздап ақаңнан ұрттаған келіншек ешнәрсе ойламаған. Сілікпесі шығып билеген. Басы қалт – құлт етіп бір бұрышта жылаған, әжесін іздеген. Бұған білдіртпей сырттай бақылап жүрген жақын құрбысы жанына жетіп келген. Бұған ойлы көздерін қадап тұрып «Әзиза, не боп жүр саған?» деген. Әзиза құрбысына тік қарай алмады.

Келіншек ертеңіне күйіп – жанып қатты ауырды. Сандырақтап әр нәрсенің басын шатып сөйлейді. Қара тауығы, бұйра бас лағы, қарақұрт шаққанда қиналып өлген қара ешкісі, бір сауғанда бір шелек сүтті бір – ақ беретін қара сиыры, енесінің жабырқаулы жүзі, атасының ашулы кескіні, кінәлі көзімен жапақ – жапақ етіп қараған күйеуі – түнімен түсіне кіріп мазасын алған.

Біресе арбасыз қара ешекке мінген әжесі бұған салқын қарайды екен. Әжесінің ешекке мінгені жанын шошытты. «Мен саған аманаттаған ар – ұятың қайда?»,- дейді, дейді де әжесі күнге шағылысқан күміс шалғыны бұған қарай әуелете лақтырады. Әзиза шырқырап жылап, әжесіне қарсы жүгірген.

Сірә, түндегі арақтың әсері болса керек. Құрбысының есі шықты. Әйтеуір Әзиза кешқұрым басын көтерді. Есік алдына шығып отырмақ болып сыртқа беттеген, кенет енесінің майлы сүттен жасайтын сары құртына аңсары аусын.

Аузынан сілекейі шұбыра құрт іздеген. Іздегені құрт емес, майлы палау сияқты ма немене? Біресе құрсағында әлдене жыбырлайтындай. Әуелгіде түкке түсінбеген Әзиза қуаныштан еңіз – теңіз еңіреп қоя берді. Әжесі күміс шалғысын бекер лақтырмаса керек – ті.

Өзінше ұршық иірген боп ішкі ойымен арпалысып отырған кемпір есіктің көзінде не бері, не әрі аттамай селтиіп тұрған келінін көргенде қолынан ұршығы ұшып түскен.

Келіншек сасқанынан басын сипады, орамалым бар ма деп ойлаған. Мал жайғап жүрген Байболсын қызыл орамалдыны көзі шалып, жүгіріп жеткен.

Қақырынып ағаш үйден шыққан ақсақал келініне көзі түскенде намаз оқымақ ойын ұмытып қалды. Қызыл орамалды келіншек иіліп сәлем салған.

Сәлем салған да аптығып – ұптығып: «Әже» деген «Әже, майлы құрт берші» деген. Көпті көрген көнекөз кемпір «А, құдайлап» келініне тұра жүгірді. Өсербай ақсақал құбылаға қарап Алллаға мың да бір шүкіршілік еткен.

Қора ішінде бұйығып жатқан бұйра бас лақ маңырап атып тұрды. Жағы қарыспай қыт – қыттап жүрген қара тауық кетегіне қарай беттеді. Қара сиыр мөңіреп қоя берді. Байболсын өмірі істемеген әдетін істеп келіншегін құшағына қысқан.

Келіншегі жас толы қуанышты көзін күйеуінен жасырып, әлдене деп құлағына сыбырлаған. Жасы отыздан асқан отағасы балаша секірді.

Кемпір босағадағы стол үстінде жарбиып жатқан телефонның құлағын бұраған: «Көрші – қолаң, құда – құдағиларды шақырып, ауыл үлкендерін жинап бір шәугім шай берейік, бата алайық»,- дейді жан – тәнімен бір Алласына сиынып, намазына берілген шалына.

Шалы намаз оқығанда сөйлемек түгілі, намазын бұзамыз деп жыбырламайтын әдетін ұмытып кеткен сыңайлы.

Автор: Гүлжайнат БЕКЕН.

Әңгіме әлеуметттік желіден.

Фото көрнекілік үшін.