Меккеге баруды армандаған әкем сауаптың басқасын таңдады

2000-шы жылдарда Меккеге бару енді қолға алынып жатқан кез еді. Бірде әкеме Меккеге барса, жол қаражатын көтеруге дайын екенімді айттым. Әкем рақметін айтып, нақты жауап бермеген күйі үйіне қайтты.
Араға бірнеше ай салып әкем таң атпай үйіме, Түркістанға жетіп келді. «Қарақыз, Меккеге жіберетін ниетіңнен тайған жоқсың ба?» дейді.
Дайын екенімді айтсам, «Олай болса, Меккеге жіберетін қаржың есебінен елу мыңды қолыма сал. Сауапты іске қажет боп тұр. Мүмкін боп жатса артығымен бер. Сен маған ақша берсең, әке-шешемді Меккеге апардым боп есептелсін?» дейді.
Бір жағынан Яссауи университетінде аға оқытушы, екінші жағы театрда істеймін. Жалақым сол кездегі құнмен мың доллардың үстінде. Меккеге бару адам басына мың доллар көлемі болатын. Өзім де соған есептегенмін ғой.
Екі күннен соң жалақымды алған соң апарып берейін дедім. Апардым. Әкем мәз болды. Араға екі жыл сап 16 желтоқсан күні әкем өмірден өтті. Жерлеген күннің ертеңіне алыстан келген ағайынды қинамас үшін жетісін бердік.
Жетісін беретін күні елең-алаңда бір жас жігіт «әкем-ай»-лап дауыс сап келді. Туысымыз емесін білем. Бейтаныс. Сөйтсем, әкемнің өкіл баласы екен. Оқиға былай. Әкем шілдеде Кентаудағы базардан шығып келе жатса, аялдамада осы жігіт аузынан көбігі ағып жатады.
Қасындағы адамдар қашып кетіп жатқанын көрген әкем дереу тілін шығарып, жедел жәрдем шақыртады. Сөйтсе, қояншық ауру екен. Балалар үйінде өскен жетім, үйсіз-күйсіз, базарда арбакеш екенін білген әкем, жігітті қамқорлығына алады.
Өзі найманның президенті, қалған көп рудың президент шалдарын нөкерлікке алып қала әкіміне жігітті ертіп барып, өкіметтен жетімге берілетін бір бөлмелі пәтерін алып береді. Жігіттің аяқ киім сататын қызбен көңілжақын екенін білген әкем, бір басын екеу етуге кіріседі.
Қыз, әкесінің жетімге шыққанға келіспейтінін айтады. Айтпақшы, сол екі ортада маған кеп бір қой, күріш, пістемайға, дастарқанға қажетті ақша алып кеткен болатын. Одан қалды, апамнан көрпе-төсек, ыдыс-аяқ алады.
Нөкерлеріне салық сап, үйге қажетін жинап, әп-әдемі үйді жасап қояды. Ендігі кезек үйленуге жеткенде, менен алған ақша кәдеге асады. Нөкеріндегі қарияларға он мыңнан жинауды табыстап, өзі елу мың қосатынын айтады.
Әр ру он мыңнан жинап береді. Тағы сол нөкерлерімен жігітті алдына сап алып қыздың әкесіне барады. Әкем өте шыншыл еді. Жігіттің тұлдыржетім екенін, қояншығы барын ашық айтады. Қыз әкесі шалқасынан түседі.
Не керек, әкесін күллі қария жабылып көндіреді. Жиналған қалың малды ортаға тастайды. Ол аздай, келісімнен тайып қала ма деп, қызды бірден ұзатып әкетеді ғой. Кеселі болмаса, жігіттің болмысы жақсы боп шығып, үйін дөңгелетіп әкетеді. Дауыс сап келген сол жігіт боп шықты.
Дер кезінде естімей қалады. Танымайтынға кім естіртсін? Самаурынды қайнатып тұрып, «Әкем-ау, сіздей қорғанды қайдан табам?» деп, күні бойы үздіксіз жылаумен болды. Енді, мазалайтын сұраққа оралайын.
Әкем «қызым, атап берген ақшаңа барып келдім есебі болғанын Құдай көріп тұр. Екі баратындай қажылық саған ойыншық емес. Мұсылманның парызы бір рет табаны тисе болды. Жетімге себің тигені — әкеңді Меккеге жіберген сауабынан асып түспесе кем емес» деп, со бойы Меккеге барудан бас тартты.
Ораза күні әкемнің табаны Меккенің топырағына тимесе де сол айтқаны қажылыққа барған боп есептеле ма екен деп, ойымнан шықпай жүр.
Дінді, Меккені қойыртпаға айналдырудың қажеті жоқ. Әкемнің арманы Меккеге бару болған. Перзенттік борышымды өтей алдым ба деген ой жаныма батып жүр……..
Сая ҚАСЫМБЕК, мәдениеттанушы.
Facebook жазбасы.
Фото көрнекілік үшін.