Марқұм үшін ауыр болатын бейіт қандай?

0
2177

Жан бар жерде қаза бар. Сөздің шыны керек «әкем қайтыс болды» деп жылап, жасый бермей, керісінше мәңгілік мекеніне шығарып салу кәделерін дәстүр бойынша өткізуді ұйымдастыруға тырыстық.

«Бардың малын, жоқтың артын ашам» дейтін осы бір қазалы жағдай. Ағайынның басы той-садақада қосылады. Алыс-жақын жерден келген туыс, құда-жекжаттарды қарсы алу, қонақасын беру, жол жүріп шаршап келгендерді жайғастыру керек.

Жалпы әкеміз тірі кездегідей мал сою, отын жару, ошақ дайындау, ет асу, табақ тарту, т.б. жұмыстар қалтқысыз атқарылды.

Әкеміз бақылап тұрған сияқты. Кейбір жұмыстарды олқы істесек сөз естіп қалатындаймыз. Сондықтан әркім өз міндетінен барынша ши шығармауға тырысты.

Бір байқағаным келген қонақтарда асығыстық бар екен. Әрине, қара жамылған үйде ешкім шай сораптап баптанып отырмас.

Күнделікті күйбеңмен жүріп өзім де аңғармаппын.

Қаладан келген менен он жас үлкен бір ағамыз:«Садақаға келгендердің дені жастар екен, шалдар қайда?» деп таңырқап сұрады. Шынында ақсақалдар аз екен. Онға да жетпейді. Мен де таңғалдым. Сөйтсем қариялар азайып кеткен екен ғой. Бірен-саран сексенге жетеғабыл қарттар ғана қалыпты.

«Ау, аға, жастар дейсіз, сен жас көріп отырған «жастардың» алды алпысқа, арты елуге келді ғой. Садақада жүргендердің көбі солар. Мен өзім қырықтамын. Шалдың біреуі сіз емессіз бе?» —деп едім, ойланып қалды.

… Бұдан аз жыл бұрын еді ғой. Әкемнің ауылдас ағалары көп еді. Әкеме төр де, сөз де тимейтін. Дастарқанда ортадан әрі аспайтын. Ас қайыру, бата оқу әкемізге тіпті ерте олар тұрғанда. Күні кеше еді ғой. Сөйтсе менің әкем әлдеқашан аталардың санатына қосылып, алдында тек 4-5 қарт ағалары ғана қалыпты. Тіпті әкеңіздің жасын берсін дегенді де естідік кеше.

— Сонша жасын сұрайтындай менің әкем қартайып қалып па? Әлі жас емес пе?

— Ау, 77-78-ге келіп өлсек арман не, мына түрімізбен 70-ке жете алар ма екенбіз?

Енді мен ойланып қалдым…

Әлгі бір жазушымыздың кітабын оқып ем бала кезде. Сонда былай басталатын: «Өтіп бара жатқан уақыт-ай, өмір-ай деуге аузы бармай».(Күшті кітап)

Заманға сай рәсімдер де өзгеріске ұшырап жатыр. Ол дұрыс та шығар.

Бұрын бата оқып келген үйден басқа үйге кіруге болмайды. Қазір оған уақыт қайда? Жағдай қайда? Жұмыс қайда? Жайлы бастық қайда?

Амал жоқ ауылға барған қалалықтар бірнеше үйге көңіл айтып, бата оқып кетеді.

Мұны да тірілердің ыңғайына қарап дұрыс шығар деп ойладым.

Тағы бір байқағаным, біз жақта келіндер табақ алмай дастарқаннан тұрмайды. Сол табақтарды жалғауға болмайды. Яғни, келіндер есік алдынан әр жағында тосып тұрғандарға ұстата салуға болмайды екен. Табақты жалғамаса, дастарқаннан табақ алған келіндер оны басқа жаққа апарып келгенше біраз уақыт кетіп қалады. Ал келесі адамға бере салса тез-тез алынады.

Бұл да пысықталар уақыт өте.

Енді бір мәселе, қайтыс болған адамның бейітін көтеру. Бұрындары жағдай болмағандікі ме, әлде топырағы суысын дей ме жыл асырып көтеретін.

Қазір 40 күндік садақасына дейін салып тастайды. Бұл да қаладағы ағайынның жұмысы мен жағдайы, уақытына қарай іске асатын шығар. Мал таптайды деп те тездетеді көбі. Тап осыны мен бүгін молдадан сұрадым. Өйткені біздің үйде де осындай әңгіме көтерілген. Қырық күндік садақасына дейін салып тастаймыз деген.

Молданың айтуынша, марқұмның топырағы суығанша күткен дұрыс екен. Көп ұзатпай іргетасын құйып қоюға болады.

Тағы бір мәселе — бейітті қалай салу керек?

Жағдайы барлар күмбез қылып салады. Орташалар елмен бірдей төрт құлақты етеді.

Осы бір бейіт салу туралы естігенім жалпы марқұмның үйі неғұрлым үлкен, биік болса соғұрлым ауыр болады дейді.

Бұл да қос пікірлі нәрсе секілді.

Міне, дәстүрдің озығы бар, тозығы бар деп бәрін заманауй етуге болады. Бірақ дін жалпыға ортақ қой, шариғатта бәрі болады. Ал дәстүрімізге қайшы келетін тұстардан айналып өтуге тырыспақпыз.

Осының бәрін Нұрлан Имамнан сұрасам:

«Ештеңе етпейді жаным, бола береді» десе болды.

Сіз не дейсіз?

Самат НАРЕГЕЕВ, қоғам белсендісі.

Фото көрнекілік үшін.