Медреседегі буллинг: Бұтын уқалатқан имам жазалана ма?

0
518

Молда ашуын неге журналистен алады? Балалар омбудсмені Динара Закиева Сарыағаш медресесінде буллинг болғанын анықтады

Сарыағаш медресесіндегі балалар құқығы қорланғаны жөнінде пост жазған едім ғой. Онда зейнеткер Әбдіжаппар Сманов ұлының медресе директоры екенін пайдаланып таң намазында төрт балаға бұт-аяғын уқалатып отырып шәкірттерге уағыз айтқанын видео-фактімен, шәкірттер арасында аймаққа бөлініп әлімжеттік жасалатынын және шәкірттер де ұстаздар тарапынан буллингке ұшырайтынын жазғанмын.

Балалар құқығын өрескел бұзылып жатқанын медреседегі ахуалдың нашарлығына төзбеген баласын Сарыағаштан алып кетіп, Астана жақтағы медресеге ауыстырған ата-аналардың сөзімен дәйектегенмін.

Осы постымның астына балалар құқығын қорғайтын омбудсмен Динара Закиева «Қабылдадық. Прокуратураға хабарластым» деп жазған еді.

Солай болса да, Сарыағаш медресесінің заңгері әлдебір комиссияның тексеру қорытындысын алға тартып, маған қарсы жергілікті полицияға арызданды.

Мені «жалған ақпарат тарату арқылы Сарыағаш медресесінің іскерлік беделі мен қадыр-қасиетіне нұқсан келтіргенім» үшін әкімшілік жазаға тартпақшы болды.

Түркістан облысы полициясының бағыттауымен мені тергеген Бостандық аудандық ІІ басқармасының тергеушісіне арызқойдың талабы жөнсіз екені, медресе – моралдық азап шегетін адам емес, онда қадыр-қасиет болмайтыны, жазбамды сотта дәлелдейтінім жөнінде түсініктеме жазып бергем.

Сөйтсем, медресе заңгерінің «балалар құқығына қатысты құрылған комиссия ешқандай заң бұзушылықты анықтамады» деген сөзі жалған екен.

Молдалар өтірікті соғып жіберіп, сол өтіріктің негізінде мені соттатпақшы болды ғой. Ақиқатында балалар омбудсмені Динара Закиеваның басшылығымен тексеру жүргізген құқық қорғау органдары Сарыағаш медресесінде шәкірттер арасында да, шәкірттерге ұстаздар тарапынан да буллинг болғанын анықтаған.

Буллингке ұшырап жәбір көрген балаларға шұғыл психологиялық қолдау көрсетіліпті. Қазір медреседегі балалар құқығының аяқасты болу фактісі бойынша тиісті органдар жұмыс жасап жатыр.

Атышулы Сарыағаш медресесі бойынша дайындалған толық мәліметті төмендегі сілтемеден оқыңыздар. Рахмет.

Ораз ӘЛІМБЕКОВ, журналист.

Фото автордың парақшасынан.