Мамандар бесікке бөленген бала түрлі дертке шалдығады дейді

0
636

Бесікке баланы тас қып таңып тастау денсаулығына зиян. Бұл – бүгінгі дәрігерлер қауымының тұжырымы. Олардың айтуынша, бесікке ұзақ жатқан баланың қан айналымы дұрыс болмағандықтан, басы үлкейіп, сүйектері дұрыс жетілмеуі мүмкін.

Ал үлкендеріміз керісінше, бесіктегі баланың денсаулығы мықты, тұла бойы таза, ұйқысы тыныш болатынын айтады. Сонымен баланы бесікке бөлеген дұрыс па, бұрыс па, «Хабар» арнасының тілшілері анықтап көрді.

Қазақ бесік пен табалдырықты қасиетті санаған. Бұл екеуін ешқашан аяқасты етпеген. Өкінішке қарай бүгінде біз киелі мүлікті қоқыс арасынан көріп қаламыз.

Осылайша, қазақтың бесігі қолданыстан шығып барады. Оған бір себеп – манеж, қоларба сияқты түрлі заманауи құрылғылардың пайда болуы болса керек. Десе де, бесікті қасиет көретіндер жоқ емес.

Мәселен, салт-дәстүрін берік ұстанған Желдібаевтар әулетінде жарты ғасырлық тарихы бар тал бесік бар.

«Бұл бесік жасалғалы 49 жыл болды. Тұңғыш қызым дүниеге келгенде туған ағам өзінің қолынан осы бесікті жасап, сыйға тартты. Содан бері балалардың бәрі осы бесікке бөленіп келеді. 7 балам да осыған жатты. Жанымда отырған екі кішкентай да осы бесікке бөленді. Кенже ұлымның балалары», — дейді Астана қаласының тұрғыны Ақтайлақ Желдібаев.

Баланы қатты бөлеп тастаса, қан айналымы бұзылуы мүмкін Үлкендер бесік бір ырғақпен тербелгендіктен, баланың жүйкесі бір ізге түсетінін және сәби шошынбай, тыныш ұйықтайтынын айтады.

Ал дәрігерлер бесікте ұзақ жатқан баланың жауырыны жабысып, рахит ауруына шалдығатынын алға тартады.

Бүгінде бесікті сирек қолданғандықтан, «Бесікке бөлеу», «Ана жыры», «Тыштыма» секілді ұлттық салт-дәстүріміз де күн санап жоғалып барады. «Зияндылығы – баланы бесікке қатты бөлеп қою, Омыртқа иілістері дұрыс қалыптаспай қалуына әсер етуі мүмкін.

Баланы қатты бөлеп тастаса, ұзақ уақыт жататын болса, қан айналымы бұзылуы мүмкін», — дейді педиатр-дәрігер Айгүл Зүлқажықызы.

Памперсті жою керек те, бесікке қайта бөлеу керек

«Қан жүрмейтін ғып, тас қып таңып тастамайды ғой. Оның тамырын буып тастамайды. Батыр Қабанбай, Бөгенбай, осының бәрі бесікпен өскен.

«Кең жайлау жалғыз бесік жас балаға» деп Абай да айтады. Бесік деген үлкен тәрбие, үлкен қасиет. Біздің отбасымызда 10 шақты бала өсті, түгелдей бесікке бөледік.

Памперсті жою керек те, бесікке қайта бөлеу керек. Өйткені бұл қазақтың рухында бар нәрсе», — дейді «Алтын алақалы» ана, «Құрмет» орденінің иегері Егеухан Мұхамәдиқызы.

Қазіргі медицина бесікті мейлінше қолданбауды ұсынады. Ал көпті көрген ата-әжелеріміз бесіктің қасиетті мүлік екенін айтады.

Оның жапқыш, таңғыш, түбек, қолбау сияқты құрылымдарын түсініп, орнымен қолдана білсең болғаны. Оның бала ұйқысының тыныштығынан бөлек, физиологиялық өсіп-жетілуіне де пайдасы зор дейді.

Дереккөз: Nur.kz.

Фото интернеттен.