«Мектебімізде ешқандай да трайбализм жоқ» дейді мұғалімдер

0
511

Екі күн бұрын Алматы қаласы, Жетісу ауданы, Құлагер ықшамауданындағы №148 мектеп мұғалімі  Қасымбекова Айбаршынның Facebook әлеуметтік желісінде жариялаған жазбасын сайтымызда мақала етіп шығарған болатынбыз.

Осы мақалаға орай редакциямызға хабарласқан №148 мектеп мұғалімдері жазбада айтылған дүниелермен келіспейтіндерін, айтылған мәселеге қатысты қарсы уәждері барын алға тартты. Назарларыңызға екінші тараптың хат түрінде жолданған пікірін ұсынамыз.

«Алматыда трайбализм жайлаған мектеп бар екен» мақаласында айтылған жайттар ешқандай да шындыққа жанаспайды.

Әлеуметтік желіде №148 мектеп туралы осындай жазба жариялаған мұғалім —   тұнып тұрған жалақор, даукес, бопсалап өз мақсат-мүддесін жүзеге асыратын, аталған мектептің «ақ көйлекке түскен қара дағы», бастауыш сынып мұғалімі.

Біз бұл мектепте жылдар бойы жұмыс істеп келе жатырмыз. №148 мектеп-гимназия — Жетісу ауданының ең жоғары «А» деңгейлі мектебі.

Қала бойынша 2019 жылы «Үздік педагогикалық ұжым» атағын алдық. Оқушыларымыз республикалық, халықаралық білім додаларынан ылғи жеңіспен оралады.

Осындай ешқашан жаман тұсынан көрінбеген қасиетті білім ордасы  соңғы жылдары осындай бір мұғалімнің жеке басының мүддесі үшін әлеуметтік желідегі парақшасына жариялаған  пікірі салдарынан жаман атқа ие болғаны өкінішті.

Бұл мектепте 40 рудан жиналған ұстаздар еңбек етеді. Әр мұғалім өзінің білім жетістіктерімен, қатысқан конкурс, олимпиада сияқты түрлі білімі сыналатын сайыстардағы жетістіктеріне байланысты марапатталады.

Конкурс, сайыстар туралы ақпараттар ортақ айтылады. Бәріне бірдей сағаттық жүктеме беріледі. Ал жазба иесі Қасымбекова болса, артық сағат алып, көп ақша тапқысы келеді. Көп сағат жүктеме алу үшін директор мен оның орынбасарларына шүйлігеді.

Жұмыс жасатпай кабинеттеріне баса-көктеп кіріп жұмыстарын сынап, бопсалайды. Соның арқасында биыл екі сыныпты қатар алып, 38 сағаттық жүктемеге қол жеткізді. Ғылыми завучты қорқытып, «қалалық олимпиадаға шығар, марапат әпер» деп бұйырады.

Айтқаны орындалмаса, елді қаралап жала жауып, әлеуметтік желісіне жазба жаза бастайды. Бұрынғы директор орынбасарлары тура осы сияқты бопсалаулар мен басынуларға шыдамай, жұмыстан кеткен болатын.

Даукеске дауа жоқ екенін ұқсақ та білім ордамыздың дардай атағына сызат түскенін қаламайтын мектеп ұжымы мәселенің екінші жағын да айту мақсатында осы хатты жолдап отырмыз»,- деп жазылған хатта.

Хат Алматы қаласы, Жетісу ауданы, №148 мектеп-гимназия ұжымының атынан жолданыпты.

Фото интернеттен алынды.