«Мақсатты мектеп» жобасы — қисыны мен заңдылығы күмәнді жоба» дейді депутат

0
1868

Екі айға жуық уақыттан бері еліміздегі мұғалімдер «Нысаналы мектеп» (кейінірек атауы «Мақсатты мектеп» болып өзгертілді) жобасының тестін тапсырып, шалдығып, шаршап жүр. Бұл туралы ақпараттық порталымызда тоқтаусыз мақалалар да жариялануда деп жазады Democrat.kz. 

Десек те, ресми ақпарат көзінде жарияланған сонша мақаланың бір де біріне жауап та бермеген Оқу ағарту министрлігінің әрекеті түсініксіз күйде қалды.

«Мақсатты мектеп» жобасына қатысты Парламент мәжілісінің депутаты Жұлдыз Сүлейменова да өзінің әлеуметтік желі парақшаларында пікір білдіруде.

ТикТок әлеуметтік желісіндегі парақшасында депутат Жұлдыз Сүлейменова ертең Оқу ағарту министрлігі өкілімен өтетін жиынды хабарлап, «Мақсатты мектеп» жобасына қатысты сұрақтарды жекесіне жолдауды да сұрады.

Сондай-ақ депутат Facebook парақшасында: «Биылғы тамыз кеңесінде Премьер-Министрдің орынбасары Дүйсенова Тамара Қасымқызы алғаш рет «Мақсатты мектептер» туралы ресми баяндама жасады. (сілтемемен өтіп, видеоны тыңдаңыздар)

Бұл жоба Тони Блэр Үкіметі 2003 жылы қолға алған әлсіз мектептерді қолдауға бағытталған Лондон бағдарламасына негізделгені де баяндамада айтылады. Аталған бағдарлама 2011 Ұлыбританияда тоқтатылды.

Егер «Мақсатты мектептер» жобасы дәл Тони Блэр үкіметінің жобасын қайталайтын болса, бүгінгі білім парадигмасымен мүлдем сәйкес емес деп толық айта аламын.

Себебі, бүгінгі мектептер білім берумен бірге цифрландыру, инклюзия және сыни ойлауды дамыту сияқты өзекті салаларды қамтуы тиіс. Сондықтан ескірген батыстық бағдарламаларды енгізу, оған қаражат құрту қаншалықты қисынды деген сұрақ туындайды.

Бүгінгі таңда әлеуметтік желілерде ұстаздар тарапынан бұл жобаның заңдылығына сұрақтар көтерілуде. Ұстаздардың талабы орынды. Өйткені заң аясында олардың күмәндарына негіз бар деп санаймын.

Видеоны тыңдасаңыздар жобаның қаражаты қайдан қарастырылатындығы туралы айтылады.

«Мақсатты мектептер» — қисындылығы және заңдылығы күмәнді жоба» деп жазды Жұлдыз Сүлейменова.

Фото интернеттен алынды.