Мемлекет басшысы Тоқаев: «Ел бірлігін бәрінен биік қоюға міндеттімін»

0
361

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Ана тілі» газетіне арнайы сұхбат берді. Сұхбатында Президент ел экономикасы, әлеуметтік жағдай, саяси қадамдар туралы кеңінен баяндады деп жазады Democrat.kz.

Сұхбаттың бірінші бөлімін мына сілтемеге өтіп, оқи аласыз.

Сіз Әділетті Қазақстанды құрып жатқаныңызды айттыңыз. Жалпы, әділдік дегенді қалай түсінесіз? Реформалардың түпкі мән-мағынасы неде деп ойлайсыз? Әділетті Қазақстан дегеніміз бәрін әлеуметтік тұрғыдан теңестіру ме, әлде әділ бәсекеге жол ашу ма?

– Ең алдымен, әділдік барлық елде және барлық заманда халықтың қалауы болғанын айта кеткен жөн. Мұның Қазақстанға да қатысы бар.

Жоғарыда айтқанымдай, қасіретті оқиғаға дейін бізде әділдік деңгейі өте төмен болғаны рас.

Әділдік – бәрін теңестіру деген сөз емес. Менің ел байлығын әділ бөлу туралы ұстанымым меншік иелерін мүлкінен түгел айырып, активтерді қайта бөлу дегенді білдірмейді. Біз іштен іруге және жүгенсіздіктің белең алуына әкеп соқтыратын мұндай жолмен жүрмейміз. Сондықтан кезінде баз біреулерге орынсыз берілген артықшылықтар мен жеңілдіктерді алып тастау, заңсыз алынған активтерді мемлекетке қайтару – популистік қадам емес, керісінше, әділдік қағидасы негізінде Қазақстанды жаңғырту стратегиясы.

Әділетті мемлекет дегеніміз – құқықтық мемлекет. Онда азаматтардың бәрі заң алдында тең болады, заңдарды, ережелерді және нормаларды қатаң сақтай отырып, жалпыға бірдей мүмкіндіктерді толық пайдалана алады.

Айтпақшы, заңсыз алынған қаржы және басқа да активтерді қайтаруға қатысты жұмыстың нәтижесінде 2022 жылдан бері мемлекет қазынасына 2 триллион теңгеден астам (4,1 миллиард доллар) қаражат түсті.

Бұл қаржы мектептер мен маңызды инфрақұрылым нысандарын салуға және өзге де әлеуметтік міндеттерді орындауға жұмсалып жатыр. Әділдік дегеніміз осы емес пе?

Сіз тұңғыш президенттің қызметін, оның елге сіңірген тарихи еңбегін әділ бағалау қажеттігін бірнеше рет айттыңыз. Көпшілік мұндай ұстанымның орынды екенін біртіндеп түсіне бастады. Жалпы, Нұрсұлтан Әбішұлымен жиі хабарласып тұрасыз ба?

– Кез келген дәуірдің жақсы жағы да, көлеңкелі тұстары да бар. Біздің жаңа тарихымызда жарқын сәттер әлдеқайда көп болды. Бұл – ақиқат.

Салыстырмалы түрде алғанда, қысқа мерзім ішінде мемлекеттігіміздің берік тұғыры қалыптасты, билік институттары құрылды, жаңа астанамыз бой көтерді, шекарамыз шегенделіп, заң жүзінде бекітілді.

Көптеген елмен тиімді қарым-қатынас орнатылды, экономикаға шетелден инвестиция тартылды. Осы жетістіктің бәрін жоққа шығару дұрыс болмас еді.

Біз әділетті мемлекет құрамыз десек, тарихқа да, оны жасауға атсалысқан азаматтарға да әділ қарауымыз керек. Мұның бәрі, түптеп келгенде, ұлттың болашағы үшін қажет.

Өткенді ой елегінен өткізіп, оны әділ әрі шынайы бағалай алмасақ, алға сеніммен қадам баса алмаймыз. Саяси ахуалдың ықпалымен өз тарихыңды көпе-көрінеу бұрмалай беруге болмайды. Ел шежіресін басынан бастап қайта жазу тіпті қауіпті.

Әрине, Нұрсұлтан Назарбаев ұзақ жыл бойы ел тізгінін ұстаған уақытта кемшіліктер болды. Бірақ ештеңе істемеген адам ғана қателеспейді. Ашығын айту керек, ол отставкаға кеткенімен, Қауіпсіздік Кеңесінің төрағасы болып отырған кезде саяси сыпайылықты сақтай бермейтін. Мұны да айта кеткен жөн. Үнемі Премьер-Министрді, Ұлттық банктің төрағасын, министрлерді, әкімдерді шақырып алып, жиналыс өткізетін. Бұған өз азаматтарымызды былай қойғанда, шетел басшылары мен дипломаттары да таңдана қарайтын. «Назарбаев қызметінен кеткен соң тіпті жоғарылады, енді Президент те оған бағынады» деген әзіл әңгіме де пайда болды. Ал, шын мәнінде, бұл әзілдейтін жағдай емес еді.

Бұл жағдай қосарланған билік туралы алып қашпа әңгіменің өршуіне әкеп соқты. Шенеуніктер де кабинеттен кабинетке жүгіріп, кімнің тапсырмасын орындайтынын білмей дал болатын.

Ол аз десеңіз, кейбір шенеуніктер «Елбасы институты Президент билігінен жоғары тұруға тиіс» деп, ақылға сыймайтын жағдайды заң жүзінде негіздемек болды.

Нұрсұлтан Назарбаевтың 2021 жылғы қарашада өткен Astana Club жиынында 92 жастағы Махатхир Мохамадты мысалға келтіріп, өзінің Ақордаға қайтып келуі мүмкін екенін мәлімдеуін және бұрынғы президенттің сол жылы желтоқсан айында Санкт-Петербург қаласында өткен ТМД елдерінің саммитіне қатысуын нағыз билік дағдарысына әкеп соқтырған негізгі оқиғалар деуге болады. Соның алдында ғана жергілікті бір саясаттанушы оған «Елбасының алтын дәуірін» қалпына келтіру үшін батыл шаралар қабылдау қажеттігін айтып, арандатушылық мазмұндағы хат жолдаған еді.

Алайда қазір парасаттылық танытып, Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстанға сіңірген тарихи еңбегін лайықты бағалау керек. Мен Президент ретінде мемлекет мүддесін басшылыққа алуға, ел бірлігін бәрінен биік қоюға міндеттімін.

Сіздің сұрағыңызға келсек, қазір біз шамамен айына бір рет телефон арқылы сөйлесіп тұрамыз.

Жақында тұңғыш президенттің Мәскеуге барып, Владимир Путинмен кездесуін жұртшылық сан-саққа жүгіртті. Биліктен кеткеннен кейін бес жылдан соң бұлай жүздесудің ақылға сыймайтыны айтылды. Қазақстанда алдағы уақытта Президент сайлауы өтеді-міс деген болжамдар да пайда болды. Мұндай кездесу кімге және не үшін қажет, бұған кім бастамашы болды? Сіздің пікіріңізді білсек.

– Нұрсұлтан Назарбаев пен Владимир Путиннің желтоқсандағы кездесуі өткен жылдағы екінші жүздесуі ғой деймін. Күз басындағы бірінші кездесу туралы бұқаралық ақпарат құралдарында айтылған жоқ.

Олар байырғы достар әрі әріптестер ретінде жүздесетін болса керек, ортақ әңгімелері де бар шығар. Мұндай кездесулер әдетте Нұрсұлтан Әбішұлының бастамасымен өтеді.

Ол үшін мұның маңызы зор. Бұрынғы Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің төрағасы, партия басшысы және егемен Қазақстанның президенті ретінде Нұрсұлтан Әбішұлының Кремльмен тығыз моральдық және саяси байланысы барын естен шығармаған жөн.

Оның талай уақыты Мәскеуде өтті, сан мәрте іссапарға барды, съезд және пленум отырыстарына қатысты, жұмыс бабымен және ресми сапарлармен де болды.

Сіз «Заң мен тәртіп» қағидасы туралы жиі айтасыз. Кейбіреулер мұны қоғамға «қылбұрау салу» деп қабылдап жатыр. Бұған не айтар едіңіз?

– «Заң мен тәртіп» қағидасы құқық қорғау саласына ғана арналған деп тұжырымдаған дұрыс болмайды. Мен бұл қағиданы тереңірек түсінемін.

«Заң мен тәртіп» – мемлекеттік құрылыстың басты қағидаты. Бұл ретте жазалау шараларын қолдану арқылы қоғамға жаппай бақылау орнату туралы айтып отырған жоқпыз.

«Заң мен тәртіп» қағидаты – шын мәнінде кемел демократияның тірегі, құқықтық мемлекеттің негізі. «Заң мен тәртіпке» бағынбасақ, құқық нормаларына құрметпен қарамасақ, Әділетті Қазақстанды құрып, оны өркендеген мемлекет ете алмаймыз.

Сондықтан біздің міндетіміз – бұл қағидатты еліміздің құндылықтар жүйесіне барынша кіріктіріп, халық болмысының, қоғам өмірінің ажырамас бөлігіне айналдыру.

«Заң мен тәртіпті» берік орнықтыру үшін көп уақыт пен күш-жігер қажет екенін түсінемін. Себебі бәрі бірдей бұл қағидатты қатаң ұстануға, оны өмір салтына айналдыруға әлі дайын емес. Бірақ талаптанған адам қалайда мұратына жетеді.

Талғардағы қылмыстық оқиға ел ішінде үлкен дүрбелең тудырды. Жұртшылық Сіздің осы жағдайға қатысты пікіріңізді білгісі келеді.

– Қайталап айтамын, елімізде «Заң мен тәртіп» қағидаты мызғымастай орнығуға тиіс. Мен Талғар оқиғасына дейін жариялаған Жолдауымда құқық қорғау органдарынан қылмыс пен қарақшылықтың тамырына балта шабуды талап еттім.

Қаңтар оқиғасы кезіндегі жаппай тәртіпсіздікті қылмыстық топтар жасағанын естен шығармаған жөн. Мемлекет ұйымдасқан қылмыспен ымырасыз күрес жүргізуге шамасы жететінін соңғы екі жылда анық көрсетті.

Аса қауіпті қылмыстық топтар әшкереленіп, құрықталып жатыр. Олардың сыбайластары мен қаржы көздері де анықталып отыр.

Былтыр 246 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Оның ішінде ұйымдасқан қылмыстық топтардың 30 басшысы бар. Бұл жұмысты мен ерекше бақылауда ұстап отырмын.

Талғардағы оқиғадан кейін құқық қорғау органдары қажетті шаралардың бәрін қабылдады. Күдіктілер қамауға алынды. Тергеп-тексеру жұмыстары аяқталуға жақын. Көп ұзамай осы іске қатысты сот болады. Бұл оқиғаға орай құзырлы органдар қабылдаған барлық шара заң талаптарына толық сай келеді. Ал басқаның бәрі – құр дақпырт пен теріс пиғылды кейбір топтардың осы жағдайға саяси сипат беруге деген ұмтылысы ғана. Бұған жол беруге болмайды.

Осы оқиғаға қатысы бар азаматтар бойынша мына мәселені еске салғым келеді. Қазақ халқы шетелден келген отандастарын «қандасым» деп, құшақ жая қарсы алды.

Тарихи Отанына оралғандар Қазақстанның заңдарына қатаң бағынып, қоғамдық тәртіпті сақтап, заңсыз әрекеттерден аулақ болуы керек. Олар бұрын өздері тұрған елде биліктің талабын сақтап, ондай әрекет жасаған жоқ қой?!

Былтыр көптеген заңнамалық жаңалық болды. Қабылданған заңдардың ішінен қайсысы маңыздырақ деп ойлайсыз?

– Маңызсыз заң деген болмайды, заңның бәрі маңызды. Сауалыңызға жауап ретінде мен өзімнің Жолдауларымда және Ұлттық құрылтайдың отырыстарында бастамашылық етіп, қабылдануына түрткі болған бірқатар заңды атап өтейін.

Ол заңдар қоғам өкілдерінің, сарапшылардың белсене қатысуымен әзірленді және сонысымен маңызды. Осының өзі мемлекет пен азаматтық қоғамның заңнамаларды жетілдіру жолында тиімді серіктестік орната алатынын көрсетеді.

Мысалы, әйелдердің құқығын қорғауға және балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арналған заң қабылданды. Бұл құжатта тұрмыстық зорлық-зомбылық сияқты, турасын айтқанда, масқара әрекеттердің тамырына балта шабу көзделген. Әйелдер мен балаларға қатысты қандай да бір зорлық-зомбылық жасағандарға жаза күшейтілді. Оған қоса, жас балаларды өлтірген немесе зорлаған адам өмір бойы бас бостандығынан айырылатын болды. Кәмелетке толмағандарды басынып, мазақ қылғандар енді әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Бұл талап алғаш рет заң жүзінде бекітілді.

«Келешек» атты бірыңғай ерікті жинақтаушы жүйенің заңнамалық негізін қалыптастыру үшін көп жұмыс атқарылды. Онда жинақталған қаржыны Қазақстанның және шетелдің колледждері мен жоғары оқу орындарында білім алу, сондай-ақ тұрғын үй алу үшін жұмсауға болады.

Азаматтардың үсті-үстіне несие алып, қарызға батуына жол бермеуді көздейтін заң қабылданды. Соған сәйкес несиесін 90 күннен артық уақыт төлей алмай жүрген адамдарға кәсіпкерлікке қатысы жоқ несие беруге тыйым салынды. Сондай-ақ адамдар несие алуға өзіне өзі тыйым сала алатын болды. Медицина қызметкерлерін құқықтық жағынан қорғау шаралары күшейтілді, оларға берілетін әлеуметтік кепілдіктер жақсарды. Балалар мен жастардың арасында жаппай тарап, нағыз індетке айнала бастаған вейптерді сатуға және таратуға тыйым салынды.

Есірткі өндіргені үшін берілетін жаза қатайды. Ондай қылмыс жасағандар 15–20 жылдан бастап өмір бойы бас бостандығынан айыруға дейін жазаланады.

Есірткіні белгілі бір жерге тығып кететін курьерлер мұндай қылмысты алғаш рет жасаса және әрекетінің салдары ауыр болмаса, 5 жылдан 8 жылға дейін бас бостандығынан айырылады.

Лудоманиямен күреске қатысты заң күшіне енді. Құжатта букмекерлік кеңселер мен тотализаторлардың жарнамасына едәуір шектеу қойылды, кәмелетке толмағандарды құмар ойынға тартқаны үшін әкімшілік жауапкершілік белгіленді, аты-жөні борышкерлердің бірыңғай тізіміне енгізілген адамдардың құмар ойын ойнауына тыйым салынды. Бұл шаралар талай шаңырақты шайқалтқан, адамдарды қылмыс жасауға, өзіне қол жұмсауға итермелеген ойынқұмарлықтың таралуымен күресуге арналған.

Тағы бір маңызды заңнамалық жаңалық – бұзақылық және вандализм жасаған, біреудің мүлкін қасақана бүлдірген адамдарға берілетін жаза қатайды.

Мұның бәрі қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету және заң талаптарына бағынатын азаматтардың құқығын қорғау тұрғысынан маңызды.

Сонымен бірге заңнамалық толықтырулардың нәтижесінде 2025 жылдың 1 шілдесінен бастап қылмыстық, әкімшілік және азаматтық істер бойынша үш дербес кассациялық сот жұмыс істей бастайды. Осылайша, азаматтар мемлекеттік органдар тарапынан бұзылған өз құқықтарын қорғай алады.

Былтыр көптеген маңызды заңнамалық бастамалар жүзеге асырылды. Алайда заңның қабылдануы істің басы ғана, сол заңдардың іс жүзінде жұмыс істеуі одан әлдеқайда маңызды екенін түсіну керек.

Бұл ретте, заң талаптары қоғамның сұранысына сай болса ғана сақталады. Сондықтан біз биыл да халықтың үміті мен мүддесін және елімізді дамыту жолындағы басымдықтарды негізге ала отырып, құқық қорғау жүйесін жетілдіру жұмыстарын жалғастырамыз.

Сіз реформалардың үздіксіз жалғасатынын бірнеше рет айттыңыз. Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің алғашқы форумында елімізді одан әрі жаңғырту үшін тың бастамалар көтеріліп, шешімдер қабылданатынын аңғарттыңыз. Бұл қандай бастамалар? Саяси реформалар жалғаса ма?

– Соңғы бес жыл бойы жүргізілген реформалар –азаматтарымыздың негізгі сұранысы мен мемлекеттің ұзақ мерзімге арналған мүддесіне негізделе отырып мұқият ойластырылған стратегия. Оның саяси астары жоқ.

Негізгі саяси реформалар жасалып бітті. Оның бәрі қоғамда жан-жақты талқыланып, ақырында көпшіліктің қолдауына ие болды.

Соның арқасында негізгі саяси институттардың бәрі ашық әрі тиімді бола түсті, билік тармақтары арасындағы тепе-теңдік және тежемелік жүйе күшейді, ең бастысы, азаматтардың саяси өмірге белсенді араласу мүмкіндігі едәуір артты.

2022 жылғы маусым айында өткен референдумның нәтижесінде Конституция баптарының үштен бірі жаңарғанын қаперге сала кетейін. Мұның өзі реформаның қаншалықты ауқымды екенін көрсетеді. Қазіргі таңда көптеген реформа іс жүзінде жүзеге асырылып жатыр. Біздің бағытымыз айқын, мақсатымыз белгілі. Соған сәйкес, алғашқы нәтижелер де бар. Бірақ реформа – ұдайы жүретін үдеріс. Қоғамда нақты сұраныс болса, жаңа реформалар әзірленеді. Реформалар елді өркендету ісінің ажырамас бөлігі болған, бола да береді.

Мен халыққа Жолдауымды жариялағанда мемлекетімізді одан әрі дамытуға қатысты тың бастамалар ұсынамын. Ұлттық құрылтайдың отырыстарында азаматтардың көкейіндегі өзекті мәселелерге баса назар аударып жүрмін. Биыл да солай болады.

Қазақстанды парламенттік басқару жүйесіне көшіру үшін іргелі реформа дайындалып жатыр деген ақпарат тарады. Шынымен солай ма?

– Әрине, парламенттік басқару жүйесі де жұмыс жүргізуге қақылы. Бұл жүйе Еуропадағы, тіпті Азиядағы бірқатар елде әбден орнығып, тамырын тереңге жайған. Бірақ биліктің әмбебап формуласы жоқ.

Әр мемлекет саяси жүйесін таңдаған кезде төл тарихына, ұлттық болмысына, саяси тәжірибесіне сүйенеді. Менің аппаратым әлемдік тәжірибені мұқият зерделеп жатыр.

Посткеңестік елдерде парламенттік басқару жүйесі жақсы қырынан көріне алған жоқ деген пікірге келісесіз деп ойлаймын. Грузиядағы соңғы оқиғалар осы пайымға нақты дәлел бола алады.

Мемлекеттік биліктің саяси жүйесін таңдау – айрықша жауапты шешім. Мұндай шешімдер үркердей топтың оңаша басқосуында емес, тек қана жалпыхалықтық референдумда қабылдануы керек. Менің «Күшті Президент – Ықпалды Парламент – Есеп беретін Үкімет» атты тұжырымдамам Қазақстанның саяси жүйесіне ең қолайлы тұжырымдама екеніне сенімдімін. Бірақ оны толығымен жүзеге асыру үшін біз әлі талай жұмыс істеуіміз керек. Президенттік басқару тәсілі Қазақстан үшін қазір де, таяу кезеңде де ең ұтымды тәсіл деп сенемін.

Мемлекетіміздің тұрақты әрі орнықты дамуына зияны тиетін шешім қабылдауға менің де, сіз бен біздің де еш қақымыз жоқ.

Мұндай мәселеге байланысты қателікке жол беруге болмайды. Түптеп келгенде, Конституцияға енгізілген өзгерістің бәрі – Парламенттің реформалануы, ауыл, аудан және қала әкімдерінің сайлануы, Ұлттық құрылтайдың құрылуы және, ең бастысы, заң үстемдігінің басымдыққа айналуы – осының барлығы саяси тоқырауға ұшырамауға сенімді кепілдік береді.

Елімізде мерзімінен бұрын парламент сайлауы бола ма? Бұл туралы қазір жиі айтыла бастады.

– Мұндай болжамдар бар екенін білемін. Бұл ақпарат әдейі таратылып жатыр деп ойлаймын.

Біздің елде жаңа Үкімет жұмысына кіріскен бетте оның отставкаға кететіні туралы әңгіме тарайды. Парламент туралы да дәл солай деуге болады.

Мен Парламент депутаттары азаматтық және саяси жауапкершілік танытып, жақсы жұмыс істеп жатыр деп ойлаймын. Ал Үкімет – ауыс-түйіске бейім құрылым. Оның құрамында түрлі жағдайға, оның ішінде «Amanat» партиясының және Парламенттегі басқа да партиялардың ұстанымына байланысты өзгерістер болуы мүмкін.

Меніңше, Парламент сайлауын мерзімінен бұрын өткізуге әзірге еш негіз жоқ. Сайлау заңда белгіленген мерзімдерге сәйкес өтеді.

Парламент өзіне тиесілі мерзім аясында қызметін атқаруға құлықты. Ал Үкімет бекітілген бағдарламалар мен жоспарларға сәйкес әрекет етіп, оң нәтижеге жету үшін жұмыс істеп жатыр.

Стратегиялық міндет – тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуды қамтамасыз ету, еліміздің өңірдегі көшбасшы мәртебесін нығайту.

Әркім өзінің жеке басының жағдайына қатысты мәселелерге көбірек мән береді. Таяу арада азаматтардың талап-тілегіне, қалауына сай келетін қандай жобалар қолға алынбақ?

– Біздің реформаларымыздың, экономиканы дамыту үшін қабылдап жатқан шараларымыздың бәрі азаматтардың әл-ауқатын жақсартуды, тұрмыс сапасын арттыруды көздейді. Басқа мақсат жоқ, бұл – Үкіметтің ең басты міндеті.

Былтыр жазда 2029 жылға дейінгі Ұлттық инфрақұрылым жоспары қабылданғанын қаперіңізге сала кетейін. Онда жалпы инвестиция көлемі 40 триллион теңгеден асатын 200-ден астам жобаны жүзеге асыру қарастырылған.

Биыл ұзындығы 836 шақырым болатын «Достық – Мойынты» темір жолының екінші желісі салынып бітеді. Бұл жоба еліміздің көлік-транзит инфрақұрылымын түбегейлі өзгертеді. Осы бағыттағы темір жолдың жүк тасымалдау мүмкіндігі 5 есе артады, контейнер пойыздары жүкті бұрынғыдан едәуір жылдам жеткізетін болады. Бір айта кетерлігі, мұндай ауқымды жоба алғаш рет өз жобалаушыларымыздың, инженерлеріміз бен құрылысшыларымыздың күшімен жүзеге асырылды. Сондай-ақ Алматы бекетін айналып өтетін темір жолдың құрылысы аяқталады. Бұл жоба Алматы темір жол торабына түсетін салмақты едәуір азайтып, жүк жеткізу мерзімін қысқартады. Жолаушылар тасымалының сапасын арттыру үшін вагондар жаңартыла береді. Биыл энергетика саласында жалпы қуаты 600 мегаваттан асатын ірі жобаларды жүзеге асыру жоспарланған. «Жасыл энергетика» саласы да зор серпінге ие болады. Шетел инвесторларымен жел, күн және су электр стансаларын салу туралы келісімдеріміз бар.

Теңіз кенішін келешекте кеңейту жобасының құрылысы аяқталады. Мұнай өңдеу, мұнайгаз-химия саласын дамыту ісіне баса назар аударылады.

Атап айтқанда, Ақтау битум зауытының өндірістік қуаты арта түседі. «Талдықорған – Үшарал» магистралды газ құбыры, «Жаңаөзен – Ақтау» газ құбырының төртінші желісі, сондай-ақ Атырау облысындағы автоматтандырылған газ тарату стансасы пайдалануға беріледі.

Машина жасау саласын дамыту жұмыстары да жалғасады. Әлемге әйгілі брендтерге тиесілі автокөліктер құрастыратын жаңа өндіріс орындары іске қосылады. Қостанайда іштен жану қозғалтқышына қажетті шойын құймалар және жетекші белдемнің бөлшектері шығарыла бастайды.

Экономиканың дамуына зор серпін беретін ірі инфрақұрылым нысандарын салуға Ұлттық қордың қаражатын жұмсауға болады, дұрысы, жұмсау қажет деп санаймын. Бұл қор ақшаны шетелдің қаржы институттарында қаттап-шоттап сақтау үшін емес, осындай мақсаттарға жұмсау үшін құрылған жоқ па?!

Мемлекет тұрғын үй құрылысы саласын одан әрі дамыту, баспаналарды қолжетімді ете түсу үшін шаралар қабылдайды. Кезекте тұрған азаматтарды жалға берілетін тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін тиісті жұмыс жалғасады. 2029 жылға дейін жыл сайын 10 мың адам осындай баспанаға ие болады деп жоспарланған. Мен жақында тұрғын-үй саясатына қатысты түзетулер енгізілген заңға қол қойдым. «Отбасы банкі» баспанаға мұқтаж адамдарды «бір терезе» қағидаты бойынша тізімге алумен және оларға баспана бөлумен айналысатын толыққанды даму институтына айналады.

Әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту мәселесіне де баса назар аударылады. Ауылдағы денсаулық сақтау жүйесін жаңғыртуға арналған ұлттық жобаның аясында ауылдық жерлерде медицина нысандарын салу жұмыстары жалғасады.

Елімізде 460 мың оқушыға арналған 217 жайлы мектеп салу жоспарланған. Оның 105-інің құрылысы аяқталды. Мақсатымыз – апатты жағдайдағы және үш ауысыммен оқытатын мектептер мәселесін, сондай-ақ мектептегі орын тапшылығына қатысты түйткілдерді толығымен шешу.

Бір ай бұрын 2025–2027 жылдарға арналған Республикалық бюджет қабылданды. Құжатта әлеуметтік бағыт басты басымдық ретінде сақталды. Онда денсаулық сақтау, білім беру саласына және әлеуметтік қажеттіліктерге өте қомақты қаржы қарастырылған.

Цифрландыру ісін қолға алып, жасанды интеллектіні енгізбесек, халықтың тұрмыс сапасын жақсарту мүмкін емес екені қазірдің өзінде түсінікті. Еліміз болашақта осы салада не істей алады?

– Азаматтарымыз мемлекет тарапынан көрсетілетін қызметтерді цифрландыру ісінің артықшылықтарын жақсы біледі. Электронды үкімет сайтындағы қолжетімді қызметтердің тізімі үнемі толықтырылып келеді.

Біріккен Ұлттар Ұйымының рейтингісінде Қазақстан Е-government-ті дамыту көрсеткіші бойынша әлемде 24-ші орын иеленді. Бұл – тәуір нәтиже, бірақ оған тоқмейілсіп, арқаны кеңге салуға болмайды.

Көрсеткіштерді барынша жақсарту керек. Мен мұны Үкіметке жиі айтып отырамын. Бұдан бөлек, еліміздегі банктер де адамдардың күнделікті тұрмыс-тіршілігін едәуір жеңілдете түсу үшін өздерінің цифрлық экожүйесін қалыптастырып жатыр.

Қазақстаннан экспортталатын ІТ-қызметтер саны артып келе жатқаны көңіл қуантады. Astana Hub табысты жұмыс істеп тұр. Бұл технопарк бір жарым мыңнан астам компанияның басын біріктіреді. Оның үштен біріне жуығы – шетелдік компания. Осылайша, еліміз жаһандық цифрлы көшпенділер үшін қолайлы мемлекетке айналып келеді.

Қазақстан Еуразия кеңістігіндегі ең ірі цифрлы хабтың бірі бола алады. Оған мүмкіндігіміз толық жетеді. Ол үшін жасанды интеллект технологияларын дамыту керек.

Болашағы зор жобалар қазірдің өзінде бар. Мысалы қазақ тілінің KazLLM атты цифрлы тіл моделінің алғашқы нұсқасы жасалды. Бұл – қазақ тілінде ойлап, сараптама жасап, қазақша сөйлесе алатын жасанды интеллект. Осы бағыттағы жұмыстар жалғаса береді.

Жыл соңына дейін жасанды интеллектінің Alem.AІ атты халықаралық орталығы ашылады. Бұл орталық инвестиция тартатын, әлемдік тәжірибені және инновацияларды енгізетін орынға айналуы керек.

Таяу жылдарда жасанды интеллект өте қарқынды дамып, жұрттың өмір туралы ұғымын, тіпті тұрмыс-тіршілігін де түбегейлі өзгертетінін ескерген жөн. Милы машиналар, яғни интеллектісі жағынан адамды он орайтын роботтар пайда болатын күн алыс емес. Оның үстіне бұл роботтар эмпатияға, яғни сезіну және эмоция білдіру сияқты адамға тән қасиеттерге ие болады.

Жастарға мектептерде, колледждер мен жоғары оқу орындарында жасанды интеллект технологияларын қолдана білуді үйрету маңызды.

Былтыр еліміздің 15 университетінде Google компаниясының жасанды интеллект жөніндегі курстары енгізілді. Осы саланың мамандарын даярлау үшін арнайы бағдарлама әзірлеу мәселесі пысықталып жатыр (AI-Sana).

Нейрожүйелердің пайдасы ұшан-теңіз болғанымен, одан туындайтын қатерлер де бар. Мысалы, алаяқтар фото-бейнежазбалар жасап, адамның дауысын келтіру үшін де соны пайдаланады.

Сондықтан көптеген мемлекет жасанды интеллект технологияларының қолданылу аясын заңмен реттеуге кірісті.

Біздің депутаттарымыз да жасанды интеллект туралы заң әзірлеу керек деп бастама көтерді. Осы маңызды жұмыспен тиянақты түрде, мұқият айналысу қажет.

Жасанды интеллектіні жауапкершілікпен қолдану қағидаларын жасап, оның этикалық мәселелерін жан-жақты ойластыру керек.

Бірақ осы саланы реттегенде жасанды интеллектіні шектеуге емес, керісінше, оны дамыту жағына мән берілуге тиіс. Бұл технологияларды кеңінен қолданысқа енгізу орасан зор мүмкіндіктерге жол ашады. Оны қалт жібермей, игілікке жарату қажет.

(Жалғасы бар)