Марқұмнан қалған заттарды өртеп жіберу керек пе?

0
163

Алматы-Ақтау бағытындағы пойыздағы серіктерім мен купеге кіргенде-ақ қызу бір әңгімеге кіріскен екен. Заттарымды жайғастырып жатып, олардың әңгімесіне құлақ түрдім.

“Жолдасым қайтыс болғанда, одан қалған киім-кешек, заттарды түгел өртеп тастадық. Молда солай жаса деді” деген орта жастағы келіншекке жанындағы үлкен жастағы апа, басын шайқап: “Өмір бар жерде өлім бар дейтін қазақпыз. Десек те, уақыт ағымына қарай, ескі әдет-ғұрып, салт-дәстүрімізге кейбір өзгерістер еніп, кейбірі тіпті жойылып жатқаны рас. Содан болса керек, “қайтыс болған кісінің киімін киюге бола ма? Марқұмның заттарын пайдалануға бола ма?” деген сұрақтармен бас қатыратын ұрпақ пайда болғаны жасырын емес.

Қазақтың көнеден бері келе жатқан әдет-ғұрпының бірі — қайтыс болған адамды шығарып салу мен марқұмнан қалған дүниелердің ендігі жағдайы. Кей жерлерде өмірден өткен адамның заттарын пайдаланбай, өртеп жібереді екен.

Ал енді біреулер марқұмның киім-кешегін мешітке апарып береді екен. Қайсысы дұрыс? Бұған қатысты Ислам дінінде не дейді? “Ислам” сайтында осы сауалға байланысты имамдар “марқұмнан қалған киімдерді кию кунә емесін” айтады. Ал жалпы қазақ халқы қайтыс болған кісіден қалған заттарды не істеген?

Бұл әдет-ғұрып еліміздің әр аймағында әртүрлі жолмен жүзеге асады. Оңтүстікте егер марқұм 70-80 жастан асқан кісі болса, біріншіден, оның қымбат, тым ескірмеген  киімдері мен заттары “сүйекке кіргендерге” және жақын құда-жекжатқа “естелік” ретінде беріледі. Ал марқұмның соңғы уақытта қолданған заттары ет жақындарына үлестіріледі.

Бұл әдет-ғұрып “о дүниелік болған кісінің бітпеген ісін жалғап, қолданып үлгермеген затын соңына дейін қолданып, сауабы жазылсын” деген ниеттен туындаған дейді үлкендер. Марқұмның заттарын тірі кісі қолданса, о дүниедегі адамға сауабы тиеді деп сенеді. Марқұмнан қалған заттарды қолданғаннан күнә немесе қауіпті ештеңе бола қоймайды”,- деген апамыз “қайтыс болған адамның заттарын өртеп жіберетіндер өзге діни сенімдегі адамдар болуы мүмкін. Қазақтың ғүрпында жас адамның заттарын да, кәрі адамның заттарын да өртеп, көзін жоймаған” деді.

Ал марқұмнан қалған кез келген затты бірден қолданбайды екен. Әуелі затты үйге әкеліп, қағып-сілкіп, сыртқа шығарып, асып жайып қояды. Күн батып, ай шыққанға дейін жайылған киімді кейін бір жуып, пайдалана береді екен. “Айдың жүзіне бір көрсетіп кию керек” деген ұғым да ескі ғұрыптан болса керек.

Ойланып қалдым. Расында да, марқұмның заттарын қолданса, бұл дұрыс па, бұрыс па? Сіз қалай ойлайсыз?

Зубайра ЛЕСБЕК,

Democrat.kz.

Фото ашық дереккөзден алынды.