Латын әліпбиіне өтудегі кедергілер
Елімізде латын әліпбиінің қашан қолданысқа енгізілетіні әзірге белгісіз. Өйткені жаңа әліпбиді әлі де жетілдіру керек. Оған көп уақыт кетеді дейді жауапты ведомство өкілдері. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның “Информбюро” бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
Тіл саясаты комитеті өкілдерінің айтуынша, латын қарпін зерттеумен қазір Ахмет Байтұрсынов атындағы тіл білімі институты және “Тіл қазына” ұлттық ғылыми-тәжірибелік орталығының мамандары айналысып жатыр. Әсіресе “и”, “й”, “ы”, “і” әріптерінің таңбалануына байланысты өзге тілдердің тәжірибесі ескерілген.
Латын әліпбиі былтыр мамандардың сынағынан өткенін айта кетейік. Десе де қолданысқа енгізуге әлі де ерте дейді комитет өкілдері. Бұдан бөлек ғалымдар түбі бір түрік әлеміне ортақ әліпби жасау үшін де жұмыс істеп жатыр екен.
2023 жылы Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған түркі тілдес халықтарға ортақ әліпби құру бастамасын көтерген. Ал осы ортақ әліпбиге ел ғалымдары қазақ тілінен екі әріпті қосуды ұсынған.
«Халықаралық Түрік академиясының ұйымдастыруымен өткен комиссия отырысында және халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияда түркі әлеміне ортақ әліпбиге байланысты сұрақ көтерілді. Онда Қазақстан, Түркия, Әзірбайжан, Өзбекстан және Қырғызстан елдеріндегі тіл білімі ғылыми-зерттеу институты мамандары қатысты. Қазақстандық ғалымдар ортақ әліпбиге қазақ тіліндегі “ұ” және “і” әріптерін енгізуді ұсынып отыр”, – делінген ҚР тіл саясаты комитетінің баспасөз қызметі ұсынған ақпаратта.
Бұған дейін де ғылым және жоғары білім министрлігі тіл саясаты комитетінің төрағасы Ербол Тілешов қазір латын графикасы бойынша жоба дайын, бірақ латын әліпбиіне нақты қай жылы көшетінімізді айту қиын екенін айтқан.
«Қоғамда «латын әліпбиін әзірлеушілер үнсіз қалды, қабылданбайтын болды ма?» деген әңгімелер бар, оны әлеуметтік желіден оқып жүрміз. Анығында олай емес, дау-дамайсыз, осындай әдістемелік-зерттеу жүріп жатыр. «Ы» мен екі «И»-дің таңбалануы бойынша ғалымдар арасында пікір қайшылығы әлі бар. Әрине, Ахмет Байтұрсынов белгілеген 28 таңбамен шығуға болар еді, бірақ тіл де жаһанданусыз тұра алмайды. Тілімізге сырттан енген «В», «Ф», «Һ» дыбыстарын қалдыру керек пе, қалдырмасақ «футбол» сөзін қалай атап, қалай жазамыз деген мәселе бар. Әріпті қалдыру сырт көзге оңай көрінгенімен, бәрі емле ережесіне сай келуі керек. Сондықтан ғылыми-сараптау жұмысын күшейтіп жатырмыз», – деді ғалым.
Фото ашық дереккөзден алынды.