“Министрліктің өзі мектептің көбейгеніне қуанбайды, қайғырады!” дейді білікті ұстаз

Білікті ұстаз, білім саласының белсенді педагогы Аятжан Ахметжанұлы қазіргі қоғамдағы сауатсыздық мәселесі туралы өте маңызды жазба жариялады деп жазады Democrat.kz.
“Бишімбаевтың соты тікелей эфирден миллиондаған адам көрді…
Ары қарай тікелей эфирде ашық сот көру әдетке айналды…
Сәкен ағаның баласының тойы…
Алғашқы тікелей эфирде көрсетілетін той болады. Миллиондаған адам көреді…
Ары қарай бұл да дағдыға айналады. Ол да біраз жарысқа ұласады.
Екеуін де “қолы бос” жұрт талқылап өмір өткізеді.
Одан тыс, жұлдыздардың өмірі, ішіп жегені…
Өзімізде болмаса да өзгенің футболы…
Өспейтін жұрт өнбейтін дау қуады!
Кедейдің күні кіжінумен өтеді, – деп дауласып, кіжініп жүріп жатырмыз.
Әлем ше?
Әлем жасанды интеллекттің жалына жармасып, роботты ерттеп мініп, технологияның тұңғиығына сүңгіп жатыр…
Қолымызда жұрттың технологиясы, батыс азған, шығыс тозған деп қойып, бәрінен мін тауып біз жүрміз…
Біз қашан ғылымға, білімге мән береміз деп бас қатырам.
Тойхана көп!
Ойын хана көп!
Түнгі клуб көп!
Бірақ, біз оған бас қатырмаймыз. Үш ауысымды мектептен құтыла алмай жүріп, жекеменшік мектеп көбейіп кетті масқара деп шулаймыз…
Тіпті салалық министрліктің өзі мектептің көбейгеніне қуанбайды, қайғырады!
Әкімдік шырылдайды, депутаттар мектеп көбейіп кетті деп мінберден шырылдайды!
Мен түсінбей дал болам…
Көбейсе мектеп көбейсін, бәсеке болады!
Бәсеке болған жерде даму болады!
Мектеп шын сапалы болар еді:
Әр сыныпта 20 оқушыдан аспаса!
Әр мектеп толық тек бір ауысымда оқыса!
Әр баланың қызығушылығы мен болашақ даму бағытына жұмыс жасалса!
Әр мектеп заманауи білімге ден қойса!
Сол кезде алаңсыз тойлауға болар еді…
Алаңсыз ойнауға болар еді…
Қазірге ондай күн арман!” деп жазды Аятжан Ахметжанұлы.
Фото көрнекілік үшін.