Мемлекеттік тілді міндеттеу қажет деді депутат

0
167

Мәжіліс депутаты Ринат Зайытов мемлекеттік тілде қызмет көрсетуді міндеттеу қажеттігі туралы айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Депутат тұтынушылар құқығын қорғауға қатысты заң жобасын таныстырған Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиевтің баяндамасында мемлекеттік тіл туралы жанама айтылғанын баса айтты.

«Қоғамдағы ең үлкен мәселе осы тілдің айналасында. Баршаңыз осы заңның маңызын айтып отырсыздар. Қарапайым мысал айтайын. Өздеріңіз де әлеуметтік желіден көріп жүрсіздер. Тұтынушы «маған неге мемлекеттік тілде қызмет көрсетпейсіз?» дейді, кейін содан дау шығады, қоғам шулайды. Конституциядан басқа жерде мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру енгізілмейді. Сондықтан заңда нақты жазылу керек. Кез келген Қазақстан аумағындағы орындаушы және сатушы бірінші кезекте мемлекеттік тілде қызмет көрсетуге міндетті деп заңға жазу керек. Менің намысыма тиеді. (…) Маған десе 5 тілде қызмет көрсетсін. Бірақ Қадыр атамыз айтпақшы, өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте», — деді халық қалаулысы Мәжілістің жалпы отырысында.

Сөзінше, тиісті заңда мемлекеттік тілдің мәртебесін анықтап алу керек.

Айта кету керек, осыған дейін Мәжіліс «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» заңның жаңа жобасы мен оған ілеспе түзетулерді бірінші оқылымда мақұлдағанын жазған болатынбыз.

Фото интернеттен алынды.