Министр Бейсембаев Білім басқармасына шүйлікті

4 мыңнан астам педагог-шебер қатысқан онлайн-конференция өтті. Конференцияға Алматы қаласынан 275 педагог-шебер шақырылған екен.
Зал лық толы. Түрі таныс, жүзі жылы әріптестермен амандаса жүріп, артқы орындықтардың біріне жайғастым. Әр өңірдің үздік ұстаздары өз тәжірибелерін презентация арқылы ұсынды.
Осылай өтпек пе деген ойымды министрдің қандай өзекті мәселелер бар деген сұрағы бөлді. Орнымнан ұшып тұрып, екі аттап, микрофонға жеттім.
Материалдық-техникалық базаның әлсіздігі, жаңа стандартқа дайындық жайы, басты ресурс — оқулықтар, білім саласында ҚР Конституциясындағы мемлекеттік тілді дамытудың жолдары туралы сұрақтарымды қойдым.
Бұл сұрақтар құрылымдалған конференцияның шырқын бұзды ма, министр Ғани Бейсембаев мырза сұраққа нақты жауап берудің орнына, Алматы қалалық Білім басқармасына шүйлікті.
Сұрақтарым мынадай мәселелерді қамтыған еді:
- Кез келген реформа алдында материалдық— техникалық базаны дайындау: интернет, интерактивті тақта, оқулық, принтер, А-4 қағазы, т. т.
Басты материалдық-техникалық база – интернеттен бастау алады. Конференцияға қатысқан мұғалімдер интернеттің өте әлсіз екеніне көз жеткізді.
- Жаңа стандартқа дайындық: кіріктірілетін пәндерге сай оқулықтар мен мұғалімдер дайындығы.
Кіріктірілген сабақтар оқулығы дайын ба әлде мұғалімдер өздері кітап сұлбасын жасайды деп отыр ма? Мұғалімдер арнайы дайындық курстардан өтті ме?
- Қазақстан Республикасы Конституциясындағы мемлекеттік тілді дамыту туралы концепция Білім саласында бар ма? Бар болса, білім саласында жүйелі түрде қадамдар жасалынып жатыр ма?
– Жайлы мектептер тілі
– Балабақшалар тілі, Балаларға ойынды мемлекеттік тілде ұйымдастыра алмаған бақшалардың лицензияларын қайтару,
– Оқыту тіліне қарамай, Қазақстандағы барлық мұғалімдердің мемлекеттік тілді меңгеруі
– Дене шынықтыру, АӘД, көркем еңбек, музыка пәндерінің қазақ тілінде өтуі сияқты қандай да бір қадамдар жасалып жатыр ма?
Егер бұл бағытта жүйелі жұмыс жүргізілсе, Магнум курьері мен мұғалімнің арасындағы дау болмас еді.
Кешеден бері чаттарда:
«Алтынсарин ҰБА ұйымдастырумен
2 мамыр сағат 10.00 (онлайн) ПЕДАГОГ-ШЕБЕРЛЕРГЕ ақпараттық түсіндіру жұмыстары жүреді» деген хабарландыру толып жүр. Мүмкін ертең менің сұрақтарыма жауап беріп қалар!
Мұғалімдерді зертханалық тәжірибе алаңына айналдыруды қою керек. Алдымен жаңа стандартқа сай материалдық-техникалық базаны мұқият дайындау – кезек күттірмейтін мәселе.
Құрметпен, мұғалім