“Magnum дауы”: “Жұмыртқасыз құмайдың” кері болды

0
469

2000 жылдың күзінде біздің ауылда бір оқиға болды. Бұрынғы совхоз байлығын иемденген ТОО басшысы ауылға алғаш рет 4 омон жалдап әкелді. Мал базын, жем сақтайтын қойма мен ТОҚ-ты күзететін.

Ара-тұра қолына автомат ұстап, көшеде сес көрсеткен боп жүретін 4 жігіт бір күні жүз грамның буымен ауыл шетіне кіре бергенде Құрмет дейтін (аты қысқартылды) бір ауылдасымызды сабап тастапты. Сабағанда да жанды жерінен тепкен ғой. Ауыл өре түрегелді.

Ауыл адамдары ұйымшыл келеді, 40 жігіт сол түні 4 омонды тыздақ қақтырып, Баз жақтағы ескі үйге сүйреп әкеледі. Тек ұрып-соқпаған, біраз үркітіп-қорқытып, бір-екі қызба мінез ағаларым ат құйрығына сүйретем деп, ақырып, айхайлаған болды.

Әйелдер жағы шулап, бір-екеуінің бетін тырнап алыпты. Таңертең арыз жазылып, істі сот арқылы шешетін болысады. Сөйтіп түн өткен.

Таяқ жеген Құрмет ағамыз тұра алмай түнімен ыңыранып, біздің үйдің түкпі бөлмесінде жатты. Елдің бәрі о кісіні Құмай дейтін. Жанды жерінен жарақат алу деген ауыр болады екен, кіші дәреттің өзін шыңғырып тұрып сындырады байғұс.

Таңертең “ердің құны” деп шулап, еліріп жүрген елді есеңгіретіп тастаған бір жағдай болды. Түнімен тергелген төртеу келіп, Құмкеңді алып шығып, 5 мың теңгені қалтасына сүңгіткен ғой.

Ағамыз болса, түнімен 5 адам, 10 адам боп жамыраса жазған арызды жыртыпты да, үйіне тайып тұрыпты. Содан түнімен дүрліккен ел не істерін білмей аңтарылған да қалған.

Жеме-жемде Құмай ағамызбен сөйлесіп те үлгермей қалған жігіттер ашуын асықпай алыпты.

Бірде басқасы бар, Құмайы бар, бір топ жігіт ішіп отырады ғой. Ауыл адамдары Құмкеңнің сатып кеткен оқиғасын ұмытсын ба, біреуі тамағын кенеп:

— Осы біз көргенде Құмай деген жыртқыш құс емес пе еді?- демей ме.

Сөйтсе екіншісі жұлып алғандай:

— Құмайдың екі түрі болады. Жұмыртқасы бары шақар болады да, жұмыртқасы жоғы ынжық келеді, — депті.

Содан сәл үнсіздік болды дейді. Ауыл жігіттері құстың жайын айтып тұрмағанын іші сезген Құмкең үндемей тұрды да кетіп қалды дейді.

Кейін бір құрдасы “Құдай-ай, намысты қойшы, иығынан жаңа түскен бөтелке арақты қалай көзің қиып тастап кеттің?” деп тағы күйдіріпті.

Сөздің төркіні “саған намыс деген не тәйірі, бір шөлмек арақтан арзан ғой” дегенге саятынын түсінбеді емес, түсінді ғой. Содан 5-6 жыл жұрттан саяқтап жүрді де, 50 шақырым жердегі бір ауылға көшіп кетті. Бірақ ел аузында “жұмыртқасы жоқ Құмай” деген тіркес әлі бар көрінеді…

Магнум курьері арызқой Асылжанмен татуласты дегенде түнімен шулап, түнімен арыз жазысып, түнімен дүрліккен ауыл тұрғындары со кезде қандай күйде болғанын шамамен сезгендей боп отырмын. Бұл да бір “жұмыртқасы жоқ Құмай” болып шықты.

Ел ішінде принцип дегенде сатылмайтын адам қалмаған ба деп қынжыласың. Амал не, ұлттың мінезі өзгеріп кеткен…

Балаларың қынжылмай күн кешсін десеңдер ауыз әдебиетін, батырлар жырын, ертегілерді оқытпаңдар ей, қаззақтар. Ол жақта бірбеткейлік деген нәрсе со қалпы бұзылмай жатыр, сол мінез қонып алады. Қайтесіңдер, баланы қинап…

Ербол ЖАНАТҰЛЫ, қоғам белсендісі.

Фото интернеттен.