«Малынан ел айрылды абайсызда»…

0
292

Бүкіл елдің назары қазір -Солтүстік Қазақстандағы су тасқынына ауды. Ел басына күн туғанда, қолға күрек алып, тоғандарда бөгет салып, барынша селмен күресіп жатқан теріскейлік азаматтар сын сәтте бірлігін көрсетті. 

Осындай қиын-қыстау күндерде қаламы мен күректі тең ұстаған журналист, ақын Самрат Құскен «Суға кеткен тұрғындар» атты жүректен өрілген жаңа өлеңін жариялады. Оқығанға ой салатын, кез келгеннің көңілін тербейтін сол жыр шумақтарын назарларыңызға ұсынып, Теріскей халқына амандық тілейміз.

Білмедім төрт мезгілде талап қандай?

Іргемді көршім алтын жалатқандай.

Іріген шежірең өз тамырынан,

Шіріген ұрпақтарын таратқандай.

 

Аптығын ару-көктем баса алмады,

Аспаным нұр-шуағын шаша алмады.

Сөз жарқын болашақты меңзегенмен,

Іс қарғын судан әрі аса алмады.

 

Ел қамын жемес, іші лас болғандар,

Жүрегі жібімейтін тас болғандар.

Суына алапаттың күліп тұрар,

Буына боқ дүниенің мас болғандар.

 

Қазағым жоғалтқан соң асылдарын,

Тасада қалып қойған хас ұлдарың.

Малынан ел айрылды абайсызда,

Арынан безіп тексіз масылдарың.

 

Тізесі құрғақ сөздің жырылады,

Елдік те түп санадан сырылады.

Теңгеміз буға айналып жатқандықтан,

Тұрғындар суға кетіп қырылады.

 

Көрсең де иттен төмен шайырыңды,

Жимаймын оңайлықпен айылымды.

Қор қылып ата жұртты даттаса да,

Қор ашты өз-өзіне қайырымды.

 

Ер азар төрден орын алмаған соң,

Шыңдарға өшпейтін із салмаған соң.

Халқымыз өзін-өзі жарылқап жүр,

Мінберде ат ұстары қалмаған соң.

 

Ешқандай сабақ алмай мұрағаттан,

Мағына табамыз ба ұлағаттан?

Батырды туар ана іздемейік,

Шатырды паналаған жұрағаттан.

Самрат ҚҰСКЕН.

Фото автордың жеке архивінен алынды.