Бұйрығы орындалмады: Министр Ғани Бейсембаевқа қарамағындағылар бағынбай ма, бұл қалай?

0
4610

Democrat.kz. ақпараттық порталы бірер уақыт бұрын үздік дипломы, магистратураны қызылға бітірген дипломы бар астаналық білікті ұстаздың еден жуып жүргені туралы жазған еді. Сондай сауатты мұғалімнің шәкірт оқытып-тәрбиелеудің орнына еден жуып, нәпақасын тауып жүргені талай кісінің ренішін де тудырған еді.

Өкінішке қарай, ол мақаламызды сол кезде Астана қаласының №97 мектеп-гимназиясының басшысы “сотқа берем, дәлелсіз мақала” деп, алдыртып тастаған-ды.

“Қолымда соттың шешімі бар” деген №97 мектеп-гимназияның басшысы бұл елде мұғалімнің құқығын қорғайтын аудандық, қалалық сот қана емесін, Оқу ағарту министрлігі, Жоғарғы сот, Президент деп аталатын әрбір қазақстандықты қорғауына алатын пәрменді күш иелері барын ескермесе керек.

Біздің сайтымызда жариялауға Астана қаласы №97 мектеп-гимназия басшысы “қарсы болған” сол мәселені өткен аптада Оқу ағарту министрі Ғани Бейсембаевтың өзі назарына алатынын мәлімдеді.

Осы мақала үшін де “Сотқа берем” деп доқ көрсеткісі келетіндерге ескерте кетейік, ең алдымен мемлекеттік тілде жазылған бұл мақаланы үтір-нүктесіне дейін мұқият оқып шығыңыздар. Мақалада аспаннан алынған дүние жоқ! Айтылған сөздің әрбірінің жазбасы, әр сөздің тиісті құжаттары бар.

Тура 10 ай бойы әділдік іздеп әр мекеменің есігін қағып, табалдырығын тоздырған Гүлмира Оралқызы таяуда Оқу ағарту министрі Ғани Бейсембаевтың қабылдауында болғанын айтып, редакциямызға арнайы хабарласты.

“Министр Ғани Бектайұлы бүкіл мәселемді мұқият тыңдап шықты. Сөз соңында қарамағындағыларға төмендегі тапсырмаларды орындауға бұйрық берді.

Бірінші – менің еңбек кітапшама “әдепсіз қылығы үшін” деп басылған Астана қаласы, №97 мектеп-гимназияның мөрінің күшін жоюды;

Екінші – осы уақытқа дейінгі жұмыссыз қалып, ұшыраған материалдық шығынымды толық өтеп беруді;

Үшіншіден – №97 мектеп-гимназия басшысын қызметінен алыстатуды;

Төртіншіден – “Мың көшбасшы” байқауына құжаттарымды қабылдап, мені мектеп директорлығына ұсыну;

Міне, осындай тапсырмалар берген министр Ғани Бектайұлы мұның орындалуына бір апта уақыт берді. Өкінішке қарай, екінші апта болды. Министрдің бір де бір бұйрығы орындалмады”, – дейді Гүлмира Оралқызы.

Мұнан бөлек, әділдікке қол жеткізе алмаған ұстаз Гүлмира Оралқызы құқығын қорғау үшін Жоғарғы сотқа жүгінетінін, Президент Тоқаевтың атына видео-үндеу дайындалып жатқанын да жасырмады.

Кездесуде министр Ғани Бейсембаевтың айтқан әрбір сөзі таспаға жазылып алынған. Біз тыңдап шыққан бұл дыбыстық жазбада Ғани Бектайұлы:

“Мектептің мәселесін шешуді министрге дейін жеткізген мектеп директоры ол орында қалмауы керек. Қаншама адамды әуреге салу – бір ғана директордың жұмысын үйлестіре алмауынан болған. Ондай мектептің басшылары “незамедлительно” мектепте қалмауы керек. Мұғалімді ренжітсеңіздер, мектептің бюджетінен емес, қалталарыңыздағы ақшадан өтемақы төлеңіздер. Гүлмира Оралқызының 10 ай бойы жұмыссыз, ақшасыз қалғаны үшін өтемақыны өз қалталарыңыздан төлеңіздер. Мемлекеттің есебінен төлеуге болмайды. Мұғалімге қысым көрсеткен басшы мектепте қалмауы керек! Бұл – сплошное нарушение закона! Бір апта уақыт беремін, барлығы шешілсін!” деп тайға таңба басқандай анық айтыпты.

Алайда екі аптадан бері министрдің тапсырмасының ешбірі орындалмаған.

Оқу ағарту минстрі Ғани Бейсембаевтың бұйрығын Астана қалалық Білім басқарма басшысынан бастап, Білім бақылау департаменті, министрдің жауапты қызметкерлері неге орындамай отыр? Бұл – министрдің бұйрығын орындауға құлықсыздық па, әлде министрдің сөзін елемеу ме? Бұл қалай болғаны?

Еске салып өтейік, Чукина Гүлмира Оралқызы – Астана қаласындағы №97 мектеп-гимназияда орыс тілі және орыс әдебиеті пәнінің мұғалімі болып жүріп, оқушы қыздарын бейәдеп қылық көрсетіп, әдепсіз сөз айтқан “Актерлік шеберлік” курсының дәріскерінен қорғаймын деп басы дауға қалған-ды.

(Бұл туралы алдағы уақытта қолда бар дәлелді құжаттармен, арнайы сұхбатымыз дайындық үстінде)

Дайындаған – Мәриям КЕНЕСАРЫ.

Фото көрнекілік үшін интернеттен.