Мәйітті өртеу- дінге қайшы емес пе?

0
165

24.kg сайты Қырғызстан парламентінің депутаты Марлен Маматалиев елде мемлекеттік крематорийлер салынатынын айтты деп жазады. Сонымен қатар Қырғыз елінде марқұмды өртеу керек деген пікірді қолдайтындар аз емес екен.

“Қазірдің өзінде Қырғызстан заңында белгілі бір дін өкілдерін кремациялау мүмкіндігі қарастырылған. Крематорийлер түрлі аурудан өлген жануарларға да арналған. Қазір олардың мәйіттері қарапайым қоқысқа лақтырылып жатыр”, — деді Марлен Маматалиев.

Айта кетейік, Қазақстанда екі крематорийдің іргетасы қаланып қойған. Алматы мен Астанада салынған крематорийлер әу баста көпшіліктің наразылығын тудырған еді. Десек те, бүгінге дейін туысының мәйітін өртеуге беріпті деген ақпарат шыға қоймады. Соған қарағанда, біздегі крематорийлерге апарылған қазақ мәйіті жоқ сияқты.

Мәйітті өртеген дұрыс па, көмген дұрыс па? Қалай ойлайсыз?

2-3 жыл бұрын осы жаңалық шыққанда өзінің инста парақшасында Қазақтың ДӘУЛЕТІ: «Сұмдық! 1.5 миллиард теңге! Құрылыс биыл басталады, ал нысанды 2022 жылы пайдалануға беру жоспарда бар. «Жергілікті және республикалық бюджеттен 1,5 миллиард теңге немесе 3,6 миллион доллар бөлінеді. Жобаның басты мақсаты – зираттардың аумағын азайту», — деп, “Ағайын, бұған қарсы шықпасақ болмайды!

Қай ата-бабамызды өртке ораған едік?! Жер жетпейтіндей, Бангладеш, жыл сайын аралы азайып жатқан Жапония немесе Индонезияда тұрмаймыз!!! Әлем бойынша 9 орын алатын жеріміз бар!!! Адам өртеуді бала кезімде Индия киноларынан көретін едім. Енді міне, кришна салты бізге де келгені ме?»-деп дабыл қаққан болатын.

Ал біз хабарласқан азаматтық белсенді Төртуыл ШОҚАН: «Мен крематорий салуды қолдаймын. Өзіңіз ойлап қараңызшы, мысалы, үлкен қалалардың жері зиратқа бөлінген. Алматының өзінде Кеңсай -1, Кеңсай-2 деп бірнеше бөлікке бөлінген жерлер бар. Ал қаланың маңайы мен қаланың қақ ортасындағы зираттар қаншама?! Осыншама жерді зираттан гөрі, тірі адамның пайдалануына берсе, несі жаман?

Ал енді осы елдің азаматы ретінде айтарым, Қазақстанда 130 ұлт пен ұлыс мекендейді. Егер крематорий салынса, кәрістің, немістің, қытайдың, қазақтан басқа ұлт өкілдерінің қайтыс болған адамдарын крематорий жасау арқылы өз елдеріне жөнелтуге мүмкіндігі бар. Қазақтар крематорийға алдағы жүз жылдықта мәйітін апармайтынын ескерсек, ұлтшыл ретінде қазақтың жерінде басқаның сүйегі де қалмауы керек деген ұстанымдамын. Қазақтың жері тек қазаққа қалуы керек.

Ал діни тұрғыдан бұл мәселені қарастырсақ, о дүниеге он екі мүшесімен бару турасындағы әңгіме бос сөз. Мәйітханадан шыққан мәйіт ешқашан бүтін шықпайды. Кеңірдегінен бастап, кіндігіне дейін сойылып, ішіндегі жарамды органдары түгел алынады да, бос қалған қарнына мата, шүберекті толтырып бере салады. Сондықтан тірінің қамы жасалуы керек. Тау бөктерін қуалай жайылып бара жатқан зираттың орнына, тірі адам демалатын орын салынса, сол дұрыс емес пе?» -деген пікірде.

Мәйітті өртеген дұрыс па, көмген дұрыс па? Қалай ойлайсыз?

Меруерт ХУСАИНОВА,

Democrat.kz.

Фото ашық дереккөзден алынды.