Мәйітті моргтен пышақ тигізбей алып шығу — ғылымға жасалған кедергі

0
159

Қазақ арасында қайтқан адамды мәйітханадан пышақ тигізбей алып шығу қайткен күнде де міндет тәрізді көрінеді. Сойдырмаймыз деп адам салып, ақша беріп алып шығады. Сосын отырғандары дәрігерлерді ақшақұмар деп кінәлап.

Ал шын мәнінде бұл -ғылым, адамзаттың денсаулығына, тірілердің өміріне қызмет ететін ғылым.

Мысалдар келтірейін.
Нұр-Сұлтан қаласындағы Universitical Medical Center кор­по­ра­­тивтік қоры «Ана мен бала» ұлт­тық ғылыми орталығының патоморфология бөлімшесі. Зерттеуші лаборант қыздың алдында теннис добының үлкендігіндей сырты қара қошқыл домалақ бірдеңе жатыр.

– Кішкентай балаға операция жасалып жатыр. Мынау – содан алынған материал. Қазір 15-20 минуттың шамасында «бұл домалақ қандай сипатта, қатерлі ме, қатерлі емес пе?» деген алғашқы тоқтамын айтуымыз керек.

Егер зілді дүние болса, аумағына қалай әсер еткен, соның барлығын тазарту керек пе, әлде сыпырып алып тастамай өзге емге көне ме, соны айту маңызды, – дейді.

Жоғарғы санатты дәрігер, бө­лім­ше меңгерушісі Бақытқали Ибраи­мов­қа бұрылып:

– Пациент үшін ең маңызды нәрсе – диагноздың дұрыс қойылуы. Осы тағ­дыршешті жұ­мыс қалай атқа­ры­лады? Жаңа өздеріңіз көрсеткен гисто­ло­гия­лық кесіндіні алудың әдістері көп шығар?

– Дұрыс айтасыз, – деп бастады әңгімесін Бақытқали Әбдіғалиұлы. – Клиникаға түскен әр пациенттен қан, зәр сияқты көптеген қосымша анализ алынып, талдамалар жасалады. Бірақ бұл тым жеткіліксіз.

Ал нағыз нақты және қорытынды диагноз қоятын бұл – морфология әдісі, біздің саламыз. Шынында, мұның қыр-сыры өте мол. Биопсияны тексеру – атқаратын жұмыстың 95 пайызы, яғни негізгісі.

Біз клиникалық патологтер – ауруларды, науқастарды көрмесек те, соларға тікелей диагноз қоюшылармыз. Ана мен бала орталығында жанға бататын дүние – балалар онкологиясының 5 бірдей бөлімшесі болуы.

Яғни онкоаурулардың түрі де, саны да аз емес. Осы бөлімшедегілер біз диаг­­­ноз­ды анықтамай, ем бастамайды. Өйт­кені әр аурудың түріне арналған хаттама бар. Мысалға, бала лимфома деген лимфа безінің қатерлі ісік ауруы­на шалдықты.

Оның «Т» және «В» жасушалы түрлері бар да, оның осы бөлінісіне қарай емі де екі түрлі. Ал лимфоманың қай жасушалы тү­ріне жататынын анықтайтын – біз.

Сондықтан онкологтар біздің тұжы­рым­ды асыға күтіп отырады. «Не істейміз, мына бала қатты ауырып жатыр, жансақтау бөліміне түсіп қалды, емнің қай түрін бастарымызды білмей отырмыз», деп хабарласады.

Мамандардың айтуынша, онкологияда диагноз қоюда соңғы кезде қолданылатын озық әдістің бірі – иммунногистохимия. Мысалы, патогистология жасушаны қарап, «мынадай табиғаты бар, қатерлі, қатерлі емес» деп анықтап бере алады.

Емнің әрі қарай жүруінде бұл да аздық етеді екен. Ал иммунногистохимия – дерттің табиғатына тереңірек зерттеу жүргізетін әрі қаражатты да көбірек қажет ететін әдіс.

– Лаборанттар биоматериалды бояп берген соң микроскоппен тағы қараймыз. Сонда жоғарыда айтып кеткен лимфомадағыдай оның түріне байланысты боялған жасушаның тобы қай реагентке жауап береді, яғни қайсысына боялып шығады, сол арқылы қандай топқа жататынын анықтаймыз.

Сөйтіп мынау «Т» жасушалы, мынау «В» жасушалы түрі деп дөп басып айта аламыз. Иммунногистохимияны елордада алғашқылардың бірі болып бастадық.

Сол арқылы әйелдердің сүт безінің қатерлі ісігін анықтап, емдеуде жетістіктерге жетіп жүрміз. Бұл ретте де иммунногистохимия көмекке келеді. Жалпы, әр ағзаның өз ерекшелігі, ауруға күрес қабілеті әртүрлі болады.

Иммунногистохимия осы ретте үш түрлі жолдың қайсысын таңдауды ашып береді. Алдымен операция жасап, содан кейін химия мен сәуле арқылы емдеу керек пе, әлде операциясыз ем түрін таңдай ма, әуелі қайсысы тиімді деген сауалға жауап табатын да – осы әдіс.

Мысалы, ісік эстроген гормонына тәуелді екен, сондықтан бірінші гормонды ем беріңіздер, ал кей жағдайда гормонды елемейді екен, сондықтан гормонсыз жол таңдау қажет болады делінеді.

Сондай-ақ қатерлі обыр жасушалардың қандай жылдамдықпен агрессивті түрде көбейетінін немесе баяу дамитынын да осы әдіс анықтайды. Емдеу тактикасы да осыған байланысты түзіледі.

Сонымен қатар Бақытқали Әбді­ғали­ұлы өздерінің клиникалық патолог екенін, аутопсияны өте сирек жүргізетінін атап өтті. Әлемде мемлекеттің әлеуеті сол елдегі балалар мен ана өлімінің көрсеткішіне қарап бағаланады.

Мысалы, Жапония, Норвегия елдерінде мұндай көрсеткіш өте төмен. Елімізде Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығы бойынша 1 жасқа дейін шетінеген сәби мен ана өлімі болса, мәйітке міндетті түрде аутопсиялық зерттеу жасалады.

Сол арқылы сырқаттың ағза­сындағы қандай қайтымсыз морфологиялық өзгерістер болғаны, ем бағытының дұрыс-бұрыстығы анықталады.

Бұл маман дәрігердің «қандай жайтқа назар аудару керек, операциядан кейін мынадай асқынулар болыпты, болашақта басқаша қарау керек» деген ұйғарымға келуі үшін қажет. Жалпы, адам саулығының күзетінде тынбай еңбек етуші, үнемі ізденіс үстіндегі патологтердің диагноз қою­дағы қызметінің маңызы зор.

Пост ұзақтау, білемін. Бірақ патолог-анатомдардың мәйітке жүргізген зерттеулері оның қандай аурудан, қандай асқынулар болғанын, ем-дом әдістерінің дұрыс-бұрыс жүргізілгенін анықтаумен, сөйтіп келешекте неге мән беріп, нені анықтау қажеттігін білу үшін маңызды.

Анар ТӨЛЕУХАН, журналист.
Facebook жазбасы.
Фото көрнекілік үшін интернеттен алынды.