Мәні кеткен МӘМС- ті алып тастай ма?
«Әділдік және өркендеу» қоры зерттеу жүргізіп, қазақстандықтар МӘМС қызметіне разы емесін анықтаған. Бұл туралы Democrat.kz. Ақпараттық порталы 31-арнаның Информбюро жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
Жүргізілген әлеуметтік зерттеулер барысында сұралған азаматтардың МӘМС жүйесіне қатысатын 48 пайызы бұл жүйені мүлде қолданбайтыны анықталған. Ал жүйеге қатысушы азаматтардың 45 пайызы МӘМС қызметін “өте нашар” деп бағалаған.
Міндетті медициналық сақтандыру жүйесіне адамдардың 25 пайызы ғана толық қанағаттанады екен. Денсаулық сақтау саласы мамандарының айтуынша, жүйеде олқылықтар көп және адамдарға таңдау құқығын беру керек.
“Денсаулық сақтау жүйесі аралас болуы керек. Адам ерікті немесе ынтымақты жүйені таңдайтынын өзі шешуі керек. Ол ақшаны ортаққа салады немесе ақшасын жинайды. Егер оның ақшасы медицинаға жиналса, онда ол әлі де жиналуы керек”, – деді «Сұңқар» медициналық компаниясының директорлар кеңесінің төрағасы Қуаныш Керімқұлов.
Денсаулық сақтау министрлігі сарапшылық кеңесінің мүшесі міндетті медициналық сақтандырудың басты проблемасы оның қолжетімсіздігі деп есептейді.
“Мәселе мынада, 3 миллионнан астам Қазақстан азаматы осы медициналық қызметті қолданбайды. Қолжетімділік деңгейі әлі де төмен. Біріншіден, фельдшерлік пункттер ғана емес, тіпті аймақтық емханаларда да мамандандырылған мамандар мен заманауи құрал-жабдықтар бола бермейтін ауыл тұрғындары үшін бұл тиімсіз”, – деп мәлімдеді денсаулық сақтау министрлігі сараптамалық кеңесінің мүшесі Ерлан Нұрпейісов.
Сондай-ақ міндетті медициналық сақтандыру бойынша тегін қызмет алу үшін бір-екі апта күту керек. Осыған байланысты медицина қауымы денсаулық сақтау министрлігіне кез келген мекемеде емделуге мүмкіндік беруді ұсынып отыр.
Фото ашық дереккөзден алынды.