Медицина қызметкерлері бұрынғы басшыларын сотқа берді

0
94

Астанада медицина қызметкерлері бұрынғы басшысын сотқа берді деп хабарлайды Democrat.kz. тілшісі 
«Әділдік және өркендеу» қоғамдық қорының ақпаратына сілтеме жасап.

Аталмыш қоғамдық қорға «Аңсар медициналық компаниясы» ЖШС бұрынғы қызметкерлері хабарласқан.

Олар қордан еңбек құқықтарын қорғауды сұрайды. Дәрігер, мейірбике, санитар, барлығы 17 қызметкер бұрынғы жұмыс беруші Данияр Құдабеков «еңбек ақымызды жеп қойды» деп шағымданды.

Оның кейбір қызметкерлер алдындағы қарызы 1 миллионға жетіп қалған.
«Одан бөлек, 2023 жылдың мамыр айынан бері жұмыс беруші біздің зейнетақы төлемдерімізді аудармаған.

Адал ақымызды күтіп сабырымыз сарқылды, сол үшін Қордың көмегіне жүгініп отырмыз», дейді медбике Салия Жүсіпова.

Санитар Қалдыгүл Жұмадуллаева да еңбекақысын айлап көрмеген. Сома қомақты – кейбірінің ала алмай жүрген ақшасы 1 миллионға жуық.

«Мұндай жағдайда заң қызметкерлер жағында, сондықтан олар бұл істе жеңеді. Әрбір жұмыскерге осындай жағдайда шыдап отырмай, мәселені бірден заң бойынша шешуге тырысуға кеңес беремін» дейді, «Әділдік және өркендеу» қорының заңгері Дархан Құлжамбеков.

Еңбек құқығы тапталған қызметкерлер «Аңсар медициналық компаниясы» ЖШС үстінен арыз жазды. Бұл істе «Әділдік және өркендеу» қоры оларға тегін заңгерлік қолдау көрсететін болады.

Фото көрнекілік үшін интернеттен алынды.