«…мас имамның уағызын тыңдап көріңіздер» дейді блогер

0
277

Әлеуметтік желіде ішімдік ұрттап көлік жүргізгені үшін қамалған Қостанай облысының бұрынғы бас имамы Бахытбек Тәжімбеттің мешіт жамағатына арақ ішудің зияны туралы айтқан уағызы тарады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Бурабайда түнгі клубтың жанынан мас болып ұсталған экс-бас имамның видеосын Kayrat Rekaz есімді Facebook қолданушысы жариялады.

«Бас имамның, жоқ, кешіріңіздер, қателестім, мас имамның уағызын тыңдап көріңіздер. Иә, әлгі арақ ішіп, көлік жүргізіп, ұсталған имам», — деп жазды ол өз парақшасында.

Видеода мешітке келген жамағаттың алдында сөйлеп тұрған Бахытбек Тәжімбет алкогольдің денсаулыққа зияны туралы уағыз айтқан.

«Арақ ішпе дейді. Арақ ішкен адамның денсаулығы мықты болмайды ғой. Міне, Алла Тағаланың тыйымдарын қарасаңыз, құрметті, қадірлі жамағат, солардың барлығының астарында адамның денсаулығына үлкен зиян келтіретін нәрселердің шығатынын біз білеміз», — дейді бұрынғы бас имам.