Мешіт ішіндегі былықтар: Бұрынғы имамның діндегі шындық пен сұмдық туралы жазбасы
Ес білгелі мен мына дүниедегі өзімнің орнымды іздеп жүрмін. Оны өмір сүріп отырған ортама лайықтағым-ақ келеді. Жеке-дара болмыс иесі болғаныммен, қоғамнан тыс өмір сүре алмайтынымды білемін. Сондықтан осы дүниенің заңдылығын қоғам өміріне таратып отырған жаратылыс ақиқатын іздеуге көп күш жұмсадым.
Таптым ба, таппадым ба, оны да білмеймін: мен анықтаған категориялар кейде ақиқаттың сан қырына түгелімен сай келе бермейді. Мені үнемі қобалжытатын – сол.
Қобалжудың соңында күдік ілесе жүретіні белгілі. Күдікті сейілтуге тырысып, басқа бір жақтан дәлел іздеп қиналасың. Кейде оны тапқандай боласың, кейде ысырап болған уақытпен өлшеніп, мәнсіз өтіп жатқан өміріңмен есеп айырысқандай күй кешесің.
Бірақ о бастан тарамдала ыдырып, тұтастығы бұзылған дүниені қайта қалпына келтіру түптің түбінде нәтиже бермейді. Мұның бәрі соқтықпалы соқпақпен кетіп бара жатқан адамның жан-дүниесін алай-дүлей етіп жатқан ішкі сезімнің сыртқа шыққан өкінішті баяны сияқты болып көрінеді.
Осындай философиялық ішкі толғаныс арқылы ғана мен өзімнің кім екенімді сездіре алмаспын. Сондықтан өмірімнің бір кезеңі жөнінде есеп беруді жөн көрдім.
Осы кітапшаға жазып отырған өмірбаяныма балалық шағымды қыстырған жоқпын. Еміс-еміс есте қалған елес сияқты әлдебір оқиғаларға саналық тұрғыда кесімді шешім айту мүмкін емес.
Сірә, менің өмірбаяным осы кітаптың соңғы парағымен аяқталмайды. Бұдан кейінгі тағдырымды анықтайтын оқиғалардың қалай өрістейтінін де болжап болмайды.
Өмірімнің осы кезеңін баяндайтын кітап жазуға итермелеген бір ғана нәрсе бар. Мен ақиқат жөнінде әлдебір тоқтамға келген сияқтымын. Соған қалай жеткенімді, асығып-аптыққанымды, жол таппай талай адасқанымды, күдік пен күмәннің шырмауына түсіп, жанымның қиналғанын түгел айтуды жөн санадым.
Мұның бәрі – менің тағдырым, менің өмірлік тәжірибем. Сонымен бөліскім келді.
Кеме механигінен молдалыққа айырбастадым
Каспий маңында туып-өскен мен мектепті жақсы нәтижемен бітірген соң, Атыраудағы агротехникалық колледждің кеме механигі бөліміне оқуға түстім.
Бұл менің таңдауым ба, әлде әке-шешемнің таңдауы ма, оның анығын айта алмаймын. Білетінім, жақсы маман болу үшін мұнда да жанымды салып оқыдым, іздендім.
Колледждің соңғы курсында жүріп Құдай туралы ойлана бастадым, пайғамбарлар тарихы жөнінде жазылған кітаптарға қызығушылығым оянды.
Мына дүниені жаратушы Құдайдың «Өзі де рас, сөзі де рас». Бұл ақиқат жөнінде күмән туған емес. Бірақ сол ақиқатты күнделікті өміріміздің моральдық, этикалық ұстынына лайықтау, ақиқаттан тарамдалатын заңдылыққа мойынсұну қалай жүзеге асатыны түсініксіз болып қала бермек. Әрине, бұл мәңгі сұрақтың жауабын іздеген діни-философиялық теориялардың талайы тұжырымдалған. Онда бәрі орын-орнына нақты қойылған болып көрінгенмен, тәжірибеде селкеуі кетіп, үйлесім таппай жатады.
Кеме механигі мамандығына оқып жүргенде осы ой маған маза бермей, Атыраудағы Құспан молда мешіті жанынан ашылған медресеге апарды. Мұнда Құран ілімі, шариғат мәселесімен қатар араб тілін оқытатын алты айлық курстан өттім.
Өзімнің техникалық мамандықтан гөрі гуманитарлық ілімге жақын екенімді осында білдім. Курстық білімді жетік игеріп, медресені үздік бітіріп, бірден Құспан молда мешітінің кезекші имамы қызметіне алындым.
Мен имам қызметін жұртты дінге шақыру ғана деп түсінетінмін. Сөйтсем, бұл істің күйбең тіршілікке қатысты ұңғыл-шұңғылы көп екен. Әсіресе, өлім-жітімге қатысты жоралғыны атқарудың жөн-жосығын қадағалау, марқұмды жуып-шайып ақтық сапарға шығарып салу, одан кейінгі әруаққа арнап ас беру кезінде құран түсіру, құран бағыштау кәдесі түгелімен молдаға жүктеледі.
Мұнда да бірізділік, қалыптасқан ортақ қағида жоқ. «Бұл кәде бұрын былай жасалатын, бұл қайдан шыққан шариғат?» деген сұрақтар туындап, бірі екіншісін терістеп жатқан жұрт.
Мұндай талқылау дін мәселесіне қатысты жиындарда айтылса бір жөн, етжақын туысының қаза болғанына қайғырып отырған отбасының шаңырағындағы дау-дамай кезінде өзіңді ыңғайсыз сезініп кетесің.
Қай тұстан қандай сынау-мінеу айтылады деген алаңдаумен міндетіңе алған шаруаны аяқтап шығасың. Әрине, бұл істің өтеуі бар, әруақтарға арнап оқыған дұғаң үшін марқұмның туыстары ақша ұстатады, көйлек-көншек, костюм-шапан береді. Мұнда да бірізділік, тәртіп жоқ. Бақуат отбасылар «марқұмның әруағы риза болсын» деп дүниесін аямайды, ақшаны молынан береді. Кедейлер молданы құда-жегжат, той-томалақтан ауысқан мата-сатамен қайырады. Құдайдың жолына түсіп, басқаларға исламды уағыздаушымын деп жүрген кез келген молданың көңілі мұндай кезде жабырқап қалады.
Дәл осындай жағдайға тап болмас үшін не істеу керек? Қарап отырсам, мешіт молдалары нәпақа табудың қыр-сырын меңгеріп алыпты. Айталық, «садақада құран оқып бер» деп және басқа да діни жоралғыны атқаруды сұранып мешітке адам келеді.
Имам да пайда тапқысы келеді
Имам алдымен әлгі адамның үсті-басына, киіміне, мініп келген көлігіне қарайды. Егер әлгі адам қымбат машина мініп жүрсе, имам сол мезетте қутыңдап сонымен ілесе кетеді.
Ал бөлшектері шашылып қалуға шақ тұрған жаман машинасы бар «клиент» келсе, мешіттің бас имамы бұл шаруаны тәжірибесіз молдаға жүктей салады.
Имамдар ортасындағы осы бір келеңсіз жайтқа менің қатысым болған жоқ деп айта алмаймын. Атыраудағы Құспан молда мешітінде кезекші имам қызметін аз уақыт атқарған кезде «клиент» таңдаудың әдіс-айласын тез меңгеріп алған мен де талай рет осылай жасадым. Көңілімнің қалауы соқпаған «клиент» келсе, оған басқа молданы қосып жіберуге тырысатынмын. Осылайша өзімнің кезекші имамдық қыз-метімді пайдаланып жүрдім. Бірақ молдалардың осы бір қулығы мен сұмдығы араласып жатқан ісінен жеріне бастадым.
Сірә, бұған екі нәрсе себепші болса керек. Біріншіден, мен тумысымнан байлыққа қызықпаған сияқтымын. Табысы мол кеме механигі мамандығын тастап, ақиқатты іздемек болып молдалықты қалауым осымен байланысты-ау деп ойлаймын.
Сондықтан молда бола жүріп те табыс табудың соңына түсіп кету мені жалықтыра бастады. Екіншіден, 2000-шы жылдардың басында «тәкпіршілер» деп аталатын радикал ағым Қазақстанның батысында кең етек жая бастағаны белгілі.
Олар Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына (ҚМДБ) қарасты мешіт имамдарының әрбір әрекетін терістеп, оларды кәпірге шығарып, тозақтық қылып тастады. Той-томалақ, садақа және басқа да жұрт жиналатын орындарда мешіт имамдарының пендешілік ісін сынап, тіпті кейде келекелі күлкіге айналдырып жіберетін.
Ислам тарихында келтірілген мәліметтерде тәкпіршілердің түп төркіні төртінші халиф Әлидің әскерінен бөлініп шығып, сол кездегі мұсылман мемлекетіне қарсы шыққан бүлікшілерге барып тірелетіні айтылады. Ол кезде бұл бүлікшілерді харижиттер деп атаған.
Алдымен олар Осман халифті кәпірге шығарып, оның өліміне себепші болды. Кейін хазіреті Әлидің өзіне қарсы шығып, оның түбіне жетті. Қазіргі заманғы тәкпіршілер (оларды неохарижиттер деп те атайды) де кез келген мұсылманды «Құдайға серік қосты» деп айыптап, оны кәпір қатарына қосып тастайды.
Ал тәкпіршілердің радикал идеологиясына Ханафи діни мектебінің қағидаттарын ұстанатын мешіт молдалары шыдас бере алмайтын. Көбіне олар тәкпіршілермен болған пікірталаста жеңіліс тауып, жер болып қалып жүрді.
Осындай қиын кезеңде мен тәкпіршілерге қарсы идеологиялық күрестің жаңа айла-тәсілін іздестіре бастадым. Бұл ізденіс мені «Таблиғи жамағатқа» алып келді.
“Таблиғи жамағаттағы” қилы-қызыққа толы күндер мен оқиғаларды келесі бөлімнен оқисыздар.
Тұрарбек ҚҰСАЙЫНҰЛЫ, экс-имам, тәуелсіз дін зерттеуші.
Фото көрнекілік үшін интернеттен алынды.