Маска тағу міндеттеле ме?
Денсаулық сақтау министрлігі санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің басқарма басшысы Жасұлан Алпысбаев осы сұраққа қатысты жауап берді деп хабарлайды Democrat.kz ақпараттық порталы.
Маска тағуға медициналық мекемелердің қызметкерлері міндетті болады. Басқа жерлерде, яғни қоғамдық орындарда профилактикалық мақсатта азаматтарымызға маска тағып жүруді ұсындық.
Мектептер мен балабақшаларда медициналық кабинеттер бар. Медбикелерге мұғалімдер, сынып жетекшілер немесе оқушылар қай баланың ауырып тұрғаны жайлы айтады. Олар өз деңгейлерде бұл мәселеге назар аударып, алдын алып отырады, — деді Жасұлан Алпысбаев.
Оның сөзінше, маска тағуды міндеттеу жоспарда жоқ.
Маска тағуды ешкім міндеттеп отырған жоқ. Бұл ұсыныс ретінде айтылды. Өйткені коронавирустың өсімі байқалып отыр. ЖРВИ-мен ауырғандардың саны да өткен апталармен салыстырғанда 26-30 жағдайға өскені байқалады.
Сол себепті адам ауырған адамдармен байланысқа түскен кезде ауа-тамшы жолдары арқылы вирус сау адамға жұғуы мүмкін, — деп түсіндірді ДСМ өкілі.
Комитет азаматтардың денсаулығын сақтау мақсатында осындай ұсыныс енгізілгенін түсіндірді. Сондай-ақ карантиннің енгізілуі мүмкін деп те қауіптенудің қажеті жоқ.
Фото ашық дереккөзден алынды.