Мен таңдаған мамандық
“Мамандық таңдау – өміріңіздің бір кірпішін дұрыс қалау”
Хосе Хулиан Марти.
Мамандық… «Мамандық» сөзі латын тілінен аударғанда: «жұрт алдында сөйлеу, жариялау» дегенді білдіреді екен. Болашағымызбен тікелей байланысты, мамандық сөзінің бұлай аударылатынын қазіргі жастардың көбісі біле бермейді. Бұрындары мамандықтың қазіргідей түр-түрі болмаған, әр адамның өз қолынан қандай жұмыс келеді сол жұмысты істеп, өмір сүрген. Ал қазір ше?
Қазір XXI-ғасыр, білім мен ғылымның, жаңа технологиялардың қарқынды дамыған заманы. Заман өзгерген сайын, адам да жетіліп, қоғам дамып, дүниеге түрлі жұмыс, сәйкесінше, түрлі мамандық келе бастады, әлі де олардың шегі көрінер емес. Дегенмен саны бар, сапасы болмаса оның елімізге, өзімізге не пайдасы бар?! Мамандық таңдау деген — өзің айналысқың келетін жұмысты таңдау ғана емес, өзің араласқың келетін ортаны да таңдау.
Біреулер үшін – ол ойға алған арманның орындалуы, отбасы дәстүрін жалғастыру, келесі біреулер үшін – жаңалыққа, дербестікке талпыныс, үшінші біреулерге — әйтеуір бір мамандық алу керек болған соң. Мамандық таңдау – тағдырыңды таңдау деген сөз. Кейінгі өмірде өкінбейтіндей, өз қабілеті мен бейімділігіне сай кәсіп түрін таңдау. Бұл — өте жауапкершілікті және маңызды іс. Мамандықты таңдау үшін, адам ең алдымен өзін, өз бейімділігін тануы қажет. Өз — өзіне «Мен кіммін?», «Осы өмірдегі менің орным қандай?», «Қалай өмір сүремін?» деген сұрақ қоюы керек деп ойлаймын. Мамандық таңдауда әр адам өзінің қызығушылығына, қабілетіне, бейімділігіне, қалауына сүйенуі керек.
Мен таңдаған мамандық әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Филология факультеті, Түркітану және тіл теориясы кафедрасымен тікелей байланысты. Яғни, екі шет тілі мамандығы. Бұл мамандықты неге таңдадым? Қазіргі таңда еңбек нарығында шет тілін білетін мамандарға сұраныс жоғары. Бірнеше тілді меңгерген мамандар қандай орталықтар мен мекемелерде болса да өз орындарын табады. Біздің кафедра студенттері негізгі ағылшын тілімен қоса, француз, неміс, қытай, түрік тілдерін де меңгеріп шығады.
Тіл білу бізге шет елдерге жол ашады. Алған білімімізді шет елдік танымал оқу орындарында жетілдіріп, еліміздің дамуына өз үлесімізді қоссақ бұл үлкен жетістік. Біздің кафедра көптеген шет елдік оқу орындарымен тығыз қарым-қатынаста жұмыс жасайды. Көптеген студенттер академиялық ұтқырлық бойынша шет елдік оқу орындарына жіберіледі. Әрине, ондай бағдарламаларды ұту үшін де, талаптарға сай болу керек. Бірінші кезекте, ағылшын тілінің жоғары деңгейі. Біздің кафедраның білікті оқытушыларының арқасында студенттер тек ағылшын тілін ғана емес екінші шет тілінде жоғары деңгейде меңгерген. Осындай киелі қара шаңырақта білім алып жүрген мен өзімді бақытты сезінем. Әлі талай өз мамандығының хас шеберлерін қанаттандырып ұшыратындарыңыза сенімім мол!
Екі шет тілі мамандығы
303-топ студенті Нысанбеков Ш.
Түркітану және тіл теориясы кафедрасы оқытушылары Әбікенова Ж.Ж.Таубаев Ж.Т.