«Менің досым» дейтін адамдарыңыз бар ма?

0
402

Бұрын досым көп дейтін едім, оным қате екен. Көп болғанда ең кемі алты жеті жақын досым бар деп ойлаушы едім. Бірақ уақыт өте дос деп ойлап жүргендерім жолдас жігіттерге айналды. Кезінде жігіттермен жиналғанда достығымыз мәңгілік болсын деп тілек айтудан шаршамаушы едік, қазір соған күлкім келеді. Жоқ, күлкім келмейді, өкініш билейді.

Қазір бір қалада тұрсақ та сирек кездесеміз, себебі ортамыз бөлек. Кездескенде де сөздің шыны керек жәй “ұят болмасын” кездесулер ғой.

Бір-біріміздің үйімізден шәй ішуді қойғалы қай заман, балаларымыз танымайды. Кезінде көкірек керіп мақтаған достығымыздың бүгінгі күйі осындай.

Бәлкім мәселе мен дос деген сөзді өзімше түсініп, қалғандары да солай түсінеді деп ойлағанымда шығар. Әрине, әрбір адамның өмірінде жаңа достар, жаңа орта пайда болады, ол қалыпты жағдай ғой. Бірақ мен ешқандай жаңа орта немесе жаңа достар біздің достығымызға кедергі болмайды, біз әрқашан бірге боламыз деп ойлаған едім. Шын достық енді сондай болмай ма? Өкінішке орай біздің достық мен ойлағандай берік болмай шықты. Қазір тек бұрынғы дос болған кезіміздегі естеліктер ғана қалды. Ендігі жерде өзімізді бұрынғыша доспыз деп атаудың қажеті жоқ шығар деп ойлаймын.

Әлбетте олардан бөлек жекелеген достарым бар, басқа қалада тұрсақ та хабардамыз, сағынамыз.

Кез-келген уақытта кез-келген шаруамен хабарласа алатын жекелеген сыйлас азаматтар да аз емес. Кластастар, группаластар мен проблема жоқ, олармен ара-қатынас өлгенше үзілмейді ғой.

Ал сіз достықтың белгілері қандай деп ойлайсыз?

Арман РАХМЕТ, қоғам белсендісі.

Facebook жазбасы.

Фото көрнекілік үшін.