Бұл — мұғалімді кәсіподаққа мәжбүрлеп кіргізудің бір жолы емес пе?

0
291

Әлеуметтік желіде «Мұғалімдер күніне» орай берілетін Оқу ағарту министрінің (ОАМ)  грамотасы» талқыға түсуде деп жазады Democrat.kz. тілшісі.

Facebook әлеуметтік желісіндегі «Қазақстан ұстаздары» тобында талқыға түскен бұл тақырып туралы қарастырып көріп, қызықты жайттарға тап болдық.

Біріншіден, министр Ғани Бейсембаевтың қолы қойылған бұл грамота тек 40 жылдан астам еңбек өтілі бар мұғалімдерге беріледі екен.

Екіншіден, грамота берілуі керек кісілердің тізімін кәсіподақ ұйымдары 11 қыркүйекке дейін жинақтаған.

Үшіншіден, мемлекеттік мекеменің грамотасын кәсіподақ сынды қоғамдық ұйым таратпақ.

Төртіншіден, жоғарыда аталған топтағы бүкіл пікірді шолып шықсаңыз, ОАМ беретін бұл грамота «тек өз адамдарына берілетіні» туралы көптеп жазылғанын көресіз.

Сонымен құжатта жазылғандай, ОАМ беретін бұл грамота тек кәсіподаққа мүше мұғалімдерге ғана беріледі екен. Бұл қалай? Кәсіподақ мұғалімнің жалақысынан жарна жинаудан басқа қандай маңызды істер атқаруда?

Естеріңізде болса, көп мұғалім пайдасыз кәсіподақ қатарынан өз еркімен шығып кеткен болатын.

Осы мәселеге қатысты бірнеше ұстаздың пікірін сұрап білдік.

Тарих пәнінің мұғалімі Дінмұхамет Әшенұлы: “Бұл жердегі негізгі мәселе — кәсіподақтан көптеп шыққан мұғалімді кері қайтару сияқты. Мұғалімге грамота керек. Категориясы үшін.

Ал ол грамотаны алғың келсе, кәсіподаққа мүше болуға тиіссің. Грамота алу үшін мұғалімді мәжбүрлеп осылай кәсіподаққа кіргізуді көздеп отыр деп ойлаймын. Ал заңға жүгінсек, уәкілетті органның грамотасын алуға бүкіл мұғалімнің қақысы бар.

Алайда министрлік мұғалімдердің осы құқығын бұзып, кәсіподақтың қолымен от көсеп отыр. Қоғамдық ұйымның министрліктің ісіне араласуға құқығы жоқ”, — дейді.

Елге танымал, тәжірибелі, белсенді ұстаз Өмір Шыныбекұлы кәсіподақтың қоғамдық ұйым екенін айтып: “Кәсіподақтың мемлекеттік мекемелер ісіне араласуға, мемлекеттік мекеме марапаттарын беруге құқығы жоқ.

Интернетті ашып қарасаңыз, елімізде қаншама кәсіподақ барын көресіз. Оның ішінде мұғалімдердің кәсіподағы қаншама. Әр ауданда бір-бір кәсіподақ бар қазір.

Соның бәрі мемлекеттік мекемелердің, министрліктердің ішкі ісіне араласа берсе, не болады? Бардак болмай ма?! Бұның заңдылығын тексеру керек”, — дейді.

“Кәсіподақ — жарнасы мемлекеттік орган тарапынан тексерілмейтін ұйым. Жарғысын солай жасап қойған. Ал мына мәселеде грамотаны кәсіподаққа мүше мұғалімдерге беру арқылы министрлік мұғалімдер арасында алалау жасап отыр деп санаймын.

Кәсіподақта болу-болмау мұғалімнің өз еркіндегі шаруа. Министрлік алғыс хатты кәсіподақ арқылы бергізетін болса, онда мұғалімдерді сол ұйымға кіруге мәжбүрлеу емес пе?

Ал мұғалімді қорғамайтын кәсіподаққа кімнің мүше болғысы келеді? Жалпы, кәсіподақта мектеп директорына тәуелді адам отыратыны бар. Әрине, ондай адам директордың айтқанымен жүреді. Ал ондай ұйымның қажеті бар ма?», — дейді белсенді мұғалім Тілекқабыл Нұрыш.

P.S Естеріңізде болса, ресми ақпараттық сайт ретінде Оқу ағарту министрі Ғани Бейсембаевқа сұрау салып үздіксіз мақала жариялап жүрміз. Өкінішке қарай, бүгінге дейін министрлік тарапынан бір де бір келген жауап жоқ. Білдей білім саласының тұтқасын ұстаған министр мұғалімдердің жанайқайын естімей ме, әлде естігісі келмей ме?

Дайындаған — Мәриям КЕНЕСАРЫ.

Democrat.kz.

Фото көрнекілік үшін интернеттен алынды.