Мешіттегі оқиғаны полиция тексеруде
“Әмин” деп дауыстап айтқаны үшін мешітте шыққан оқиғаға байланысты мешіт имамы бұл оқиғаның мән жайын түсіндірді деп хабарлайды Democrat.kz. Ақпараттық порталы Otyrar.kz-ке сілтеме жасап.
Берік Шотабеков, Абдуссаттар Сманов мешітінің имамы: «Өзге өңірден келген 10-15 шақты азаматқа намаз алдында имам бірнеше рет ескерту жасаған. Бізде ҚМДБ бойынша, ішкі тәртіп бойынша бүкіл Қазақстан аумағында Ханафи мәзһабында «әминді» іштен айтылады деп ескертілді.
Және де осы ескертуге құлақ аспастан бірнеше рет намазды бұзуға, имамның жұмысына кедергі жасаған азаматқа шыдай алмаған жамағатымыз оны қатты эмоцияға беріліп, қол жұмсап жіберді»
Бүгінде оқиғаның мән жайын полиция тексеріп жатыр. Белгілі болғандай бұл жағдай 12 мамыр күні кешкі 19:00 шамасында орын алған.
Шымкент қаласы ПД баспасөз қызметі: «Оқиға қатысушылары полицияға арызданды. Тағайындалған сараптамалардың нәтижесімен процессуалды шешім қабылданады»
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мешітке келуші жамағатты мешіт ережесіне бағынуға, сонымен қатар құлшылық үйінде сабыр сақтап, көркем мінез танытуға шақырады.
Ескерте кетсек, бекітілген «Мешіт ережесі» бойынша Қазақстан мұсылмандарының ауызбіршілігі мен біртұтастығын қамтамасыз ету үшін еліміздегі намаз бен діни рәсімдер Әбу Ханифа мәзһабы бойынша орындалады.
Фото ашық дереккөзден алынды.